Ұлттық ойын – ұлт иігілігіне
Қазақ халқының тарихы өте бай. Сол себептен біздің салт дәстүріміздің түрлері де алуан. Бірақ оның көбісі төрт түлікпен байланысты. Себебі ежелден бабаларымыз көшпенді өмір салтын ұстанған. Ал көшпенді болған халық, малдың етін жеп, терісінен кілем, көрпе, киім жасап, сүтінен түрлі сусындар шығарған. Одан бөлек, бала туғанда, оған белгілі адамның үзеңгісін өткізген. Бірінші рет бие сауылғанда қымызмұрындық ұйымдастырған. Егер ас беріліп, той тойланар болса, онда міндетті түрде мал соятын. Тіпті ұлттық ойындарымызда осымен байланысты. Мысалы ретінде көкпар, бәйге, қыз қуу сияқты ойындардың, жылқысыз өткізілуі мүмкін емес. Ал асық, ханталапай деген ойындарда қойдың немесе ешкінің сүйектері қолданылады. Осының барлығы төртүліктің салт-дәстүрге етене жақындығының айқын дәлелі.
Жоғарыда аталған ұлттық ойындардың көбі әлі күнге дейін ел арасында ойналып жүр. Соның бірі – жастар ойыны Ақсүйек. Ол ойында малдың сүйегін, жілігін қолданады. Бұл ойын жаздың немесе көктемнің жылы, ашық түнінде ойналады. Түндердің ішінде ай жарық болған түн таңдалады. Себебі қараңғы түнде сүйекті табу қиын соғуы мүмкін. Ақсүйекке он шақты адам қатыса алады. Жиналған адамдар екі топқа бөлінеді. Алдын ала сүйекті лақтыратын адам таңдалып, кейін ол сүйекті алысқа лақтырады. Одан соң, екі топ оны іздеуге кіріседі. Сүйекті тауып алған топ, бір-біріне сүйекті беріп, арнайы сөреге жеткізуі керек. Қарсыластар оны тартып алуға тырысады. Сөреге сүйекті апарған топ, жеңген болып есептеледі. Ал жеңілген топ болса ән айтып, жеңген топтың көңілін көтеруі тиіс. Бұл ойын жылдамдыққа, шапшаңдыққа және қараңғылықта жол табуды үйретеді.
Ақсүйек жоғарыда айтқандай – көбіне жастардың ойыны болып есептеледі. Бұл спорттық және өнерлік ойынды, жас жігіттер мен қыздар далалы жерге жиналып, бір бірімен қалжыңдасып, әзіл айтып ойнаған. Ақсүйек бірін-бірі ұнатқан жастардың оңаша кездесуіне де дәнекер болған.
«Әр жақтың салты басқа» демекші, бұл ойын өзге өңірлерде басқаша ойналады. Онда ойыншылар екі жақтан жарты шеңбер жасап жиналады. Ойыншылар саны алты адамнан кем болмауы керек. Кейде сүйек орнына сиырдын қылшығынан құмға езіліп жасалған жүн доп қолданған. Келісім бойынша бір ойын жүргізуші таңдалып алынады. Ол бір таяқты кезектесіп «ұстасу» арқылы ойыншылар екі топқа бөлінеді де ойынды бастайды. Екі топтың да ойыншылары заттарын жиып, екі жаққа үйіп кояды. Содан кейін ойын бастаушы ақсүйекті немесе жүн допты алады да, барынша алысқа лақтырады. Сүйек лақтырылған соң оны іздеп жан-жаққа жүгіреді.
Ойынға қатысушылар ақсүйекті лақтыруға оны ұстап алуға немесе түскен жерінен тауып алып, үюлі тұрған қарсыластарының затына барып бір-бірден алып кетуге тырысады. Ал қарсыластары болса, оларға кедергі жасап сүйекті немесе допты тартып алып, оз қарсыластарының жиюлы мүлкіне қарай ұмтылады. Қарсыластары сүйекті немесе шарды бір-біріне лақтырып беру арқылы келесі топтың тымақ немесе аяқкиім сияқты заттарын алып өз бұрышына қашып келуге тырысады. Осылай ойын бір топ жеңгенше жалғаса береді. Сөйтіп ақсүйекті қай топтың ойыншысы сөреге жеткізсе, қарсы топтағыларға жеңілген есебінде айып салынады.
Дайындаған
Серік АҚМЫРЗА
Серік АҚМЫРЗА