Сын айтылды. Мін түзелсе дейміз

Ата-баба көзінің қарашығындай сақтап, аманаттаған туған жердің жоқшысы және жанашыры болу – әрбіріміздің міндетіміз.
Менің мақсатым – біреуді жамандау, жасалып жатқан жұмыстың барлығын жоққа шығару емес. Айналамызды, ата-бабалардың рухани құндылықтарын бағалауға бағыттау.
Осы мақсатпен аудандық «Қазалы» газетінде бұқара мен билікті жақындату мақсатында халықтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтап, шешілмей жатқан мәселелердің түйінін қалай тарқатуға болатындығы жөнінде ұсыныс-пікір білдіріп келемін. Алайда көп жағдайда «Алдар көсеге» алданғандай күй кешеміз. Құзырлы мекемелер айтылған мәселелерге ұсақ-түйек деп қарамай, нақты нәтиже шығарғаны абзал болар еді.
Кеңес өкіметі дәуірінде газеттердегі кез келген мақала тиісті орындарда қаралып, нәтижесі туралы жауаптар беріліп тұратын. Қазір де сол байланыстың үзілмегенін қалаймыз.
«Қазалы» газетінің 1 ақпан 2022 жылғы №9 санында «Әкім өзгерсе, уәде де өзгере ме?» деген мақалам жарияланды. Ауданның бұрынғы әкімі Мұрат Ергешбаев басшылық еткен тұста әлеуметтік желіде 4 мыңнан астам аудан тұрғынмен байланыс орнатқаны есте. Сол кез, 2019 жылы жаңа оқу жылы басталған тұста Мұрат Нәлқожаұлының әлеуметтік желі парақшасына Қазақстандағы 100 үздік мектептің бірі саналатын Е.Бозғұлов атындағы №249 мектеп-лицейдің алдында автокөліктердің көптігінен мектептің қызметкерлері, ата-ана, оқушылардың жүріс-тұрысын реттеудің қажеттігі туындағаны айтылды. Салдарынан орын алатын апаттық жағдай да ескерілді. Бұл маңға бағдаршам мен бейнебақылау қондырғысы орнатылса, оны бақылау полиция қызметкерлеріне жүктелсе дұрыс болар еді деген пікір қалдырдым. Содан бері полиция қызметкерлері күнделікті өз жұмыстарын нәтижелі атқарып келеді. Жүзеге асқан жұмысқа ризашылығымды білдіріп, әкім парақшасына хат жолдадым. Себебі бұл аса мән берерлік жағдай еді. Аталған білім ордасында екі мыңға таяу оқушы, 180 мұғалім және 87 техникалық қызметкер барын ескеруіміз керек.
Ата-аналардың көпшілігі мектепке балаларын автокөлікпен әкеліп, алып қайтады. Сондықтан бұл маңдағы автотұрақ қазіргі көлік санына сәйкес келмей, кеңейтуді қажет ететіні туралы Мұрат Ергешбаевтың қабылдауында болғанымда да жеткіздім. Аудан әкімі аталмыш жұмысты орындауды Әйтеке би кентінің әкімі Қайрақбай Орынбасаровқа тапсырып, кеудемдегі үміт шоғын үрлеген болатын.
Бұл жөнінде осы газеттің 2019 жылғы желтоқсандағы №98 санында жарық көрген «Тегіс жолда сүрінбейік» деген мақаламда да жазылды.
Осыдан кейін, дәлірек айтсақ осы жылдың 2 наурыз күні аудандық мәслихат хатшысы Жарылқап Бақытжанның басшылығымен Әйтеке би кентінің әкімі Қайрақбай Орынбасаров, аудандық тұрғын үй коммуналдық шарушалығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Мұрат Әбсұлтанов, «Стандарт-Строй КZ» ЖШС-нің учаске басшысы Азамат Бетеновпен бірге мәселенің мән-жайымен танысты. Кездесу барысында Бақытжан Жарылқап Әйтеке би кентінің әкімі Қайрақбай Орынбасаровқа автотұрақты кеңейтуге кететін шығынды есептеу, бюджеттік өтінім ұсынуды тапсырды.
Аталмыш мәселені әлеуметтік желідегі өз парақшасында «Ата-аналар ұсынысы ескеріледі» деген айдармен жариялаған еді.
Нәтижесінде жоғарыдағы аталмыш жұмысты атқаруға 1 миллион теңгеге жуық қаражат бюджеттен бөлінгенін есіттік.
Алайда аралықтағы автожолды кеңейту мақсатында 4 жолақты жол салынуда. Сағызша созылған құрылысқа көпшіліктің алаңдаушылық білдіріп жатқаны да жасырын емес. Қазіргі таңда №249 мектеп-лицейдің жанындағы аялдамалар мен жол белгілерін құрылысшылар сүріп тастаған.
Автокөліктердің көптігінен адам өміріне қауіпті жағдайлар көптеп кездесуде. Әсіресе шаңды бораннан біреуді біреу көрмейді.
Қорыта айтқанда 2022 жылдың күзі де келді., Бірақ автотұрақ әлі жоқ.
«Садақтан жебе атылса, кері қайтара алмайсың» деген бар. Сөз де сондай салмақты болуға тиіс. Айтылған сөз, берілген уәде орындалмаса, іске аспаса маңызы қайда? Меммлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз жолдауында «Қоғам үніне құлақ асатын Жаңа мемлекет құрамыз» деген, ал облысымыздың басшысы Нұрлыбек Нәлібаев «Менің кеңесшім – халық» деген болатын. Олай болса, ауданымыздағы жауапты атқамінерлер айтқанымызға құлақ асып, біз көргенді көрсе, нәтиже шығарса деген тілегім бар. Айтылған мәселелерді балалардың базынасы деп те түсінген дұрыс болар.
Кемал КӨПЖАСАР,
Е.Бозғұлов атындағы №249 мектеп-лицейдің
ата-аналар комитетінің төрағасы