Құрылыс жұмыстарымен танысты
Кеше Қазалы ауданына облыс әкімінің орынбасары Мархабат Жайымбетов жұмыс сапарымен келді. Басты мақсат – аудандағы маңызды құрылыс, жол инфрақұрылымы бойынша жүзеге асырылып жатқан жобалармен танысып, күрмеулі мәселелердің шешімін табу. Осы ретте Әйтеке би кентіндегі аудандық емхана мен 250 орындық мектеп, Қ.Пірімов ауылындағы спорт кешені, Басықара каналы бойындағы көпірді қайта жаңғырту жұмыстарын бағамдады. Құрылыс барысы туралы тиісті басқарма басшылары мен мердігер мекемелердің директорлары қысқаша баяндап, ешқандай кедергілердің жоқтығын айтты. Белгіленген шаруалар кестеге сәйкес жүргізіліп, мерзімінде пайдалануға беріледі.
Мұнан соң 600 орындық мәдениет үйіне аялдаған Мархабат Жайымбетұлы тиісті сала басшыларымен бірге жаңадан салынған нысанды тез арада пайдалануға беру жайын талқылады. Сондай-ақ ардагерлермен жүздесіп, олардың өзекті деген ұсыныс-пікірлерін тыңдады. Олар түйткілді мәселелердің шешілу жолдарын қарастыруды айтты. Мәселен, Қызылорда облысы мен Қазалы ауданының құрметті азаматы, «РЗА» АҚ президенті Самұрат Имандосов кәсіпкерлерді қолдау мақсатында инженерлік-инфрақұрылым жұмыстарын тарту мемлекеттің тарапынан жүзеге асырылмайтынын тілге тиек етті. Сонымен бірге бүгінде мемлекеттік сатып алу жұмыстары сын көтермейтінін де ашына жеткізді. Көтерілген мәселелер орынды екенін айтып, оның шешу жолдарын қарастыру үшін тиісті орындарға ұсыныстар берілетінін жеткізді.
Бұдан бөлек Қазалы ауданына сапары кезінде аудан әкімдігінде еркін форматта мәжіліс өткізіп, атқарылып жатқан шаруалар мен түйінді мәселелерді талқылады. Оған облыстық және аудандық мәслихат депутаттары, облыстық басқарма басшылары және құрылыс мекемелері мен серіктестік директорлары қатысты.
– Жақында облыс әкімінің орынбасары қызметіне тағайындалдым. Облыс әкімінің орынбасары ретінде облыстың құрылыс, сәулет, энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі салаларына жетекшілік жасайтын боламын. Қызметке тағайындалған соң елдің негізгі мәселелерін көзбен көріп, талқылау мақсатында облыс аудандарына іссапарға шығудан бастадым, – деді Мархабат Жайымбетұлы.
Күн тәртібіндегі мәселе бойынша аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Нұрбек Күзенбаев пен аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Мұрат Әбсұлтанов хабарлама жасады.
Басқосуда облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Мұрат Тлеумбетов, облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасының басшысы Фердоуси Қожабергенов, облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Ерлан Жаңабаев, облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының орынбасары Арнұр Нұрмағанбетов күн тәртібіндегі мәселелерге байланысты ұсыныс-пікірлерін білдірді.
Кездесуге қатысқан облыстық мәслихат депутаттары Ібайдулла Тілеп, Мнажадин Өтеев, аудандық мәслихат депутаты Ғазиз Әліш және тағы бірқатар азамат шұғыл шешімін табу қажеттігін ұсынды. Барлық пікірлерді мұқият тыңдаған облыс әкімінің орынбасары Мархабат Жайымбетов Қазалыда атқарылып жатқан жұмыстарға оң бағасын берді. Айтылған мәселелерді оңтайлы шешу үшін облыс басшылығы мен тиісті министрліктерге ұсыныс берілетіндігін алға тартты. Сондай-ақ басқарма басшыларына күн тәртібінде қаралған мәселелер мен айтылған ұсыныс-пікірлерді жіті қадағалауды тапсырды.
Сонымен бірге Қазалы ауданының әкімі Мұхтар Оразбаев аудан бойынша әрбір жобаға қатысты ұсыныстарды тыңдап, оған қолдау көрсеткен облыс әкімінің орынбасары Мархабат Жайымбетовке риясыз алғысын айтты. Сонымен қатар аудан басшысы Әйтеке би кентінен 600 гектар жерге инженерлік-инфрақұрылым жұмыстарын жүргізу, Әйтеке би кентінің 5 квартал аумағындағы 6 көпқабатты үйдің аумағын және автоматтандырылған электронды емтихан алаңын абаттандыру, Әйтеке би кенті мен Қазалы қаласының екі аралығынан 160 орындық спорт кешенін салу үшін жоба-сметалық құжаттарын дайындалғанын баяндады. Егер бұл жобаларға тиісті қаржылар бөлінетін болса, аудандағы көптеген мәселе оңтайлы шешілмек.
Мархабат Жайымбетов Қазалы ауданына сапарын Байқожа ауылынан тамамдады. Мұнда ауыл тұрғындары елді мекендегі негізгі мәселе ауыз су екендігін ашық айтты. Осыған орай байқожалықтардың өтінішін жерде қалдырмауды сұрады. Бұл мәселеге орай аудан әкімі Мұхтар Оразбаев Байқожа топтық су құбырын қайта жаңғырту жобасын дайындап, қаржыландыруға ұсынылғанын тілге тиек етті. Жоба жүзеге асырылған жағдайда 62 шақырым магистральдық су құбыры жүргізіліп, Әйтеке би кентіне тәулігіне 4500 текше метр ауыз су жеткізіліп, су тапшылығы мәселесі оң шешімін табатын болады. Сонымен қатар магистральдық құбыр бойында орналасқан 8 елді мекен: Ақсуат, Майлыбас, Қызыләскер, Көбек, Ойынды, Алтай, Байқожа, Еңбекшіқазақ сапалы ауыз сумен қамтылатынына сенім артты.
Кездесуді қорытындылаған Мархабат Жайымбетұлы Қазалы ауданына іссапары кезінде айтылған өзекті мәселелердің барлығын кезең-кезеңімен шешу жолдары қарастырылатынын айқындады.
«ҚАЗАЛЫ» ақпарат