Маңызды міндеттер сараланды
Аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаевтың тапсырмасы аясында облыс әкімінің орынбасары Мархабат Жайымбетов Қазалы ауданына жұмыс сапарымен келіп, құқық қорғау органдары басшыларымен бірге қоғамдық қабылдау өткізді.
Негізгі мақсат – құқық бұзушылықтың алдын алу мен қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету мәселелері бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, құқықтық кеңес беру.
Басқосуда аудан тұрғындары өздерін толғандырған мәселелерді ортаға салып, көмек көрсетуді сұрады. Сондай-ақ, көпқабатты тұрғын үйдің төбесін жабу, баспанамен қамтамасыз ету жөнінде де ұсыныстар айтылды. Қоғам белсенділері Динара Дәстенова, Өмірбек Дүюсов пен Ержан Шамша өздерін толғандырған мәселелерді көтеріп, ұсыныс-пікірлерін айтты.
Облыс әкімінің орынбарасы Мархабат Жайымбетов және аудан әкімі Мұхтар Оразбаев, құқық қорғау органдарының басшылары тарапынан тиісті қолданыстағы заңдылықтармен түсіндірме берілді.
Мархабат Жайымбетұлы көтерілген мәселелердің шешілу жолдарын ұсынып, құқықтық кеңес берді. Сонымен қатар жауапты сала басшыларына қоғамдық қабылдауда айтылған өтініштерге сәйкес белгіленген заң аясында тиісті жұмыстар атқаруды тапсырды. Мұнан соң аудандағы құрылыс нысандарын аралап, атқарылып жатқан жұмыстарды көрді.
Алдымен Қазалы қаласындағы 140 орындық балабақша мен Әйтеке би кентіндегі 250 орындық мектеп құрылысымен танысты. Сондай-ақ, «Қарлаң» темір-бетон көпіріне арнайы барып, құрылыс жұмыстарын көрді.
Облыс әкімінің орынбасары Мархабат Жайымбетов салынып жатқан құрылыс нысандары белгіленген мерзімде аяқталып, халықтың игілігіне берілу керектігін тапсырды. Әсіресе, Сырдария өзенінің арғы бетіндегі тұрғындар үшін көпірдің маңыздылығы жоғары екенін тілге тиек етіп, құрылысшыларға ең бірінші кезекте құрылыстың сапасына аса қатты мән беру қажеттігін айтты.
Облыс әкімінің орынбасары Қазалы ауданына сапары кезінде қатты отын тасымалдаушы кәсіпкерлермен кездесіп, көмірдің бағасын халыққа тиімді бағада ұсыну жолдарын талқылады. Кәсіпкерлердің ұсыныстарын тыңдап, қатты отынның бағасын арзандату бағытында әкімдік тарапынан қолдау болатынын жеткізді. Мұнан соң жылу беру маусымына дайындығымен танысу үшін «ҚазалыТеміржолЖылу» мекемесіне арнайы барды.
Әйтеке би кентінде «Қазалы-Теміржолжылу» филиалы арқылы 100 мекеме, 74 көп қабатты және 204 жеке тұрғын үйді жылумен қамтылған. Негізгі жылыту түрі газ отыны. Резервтік қорда 288 тонна мазут бар. Облыстық энергетика және тұрғын үй коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Руслан Нұрмағамбетов жылу маусымында дайындық жүргізу үшін 36 млн теңге қаржы бөлініп, «ҚазалыТеміржолЖылу» мекемесіне ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқанын жеткізді.
Басқарма басшысының айтуынша, бұл жұмыстар кезең-кезеңімен жыл соңына дейін жүргізіле береді. Алайда, қысқы жылу беру маусымына ешқандай кедергі келмейді. Облыс әкімінің орынбасары Мархабат Жайымбетов басқарма басшысына Әйтеке би кентіндегі жаңадан салынған 6 көпқабатты тұрғын үйлерді «ҚазалыТеміржолЖылу» мекемесі арқылы жылыту жолдарын қарастыруды тапсырды.
Жеңісбек АЙЫМҚҰЛОВ