Ұлттық ойын ұмыт қалмасын
Қазақ бала тәрбиесіне ертеден ерекше мән берген. Сәбидің зерек те зерделі, алғыр да тапқыр, ширақ та шымыр болып өсуі үшін әртүрлі әдіс-тәсілдерді қолданған. Олар балғындардың тәрбиесінде ойындардың да үлкен рөл атқаратынын аңғарған. Осылайша баланың зеректігін арттырып, зейінін ашатын сан түрлі ұлттық ойындарды ойлап тапқан. Ал сол даналардан жеткен ойынды бүгінгі жас ұмытпады ма? Ұлттық ойынның ұлттық тәрбиеге әсері қандай?
Қазір жастар арасында ұлттық ойын түрлерін білетіндер де, білмейтіндер де көп. Білгендердің өзі «Ақсүйек», «Алтыбақан», «Көкпар» сынды санаулысын ғана атап бере алды. Бірақ сол ойындардың нақты қалай ойналатынын түсінбейді. Себебі қажеттілік шамалы. Керісінше оларға батыстың карта, компьютер, ойын автоматын ойнаған әлдеқайда қызықты.
Иә, шындық осы. Бүгінгі буын ұлттық ойыннан гөрі санасын улайтын құмар ойынды артық санайды. Бірақ оның тигізер зиянына көңіл аудармайды да. Көпшілік «қазір ХХІ ғасыр емес пе? Заман өзгерген, техника дамыған ғой» деген сылтау айтып жатады. Тіпті кейбірі «ол ауыл адамдарының ойыны» деп үн қатып та жатады. Осы сылтаулармен жастар ұлттық құндылықтарға мән берместен заман ағымына ілесіп келеді. Ал баба мұраларының көбі тасада қалуда.
Этнограф ғалымдардың зерттеулеріне сүйенсек, ұлттық ойындардың тарихы қазақ даласында бірінші мыңжылдықта қалыптасқан екен. Тіпті олар ойындарды бес түрге бөліп қарастырады. Олар: Аңға, малға байланысты, әртүрлі заттармен ойналатын, зеректікті, ептілікті қажет ететін және соңғы уақыттарда қалыптасқан ойын түрлері. Алайда негізгі ойын түрлерінің өзі жүзден асып жығылады. Олардың ішіндегі асық, тоғызқұмалақ сынды ойындар Азия елдеріндегі алғашқы мемлекеттер мен тайпалар арасында да кеңінен тараған. Жоғарыда атап өткендей қазақ халқы ұрпақ тәрбиесін басты мақсат ете отырып, балаларының елін сүйер азамат болып қалыптасуына аса мән берген. Тіпті ұлттық ойындардың көпшілігінде өлеңдері де бар. Өлең арқылы ойынның әсерін арттырып қана қоймай, баланың өлең-жырға деген ынтасын оятады. Яғни рухани азық бере алады. Бұл баланың тән саулығына оң әсерін тигізетінін бабалар әу бастан көрегендікпен болжай білген. Мәселен, ежелден келе жатқан асық ойыны – балалар арасында ойналатын алғашқы ойындардың бірі саналады. Балалардың мергендігін шыңдайтын да осы ойын. Малдың сүйегінен шығатын асықтармен ойналатын ойын, баланың күш-жігерін арттырып, мергендігін, шапшаңдығын, ептілігін және қырағылығын дамытады. Бірнеше бала болып ойналатын ойын болғандықтан әр баланың ойында «өзгелерден озып, қатарымның алды болсам екен» деген ой талпынысын арттырып, намысын оятады. Әрі бұл ойында баланың барлық мүшесі қозғалыста болады. Яғни үнемі отырып-тұру, бүгілу, ширығу сынды қимылдар баланың денесін шынықтырып, қан айналымын жақсартады.
Ал кейіннен ұлан-асыр тойларда «Алтын қабақ», «Жамбы ату» сынды ойындар ойналған. Жаяу немесе ат үстінен сырық басындағы теңгені атып түсіру, жоғары лақтырылған қалпақты, ат үстінде шауып келе жатып нысанаға дәл тигізу сынды түрлерге бөлінетін бұл ойын – нағыз мергендер сайысы.
«Аударыспақ», «Арқан тартпақ», «Көкпар», «Күш сынаспақ» сынды ойындар күш-жігер мен икемділікті талап етеді. Ат құлағында ойнаған қазақ «Көкпар», «Бәйге», «Қыз қуу» сынды ойындарды да тойдың көркі қылған. Өткен мен бүгінгіні, келешекті байланыстыратын баға жетпес байлығы, асыл қазына, ұлы өнеріміз ұлттық ойындар ата-бабадан жеткен мұра. Ал олардың бүгінде ұмыт болып бара жатқаны кешегі буын ағалар мен бүгінгі буын жастарына үлкен сын. Біз келешек ұрпаққа не қалдырмақпыз? Қалтаңды қағар казино мен түрлі құмар ойындарды ма? Ал құмарлықтан азған ұрпақ ел ертеңін еңселі ете ала ма? Әрине, жоқ! Құмар ойын құрдымға апарады. Батыстан бастау алған ол ойындардың жұлдызы бүгінде біздің елде де жанып тұр.
Қазақ халқының тарихи көне жырлары мен эпостарының негізгі кейіпкері болып отырған ел қорғаушы батыр, жауынгер, әділетті төренің де бала кезі ойын үстінде өтеді. Ойын арқылы бойындағы табиғи дарынын шыңдап, қалыптастырады. Бұл баба мұратының, бала тәрбиесіндегі таптырмас құрал екенін дәлелдейтін тағы бір дәйек. Тіпті қазақтың көптеген ұлттық ойындары халықаралық деңгейдегі додаларға сұранып-ақ тұр. Бірақ оны шетелдіктерге жеткізе білу жайы тұрмақ, өз ұрпағымызды толыққанды сусындату жағынан да қимылымыз шабан. Сондықтан өзгенің қаңсығын таңсық көрмей, ұлттық ойындардың беделін көтергеніміз абзал. Себебі халық ойындары – халықтық тәрбиенің басты құралы. Ал өскелең ұрпаққа ұлттық тәрбие беру – бүгінгі ата-ананың басты міндеті.
Серік АҚМЫРЗА