Тұмаудың алдын алудың тиімді жолы қандай?
Тұмау кезінде адамның дене қызуы көтеріліп, қалтырау, бас пен бұлшық ет, тамақтың ауыруы, жөтелу және әлсіздік пайда болады. Тұмау тез өрбиді және бірнеше күннен 2 аптаға дейін созылуы мүмкін.
Сырқат өкпе қабынуы және бронхит сияқты асқынуларға әкеледі. Сондай-ақ, бұрыннан бар жүрек пен өкпе ауруларын қайта қоздырады. Аурудың алдын алу үшін науқас адаммен байланыста болмауға тырысу, науқас адаммен байланыста болғанда бетперде тағу, инфекция таралмауы үшін қолды сабынмен немесе бактерияға қарсы құралдармен жуу, жөтелгенде және түшкіргенде мұрын мен ауызды бір реттік орамалмен жабу, көп адам жиналған жерде болмауға тырысу және бөлменің ауасын жиі тазарту қажет.
Тұмау мерзімі басталғанға дейінгі ең тиімді әдіс–вакцина салдыру. Ол тұмауды жұқтыруды төмендетіп, оның адамдар арасында таралмауына көмектеседі. Вакцинация қауіпсіз. Екпе салдырғаннан кейін кейбір адамдарда екпе орнында қызару және ауырсыну, бастың және бұлшық еттің ауыруы, дене қызуының көтерілуі, әлсіздік және жүрек айнуы сияқты жанама әсерлері болуы мүмкін. Дегенмен, олар тез жойылады.
Жүкті әйелдің иммунитеті әлсірейтінін ескере отырып, тұмауға қарсы егілу тиімді. Қазіргі тұмау вакцинасы бала үшін қауіпсіз. Алайда, жүктілік мерзімі 14 аптаға жетпесе, екпе салдыруға болмайды.
Вирус ауа-тамшы жолы арқылы таралатындықтан, күнделікті гигиена сақтау, үй ішін уақытылы желдетіп, ауаны тазарту, сондай-ақ, салауатты өмір салтын ұстанып, пайдалы, құнарлы тамақтану қажет. Мұрын мен ауыз қуысын ұдайы тұзды ерітіндімен шайып, су не қант қосылмаған шырындар мен шайды көбірек ішкен пайдалы.
Тұмауға шалдыққанда ауруды таратпау және емделу үшін үйде отбасының басқа мүшелерінен оқшаулану керек. Аурудың алғашқы белгілері байқалғанда-ақ дәрігер шақыру маңызды.Бір реттік орамал пайдаланыңыз. Дәрумендерге бай сұйықтықтар ішіп, дәрігердің нұсқауына сай ем қабылдаған жөн.
Гульмара ИБРАГИМОВА,
Қазалы ауданаралық ауруханасының
жұқпалы аурулар бөлімінің аға мейіркеші