Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Құдайы қонақтың тілегі қабыл

Құдайы қонақтың тілегі қабыл

Қазақ халқының қонақжайлылығы мен меймандостығы алыс және жақын көршілерге белгілі болғаны қашан?! Ұлттың кеңпейілділігі, дархан көңілі өзіне де зиян келтіретіні кезі аз болған жоқ. Алайда қонағын құдайындай сыйлап, күтетін, жылы жұмсағын, тәтті шәрбәтін қонағына беретін қазақы дәстүрден ажырап кете алмаймыз. Қазақ дәстүрінде «құдайы қонақ», «Алла жолаушының тілегін қабыл алады» деген сияқты тәмсілдер халқымыздың қонақ күту мәдениетінің тереңдігін айшықтайды.
Аңызға сүйенсек, Алаша хан ұлдарына ұлан ғайыр жерді мирасқа қалдырып, сол ен байтақ аумақта бір-біріне еркін қатынасып тұру үшін кез келген ұзақ жолдан түскен қонақты ерекше құрметпен қарсы алып, шығарып жолға салуды өсиет еткен. Тіпті үш ұлына берген еншіден бөлек төртіншісін, конақ еншісін де белгілеген деседі. Оны Алаштың бөлінбеген еншісі деп атайды. Яғни, исі қазаққа ортақ несібе. Содан бері қазақ түсінігі бойынша әрбір жолаушы адам – «құдайы қонақ». Оны дәм-тұзымен қарсы алып, ақ төсек салып қондырып, жол мұқтажын беру әр қазаққа міндет саналған. Тіпті құдайы қонақтың қонағасысы берілмесе, сол елдің биіне барып, арыз айтып, кінәлілерден «ат-тон» айып алатын тәртіп болған.
Сөйтіп, құдайы қонақ институты қазақтардың үлкен территорияны емін-еркін жайлап, бір шетінен екінші шетіне қиындықсыз қатынап тұруына мүмкіндік берді.
Құдайы қонақты күтудің өз ерекшеліктері болған. Үйге түскен қонақ ешқашан атпен шауып келмеген. Себебі, мұндай қылық жаманшылыққа бастайды деп есептелінген. Қонақ үйден сәл алыстау жерден аттан түсіп, үйдің артына жақындағанда, «сөйлес» деп үй иелерін шақырады. Үй иелерінің сұрағына «құдайы қонақпын» деп жауап бергеннен кейін, үй иесі оны алдымен есіктен кіргізіп, соңынан есікті жабады. Бұның астарында қонақпен кірген құтты ұстап қалу ниеті жатса керек. Үйден шығып бара жатқанда да қонақты үй иесі алдымен шығаратын болған.
Дала мінез, дарқан қазақ үйіне кім келсе де қуана қарсы алады, құрметтеп күтеді, сыйлайды, сыбаға тартады, мол да кең дастарқан жаяды. Жөні болғанда, мәрті келгенде-ақ сарыбас қойын сойып тастайды.
Жолаушылап келе жатқан сапар үстіндегі адам барар үйін, қонар жайын танысын-танымасын уағы келгенде арнайы барып түседі, түстенеді. Жайы келсе, түнеп аттанады. Үйіне келген қонаққа қазақ халқы әрқашан қабақ шытқан, қыржиған пенде емес. Қайта үйіне қонақ келсе қуанады, кең құшағын жаяды. Жарқылдаған жайдары қабақпен қарсы алады, танымайтын болса, танысады, жақындап ағайындасады. Айтылмаған сөзді айтады, ашылмаған сырды ашады. Сөйтіп, жанына жақын тартып, тұтасып, туысып сырласып дос болып кетеді. Ал танитын адам болса, емін-еркін әңгіме-дүкенін құрады, өткен-кеткенді айтысып, бір жырғап қалады. Арнайы шақырмаған, бұйрықша келген осындай қонақты казақ «құдайы қонақ» деп атайды.
– Қазақтар құдайы қонақты әсте ренжітпейді. Өйткені құдай айдап келген конақтың дәмін біздің шаңырактан, дастарқаннан бұйырған, дәннен, дәмнен қызғануға болмайды, астан үлкен нәрсе жоқ, ризық жолынан асқан жақсылық болмақ емес, құдайы қонақтың артына «Қызыр іледі» деген наным бар. Құдайы қонақ қуанып, қонып, риза болып аттанса, Қызыр қолдайды, ал ренжісе, Қызыр шамданады, үйден бақ таяды, дастарқаннан ас айниды деп қорқады. Оны адам шақырған жоқ, атаның асы шақырды деп ұғады, – дейді Қазақ ұлттық әдет-ғұрып, салт-дәстүр академиясының академигі Болат Бопайұлы.
Ұлттық мінез бен ділдің қалыптасуына діни құндылықтар мен салт-дәстүрлердің ықпал ететіндігін есепке алсақ, ұлттық ділдің қайнар көзінің бірі ретінде ислам құндылықтарын айтсақ болады. Пайғамбардың (с.ғ.с.) қонақ күту, жолаушыға қызмет ету, оның батасын алу туралы хадистері жетерлік. Мәселен, «Кім Аллаға және қиямет күніне иман келтірсе, қонағын күтсін» (Бұхари), «Күмәнсіз үш кісінің дұғасы қабыл болады: әкенің балаларына еткен дұғасы, қонақтың дұғасы, зұлымдыққа ұшыраған кісінің дұғасы» (Бұхари, Мүслим) деген сияқты тағылымдар қонақ күтушінің де мәртебелі болатынын еске салады.
Сондықтан да қазақ «Құдайы қонақ» десе, тік тұрып күткен. Құдайы қонақ дегеніміз, алыс-жақын сапарға шыққан жолаушы. Хадисте айтылғандай қонақ күткен адам, оның батасын алып қалуға да тырысады. Себебі қонақ күткені үшін оған сауап жазылады, ал оның батасы мен алғысын алып жатса, берекелі ғұмыр кешеді.

Дайындаған
С.БАЙЖАН
27 қыркүйек 2022 ж. 551 0

Мен өмірді қалаймын

06 қараша 2024 ж. 14

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.
Атамның әңгімесі

Атамның әңгімесі

03 мамыр 2024 ж.
Кіндік шешеңіз кім?

Кіндік шешеңіз кім?

12 наурыз 2024 ж.
Көнеден қалған мұра

Көнеден қалған мұра

20 ақпан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930