Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Ет жіліктеу білесіз бе?

Ет жіліктеу білесіз бе?

Жаһанды жеті айналсақ та қазақтай қонақжай, батыл, бауырмал халық табылмастай көрінеді кейде. Оның ішінде көбіне басымдылық қонақжайлылығына беріліп жатады. Шаңыраққа тосыннан құдайы қонақ түссе, қорадағы бар жиған малын сойып, қонақтаған жанның қоржынын бос қайтармаған. Жалпы, бұған тереңінен үңілер болсақ, қонақ жайлаудағы мәртебеміз бір төбе болса, ал сол дастарқанға қойылатын етті жіліктеудің өзі үлкен мән-мағыналы, саралы салт десе болады.
Бүгінде бұл салт жалғасын таба ма? деген сұрақ талайдың көкейін өртеп жүр. Себебі қазір етті мүшелеу, мал союды білмейтіндер қарасы қалыңдаған.
Бұл туралы белгілі әнші, әртіс Жанар Айжанова да әлеуметтік желіде өз пікірін білдірген еді.
– Ет тұздап, пышақ қайрауды білмейтін, жілік танымайтын еркектерді көрсем төбе шашым тік тұрады. Қазіргі жігіттерге айтатын өкпем бар. Біздің жастардың өзіне үйренетін уақыт келді. Мүйізі қарағайдай ағаларымыз табақты қалай жасауды білмейді. Барлық кінәні қыздарға артып, әйелдердің арқасына тығыла береді. Шығатын уақыт болды енді, еркектер, – деп қазақ жігіттерінің намысын оятпақшы оймен айтқан-ды.
Осы ретте ет мүшелеу дегеніміз не екеніне толығырақ тоқталғанды жөн көрдік.
Ол – сойылған малдың етін жілік-жілігімен бөлшектеу. Малдың төрт аяғындағы 12 жіліктегі жамбас, ортан, тоқпан, кәрі жілік, жауырын сүйектеріне орай ет мүшелегенде осы жіліктерді буын-буыны бойынша ажыратып бөледі.
Мәселен, қой етін жіліктегенде 13 мүшеге: Жамбас – 2, ортан – 2, асықты жілік – 2, бел омыртқа – 1, сүбе қабырға – 2. Ал сүбемен бірге бүйректен жоғары 5 қабырға кетеді. Қабырға – 2, төс – 1, омыртқа – 1, жауырын – 2, тоқпан жілік – 2, кәрі жілік – 2, бұғана – 1, мойын – 1 етіп бөледі.
Осылайша белгілі бір себепке шалынған малдың етін бірнеше бөлікке жіліктейді. Қазақ халқының сан жетпес салты мен дәстүрі бар. Жоғарыда тоқталып өткеніміз соның бір қиыршығы ғана десек болады. Алайда, оның әрқайсысын естен шығармай, ұстанып, келер ұрпаққа мұра ету біздің мақсат. Себебі қазақты қазақ ететін де, әлем тарихында ойып тұрып алар орынымыздың да айқын дәлелі осы. Мұны әрбір қазақ жігіті мен қырмызы қызы естен шығармағаны абзал.
Жалпы қазақтың мал сою, табақ тартуы үлкен ғылым. Осыны жоғары оқу орындары, аспаздар дайындайтын колледждерде бір пәнді салт-дәстүрге арнаса, артық болмас еді. Сонда ғана жастарымыз дәстүрді үйреніп, ата алғысын алады.
– «Өркениеттің бәрі Батыста» деп өз дәстүр мен мәдениетімізді менсінбей жүргенде ұлттық тағам, ұлттық ойындарымызды шетелдіктер «біздікі» деп иеленіп кетті. Немістер қымызды, қырғыздар көкпарды, тағы бірі қолөнерімізді өзінің ұлттық брендіне айналдырып үлгерді. Енді келіп көршілес елдер қазақтың төл тарихын жоққа шығаруды да әдетке айналдырды. Қазақта «Қолда барда алтынның қадірін біл» деген жақсы тәмсіл бар. Ертең ұлттық құндылықтарымызды қолды қылып, өзгеге жаутаңдап өкініп жүрмейік. Сондықтан алдын алып, жоғарыда айтқандай кішкене сыныптан бастап ұлттық құндылықтар пәнін кірістіру қажет деп білемін, – дейді ата салтын ұстанған қарт Асанхан Жұбаныш.
Серік АҚМЫРЗА
23 шілде 2022 ж. 1 867 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031