Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » » Дәм таттыру дарақылық па?

Дәм таттыру дарақылық па?

Жайлауында жүрген жігіт бағып қой,
Дос келді деп жасап жатыр анық той, – деп өмірін меймандостыққа арнаған қазақ үшін қонақ күту әдебі салт-дәстүрінің бірегейі, сондай-ақ қарым-қатынас құралын айқындайтын ерекше қасиеттің біріне саналады. Алайда осындай даналықты дарақылыққа балап, үлгілі үрдісімізден ажырап бара жатырмыз.

Дала әдебі
Тарихқа үңілсек, ұлтты ұйыстырған ұлық дәстүр зерттеушілер мен шетелдіктерді таң қалдырған. «Қонақ келсе, құт келер» деп соңына сөз қалдырған этникалық болмыста есіктен енген әрбір адам дәм татып, тынығып, шат-шадыман күймен аттануы міндеттелген. Тіпті салт-дәстүр зерттеушілері атаның балаға қалдыратын мұрасының бір бөлігі қонаққа тиесілі енші саналғандығын айтады.
Дала халқының қонақ күтуінің өз әдебі қалыптасқан. Оған тілдік қорымыздан көптеген сөздерді келтіруге болады. Ауыз әдебиетіне зер салсақ, бірде Сырым батыр үйіне қонып отырған қадірменді қонағы Төленді биден:
– Биеке, қазақтың қонағы неше түрлі болады?, – деп сұрапты.
– Қазақтың қонағы төрт түрлі болады: біріншісі – арнайы қонақ, екіншісі – құдайы қонақ, үшіншісі – қыдырма қонақ, төртіншісі – қылқыма қонақ.
– Ал оны қалай айырамыз? – дегенде:
– Арнайы қонағымыз, алыстан арнайы келген жақын туыс, нағашы, жиен, құда, күйеу, қайын сияқты жекжатың немесе сүйікті достарың, жақсы жолдас-жораң. Міне, бұл – нағыз сыйлы қонағың.
Құдайы қонағымыз, өзің танымайтын, білмейтін шалғай елден, алыс жерден жолаушылап жүріп, ат басын тірей қалған тосын да бөгде қонақ. Міне, бұл – нағыз сауап қонағың.
Қыдырма қонағымыз – ерігіп те, желігіп үйден-үйді, ауылдан-ауылды кезіп, сөз аңдып, өсек теріп, қымыз ішіп, ет жеп жүрген сандалма қонақ. Міне, бұл – нағыз далбаса қонағың.
Қылқыма қонақ – үй арасындағы, ауыл ішіндегі түтіні түзу шыққан үйді торып, өзінің құлқыны үшін аузына тигенін қылқытып жіберіп, басы ауған жаққа тарта беретін көлденең қонақ. Міне, бұл – нағыз сұғанақ қонағың, – депті, көпті көрген көне би Төленді қарт. Бұдан артық анықтамалықтың қажеті шамалы.
Сыр бойындағы Дошымбет би бір жолы жолаушылап жүріп, Кенжебай деген кісінің үйіне ат басын тірейді. Бір атты тоғыз нарға айырбастап алған, қисапсыз малы бар бай үйіндегілер қонақ келгенде ауқаттанып болған екен. Қонағына быламық көжені ұсыныпты. Сонда Дошекең табағын алдына алып, былғап-былғап, іргедегі сары тазының алдына қоя салып, теріс қарап ұйқыға жатыпты. Ерте тұрып, дорбасындағы азығын жеп, аң аулауға кетіп қалады.
Арада біраз уақыт өтпей бір аста кездеседі. Сонда замандасы, халық ақыны Байназар Өтеповке Дошымбет: «Байназар, үйге келіп, қонақасы жеп кет. Кенжебай ағам да қалмасын», – деп атына мініп, кете барыпты.
Межелі кез жеткенде екі-үш адам Дошекеңнің үйіне барып, өздеріне арнайы сойылған үлкен қойдың майлы етіне әбден қарындары тойыпты. Үй иесі «алдырыңдар, алдырыңдар!» деп қолқалағанымен, меймандар асқа тойғанын айтып, ризалығын білдіреді. Осы кезде Дошымбет қолына дырау қамшысын алып: «Өзің бермейсің, берсем жемейсің», – деп Байназардың арқасын осып-осып жіберіпті. Әп-сәтте не болғанын түсінбеген Байназар: «Ау, ағайын, менің не жазығым бар?», – десе, «Ұялған тек тұрмас» дегендей, әңгімеге Кенжебай араласып: «Байеке, бұл сенің емес, менің арқама тиген қамшы. Кешіріңіз», – деп ат-тон айыбын өтеп, мал сойып Дошымбет бастаған бір топ адамды күтіп, қонақ еткен деседі.

Қойдан жуас
Ертеде қонақ күтуде ас беріп, ас та төк мал шығындалса да олардың орны, сауапты амалы болған. Қазақ әр қонаққа өзінше күтім жасаған. Алайда даңғойлыққа салынып, ысырапшылық жасап жүрген көріністерді соңғы жылдары көптеп кездестірдік. Үйлену тойына жалданатын шетелдік көлік, отбасымен өзге елдерде қыдыру, гауһар таспен көмкерілген көйлектер, алтын шашу, қазалы дастарқан мәзірін тойдан көрікті етіп сәндеу сынды көріністер біз айтып отырған меймандостық емес, құр малшашпақ әрекет. Бұл бүгінгі көрініс. Сипаты өзгерген салт көбіне есепке құрылады. Ал шын көңіл кейінгі орында қалып жатады. Қазіргі күнде көршіңнің, тіпті өз ағайын-туысыңның үйіне де ретсіз, бейбастақ бара алмайсың. Алдымен телефон шаласың, жағдайды бақылайсың, сонаң соң барып әрекет жасауға көшесің. Бұл уақыт аз мерзімде заман қалыптастырған дағды.
Жақында таныс отбасында болған бір оқиғаны тақырып арасында қиюластыруды жөн деп таптым.
Алыс ағайындарымыздың үйіне қонаққа келген қайынсіңлісін жеңгесі жақтырмай жатқан жағдайға куә болдым. Үйдегі бір әрекетке араласқан қызға жеңгесі: «Қыз болса, тыныш отырсын. Бұл менің шаңырағым. Мен қай нәрсені қайда қоятынымды өзім білемін. Егер бір затты таба алмай қалып, қайынсіңлімнен көрсем, енеме де, күйеуіме де жаман. «Қыз – қонақ» деген. Қонақ қойдан жуас болуы керек», – дегені бар. Орынсыз дау-жанжал болса да, астарынан көп нәрсені ұғындық, қыз төркініне, ер туып-өскен шаңырағына баруда өз орнын білуін топшыладық. Осындайда Мөңке бидің «Шақырмаса, көршің үйге кірмейді» деген болжамы ойыңа оралады. Алайда солай екен деп, жақын-жуықтан қол үзуге болмайды. Қонақ күту бірліктің бастамашысы. Халқымыздың мұндайда «Алмасаң, бермесең сарт боласың, бармасаң, келмесең жат боласың» дейтіні бар.

Қонақ күтуден қорықпа
Соңғы он жылда тойлардағы тойымсыздық елді әбігерге салды. Бұл беталды бассыздыққа карантин талаптары тосқауыл болды. Бүкіләлемдік пандемия біздің санаға да өзгеріс енгізіп, шынайы құндылықтарды қаттатты. Ысырапқа тойтарыс беріп, шағын шығынмен қонақ күтуге болатын үрдіс үлгісін енгізді. Өткен жазда тұрмыс құрған екі қызбен кездескенімде, олар өз тойлары көңілден шыққандығын айтты. Бір қызығы, қос қалыңдық той мен ұзатуға бір ғана көйлек кигенін білдім. Үйлерінен шығарда ақ көйлектің сыртына оқалы камзол кисе, күйеу жігіттің үйіне келгенде ақ көйлектің өзі той киімі болған.
Жастардың өзі де аста-төк шаш-етектен төгілген шығынды шығаруға құлықсыз. Қазір артық дүниеден арылып, ықшам, ысырапшыл қонақ күту дағдысы қалыптасты. Оны ешкім сынамайды. Демек қымсынбай қонақ күте беріңіз. Себебі, мейман шақырудың көптеген артықшығы бар.
Біріншіден, қонақ келген үй тазаланады. «Тазалық – иманның жартысы» дейді. Иманы бар үйге ырыс келеді, шаңыраққа періште ұялайды. Екіншіден, қонақ күту дұрыс бәсекелестіктің бір көрінісі. Егер қонақ күтпейтін болсақ, қазіргі тұтынып жатқан жиһаз, мүлік, ыдыс-аяқ, киім, тіпті үйдің өзі болмас еді. Яғни бұл қажеттіліктің алғышарты. Үшіншіден, қазақтағы «абырой» сөзі басты ұстаным болса, қонақ күткен үй сыналғанымен бірге, бәсін биіктетеді. Үй иесінің мерейі артса, отанасының шеберлігі, сыйластығы танылатын мүмкіндіктер алаңы. Төртіншіден, келушілерге қонақ дастарқаны – туған-туыс, айнала, елдегі әлеуметтік жайлар қаузалатын орын. Мұндайда көптеген мәселелер түйіні тарқатылады, тарихи, өткен күндерден естеліктер айтылады. Бұл жас ұрпақтың саналы адам болып қалыптасуына көп ықпалын тигізеді. Бесіншіден, «Баталы құл арымас» деген жақсы сөз бар. Бата берілетін жер, әдетте, шаңырақ, яғни қонақ келген кез. Алтыншыдан, қонақжай адамның досы, туысы, жанашыры да көп болатыны сияқты, өзі бір жерге сапарлап шықса, түсетін үйі де болады. Жетіншіден, қонаққа кеткен шығын өзін ақтайды. Дастарқананнан қалған ас-дәмді бірнеше күн азық етуге болады. Сондай-ақ келесі жолы қандай нәрсені жасауға болмайды, қайсысын жасаған жеңіл, тиімді, тойымды деген сынды тәжірибені қалыптастырады.
Ұлық Пайғамбарымыз Мұхаммед саллалаһу аләйһи уә сәлләм бір өсиетінде: «Кім өзінің қонағына сый-құрмет көрсететін болса, жетпіс пайғамбарға құрмет көрсеткендей болады. Кім қонағына бір дирхам ақшасын жұмсайтын болса, Алла жолында мың дирхам жұмсағандай болады»деген екен. Үйге жылан кірсе де, басына ақ құйып шығарып салатын көркем пейіліміз құнын жойып бара жатқан тұста, өнегелі үрдісті жалғастырып, дамытудың қажеттілігін көрсетіп келеді.

Алтын ҚОСБАРМАҚОВА
24 шілде 2021 ж. 663 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930