Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Үштік одақ бала бақытын көздейді

Үштік одақ бала бақытын көздейді

Заман ағымына сай балабақшадағы бүлдіршінге тәрбие беруді, мектеп шәкіртін білім нәрімен сусындатудың әдісін жетілдіріп отыру керек. Мұндайда әсіресе, ұстазға күш түсетіні белгілі. Бірақ тәрбиесі мен білімі толысқан, оны елдің келешегі үшін жұмсауға ынтық тұлғаны қалыптастыру бірлесе жұмыс істеуді талап етеді. Осы ойдың жетегімен сенбі күні аудандық білім бөлімі ұйымдастырған «Әке жолы – ізгі жол. Ана мейірімі» атты «Ата-ана – мектеп – оқушы» үштік одағының облыстық форумын өткізді.
Балалар жылы аясында Е.Бозғұлов атындағы №249 мектеп-лицейде өткен тағылымды шараға аудан әкімі Мұхтар Оразбаев, облыстық білім басқармасының техникалық және кәсіптік білім бөлімінің басшысы Бекжан Есенбаев, аудандық ұстаз-ардагерлер төрағасы, ата-аналар кеңесінің төрағалары, мүшелері, білім беру ұйымдарының басшылары мен тәрбие мамандары қатысты.
Алқалы жиын «Ұрпақтар сабақтастығы – ұлттық құндылық» прологпен басталып, LED экран арқылы «Ата-ана – ұстаз – оқушы: болашаққа бағытталған ынтымақтастық» идеясын беретін үштік одақ туралы бейнеролик көрсетілді. Мұнан соң аудан әкімі сөз алып, форум жұмысын ашып берді.
– Отбасы – мемлекеттің іргетасы, адам баласының өсіп-өнер, қанат жайып түлеп ұшатын алтын ұясы. Сондықтан да әрбір ата-ана отбасында мейірімділік пен адалдық, адамгершілік пен тектілік секілді асыл қасиеттерді балаларының бойына сіңіре білуі керек. Сонда ғана біздің болашағымыз жарқын әрі нұрлы болады.
Халық қаһарманы Бауыржан Момышұлы көзі тірісінде «Мен өзінің сәбиіне бесік жырын айта алмаған анадан, немересіне ертегі айтпаған ата мен әжеден қорқамын» деген екен. Шындығын айту керек, қазір жас аналарымыз бесік жырын, ата-әжелеріміз немерелеріне ертегі айтпайды. Әрине көпке топырақ шаша алмаймыз. Дегенмен де бұл ащы да болса шындық.
Егер біздің бүлдіршіндеріміз бала кезінде ертегі, дастандарға қанып өссе, өскенде елінің қамын жер ұл болар еді. Мысалы, дана Абайымыздың анасы Ұлжан мен әжесі Зере Абайға халық ауыз әдебиетін, ертегі, дастандармен қанаттандырып, сөз өнері өлеңге қанат сілтетті. «Ел болам десең, бесігіңді түзе!» деп Мұхтар Әуезов айтқандай, аналарымыз баласына бесік жырын жырласа, ата-әжелеріміз ертегі, дастандарын құраса нұр үстіне нұр болар еді. Көненің көзі, асылдың сынығы дегендей дастан-жырлар жүрекке жетіп жан дүниемізді рухани байлыққа бөлейді.
Біздің болашағымыздың жарқын болуына ұлағатты ұстаздардың да қосар үлесі зор. Олар оқушыларға сапалы біліммен қатар саналы тәрбие де береді. Дегенмен балалардың тәрбиесін бір ғана мектеп пен мұғалімге жүктеп қойғанымыз дұрыс емес.
Қазақ халқы: «Бір әкенің тәрбиесін жүз мектеп те бере алмайды» деп жайдан жай айтпаса керек. Әке – асқар тау. «Анаға қарап қыз өсер, әкеге қарап ұл өсер». Алғаш дүниеге келіп, ес білген сәттен бастап баланың нағыз қамқоршысы әке. Баланы тәрбиелеу әкенің басты міндеті. Әке болу бар да, әке бола білу бар. Бұл екеуі екі бөлек. Бала бойындағы жақсы қасиеттердің барлығы әке арқылы қалыптасады.
Жастарды ұлттық нышандағы құндылық­тарымызды бағалауға, оларды сақтай отырып, келер ұрпаққа жеткізуге тәрбиелеу бүгінгі таңның өзекті мәселесі. Отбасы – жеке құндылықтарды қалыптастырудың қайнар көзі, тәрбиенің бастауы, әр үйде балалар санасына ұлттық құндылықтарға деген көзқарастарды, салт-дәстүрлер мен әдет-ғұрыптарды, даналық сөздерді, тәрбиенің жоғарғы үлгілерін сіңіретін орын. Осы негізде отбасынан жалғасын табатын құндылықтар негіздерін ұмыт қалдырмай, жаңғыра түсейік, рухани болмысымызды жоғалтпайық, – деді Мұхтар Әуесұлы.
Мұнан соң облыстық білім басқармасының техникалық және кәсіптік білім бөлімінің басшысы Бекжан Есенбаев құттықтау сөз сөйлеп, форумда бала тәрбиесіндегі ата-ананың рөліне тоқталды. Ал Ғ.Мұратбаев атындағы №17 мектеп ата-аналар комитетінің төрағасы Жәнібек Жұбанғанов «Альфа ұрпақ дүниетанымындағы құндылық» туралы ойын білдірсе, аудандық білім саласы ардагерлер ұйымының төрағасы Серік Қуанышбай бала тәрбиесіндегі ата-ананың жауапкершілігін жіктеп берді.
Форумға қатысқандар арасында ұстаздар әулетінен шыққан жас маман, Әйтеке би кентіндегі №266 мектеп-лицейдің мұғалімі Гүлжанат Ахметова білім саласында жұмыс істеудің үлкен жауапкершілік жүктейтінін жеткізді.
Шара барысында бұған дейін білім сайысында мыңнан жүйрік шығып жүрген оқушылар марапатталып, гүл шоқтары табысталды. Осыдан кейін лицей ұжымынан құралған топ «Ата-анаға рахмет» әнін бірге шырқады. Әсем әуен ырғағына кішкентай балдырғандар әкелерімен бірге вальс билеп, қатысушылардың сүйіспеншілігін оятты.
Айта кетейік, форум аясында «Ұлттық құндылық – ұлт болмысы» тақырыбында қолөнер бұйымдарының көрмесі таныстырылып, №249 мектеп-лицейдің робототехника және 3D модельдеудің мүмкіндіктері көрсетілді. Сондай-ақ, Қ.Пірімов ауылындағы №92 мектептегі театр жобасының жұмысы да көпшіліктің назарына ұсынылды.
Р.ҚАЙРАТҰЛЫ
27 қыркүйек 2022 ж. 741 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031