Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Машақаты көп микроқаржы

Машақаты көп микроқаржы

Есте болса, қаржы нарығын реттеу агенттігі микроқаржы ұйымдарының банкке айналуына рұқсат берді. Қажетті талап, құқықтық база жасалып жатыр. Негізі, микроқаржы ұйымдары қазірдің өзінде банктермен үзеңгі қағыстыра, иық тірестіре алады. Оның үстіне активтері бір триллион теңгеге жуықтаған. Сарапшылар микроқаржы ұйымдары – дамуда кенжелеп қалған елдерге тән, ал дамыған елдерде жоқ екеніне назар аудартады. Бұлар шектен тыс жоғары сыйақы алып, халықты қанайды, тұрмысы төмен жандардың ахуалын тіптен нашарлатады.


Жарнамасы жарып тұрғанмен, шарты шаршатады

Елде заң бойынша банктер мен микронесие ұйымдары беретін несиенің проценттік мөлшерлемесі қатаң шектелген. Атап айтқанда, жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесінің шекті көлемі кепілзатсыз банктік заемдар мен микрокредиттер бойынша 56 процеттен аса алмайды. Ал кепілзат қойып алынған заемдар бойынша ЖТСМ-нің шекті мәні – 40%-ке, ипотека бойынша – 25%-ке дейін құрайды. 45 күнге дейінгі мерзімге берілетін, сомасы 50 АЕК-тен аз болатын кепілді микронесиелер бойынша 20 процентен аспауы шарт.
Алайда микроқаржылық ұйымдағылар бұл талапты сақтамайды. Нақтырақ айтсақ, оны айналып өтудің жолын тапқан. Мәселен, микронесие сыйақысы заңдағы нормативтерге сай болады, бірақ егер клиент келісімде жазылған шарттардың бірін бұзса, ұйымның сыйақысы шарықтап шыға келеді.
Қазақстандық мамандандырылған «Allbanks» порталы микроқаржы ұйымдарынан 5-10 миллион теңгедей шағын несиені жылдам рәсімдеп, алуға болатынын, бұл ретте жылдық тиімді сыйақы мөлшері ғаламат 739 процентке дейін жетуі мүмкін екенін ескертеді. Оған қоса, кредитті уақытылы төлемесе, өсімпұл есептеледі, оның мөлшері алдын ала келісімде көрсетіледі.
Жалпы, төбе шашты тік тұрғызар көлемде сыйақы алатынын, көркем тілмен айтқанда бір жұмыртқа берсе, орнына бірнеше тауықты талап ететінін осы компаниялар жасырмайды. Әйткенмен, мұны олар кейде «APR» деген терминмен бүркемелеуі мүмкін. Бұл «Annual Percentage Rate», яғни максималды жылдық проценттік ставка дегенді білдіреді. Дамыған елдерде бұл – жылдық тиімді сыйақы мөлшерінің синонимі. Ал Қазақстанда қарыздан байлық жиғандар оның өңін айналдырып, шамадан тыс пайда табудың құралы ретінде қолданады.
Мысалы, «Koke.kz» маркасымен белгілі «Creditum» миркоқаржы ұйымының жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі – 1,22%-тен басталады. APR-ы – 365%. «Tengo.kz» маркасымен танылған «Sofi Finance» да ресми ЖТСМ – 1,22%-дан басталып, APR-ы – 365%-ға жетеді. Ал «Zaimer.kz» маркасын пайдаланатын «Робокэш.кз» ұйымының жылдық сыйақы мөлшері 0,12%-дан басталады. APR-ы – адам сенбес 739,86%. «Creditplus.kz» маркасын иеленген «Kredit Seven Kazakhstan-ның» жылдығы – 3,72%-дан басталып, максималды жылдық проценттік бағасы 730%-ға жетеді. Сол секілді «Soscredit.kz» микроқаржы ұйымы да қу бастан қуырдақтық ет қырқуға шеберленген. Халықты 0,01%-дан басталатын несие алуға шақырады. Әйтсе де APR-ы – 180%-ға барады.
Жасыратыны жоқ, микроқаржыға жүгінетін жұрттың басым көпшілігі – қарызын уақытылы қайтаруға қауқарсыз жандар. Олар осының астарында жасырылған тұзаққа түсіп, түпсіз борыш батпағына батады. Барлық есепшоты, банктік карталары бұғатталып, мүскін халге түсіп тағдырдан теперіш көреді.

«Сала алаяқтықпен айналысады»
Сорақысы сол, микрокредит жүйесі алаяқтардың жемсауына айналып кетті. Қоңырау шалған алаяқтардың айтағына жүріп, айдауына көніп қойғандар олардың өз атына микронесие рәсімдеп жатқанын түсінбей қалады. Бұл туралы ақпарат құралдары үнемі жазады. Мұның сыртында микроқаржы жүйесінің тұрақты клиенттері қатарында лотоклубтарды жағалайтындар, спорттық және басқа сайыстарға бәс тігетіндер көп. Асыл есімді азаматша күйеуі Дарынның лудоманияға шалдыққанына – құмар ойындарына шектен тыс елігіп кеткеніне шағымданады. Содан ол 2022 жылғы ақпанда Қазақстанның микроқаржы ұйымдары қауымдастығына жазбаша мәлімдемемен жүгінеді. Онда ол ойынқұмардың туысы ретінде заңнамада берілген құқығын пайдаланып, күйеуіне бұдан былай микроқаржы ұйымдағылардың несие беруіне тыйым салуды сұрайды.
– Жұбайымның микрокредит алу мүмкіндігін бұғаттап тастауым қажет болды. Бұл үшін МҚҰ-лар оның дербес деректерін «қара тізімге» енгізуі шарт. Себебі бұдан оның отбасы мүшелері зардап шекті. Кәмелетке толмаған үш баламыз бар. Бізге шетсіз-шексіз, бітпейтін-қоймайтын несиелерді өтеуге тура келеді. Алайда қауымдастыққа өтініш жолдағаннан кейін «Мoney-express.kz» сауда маркасына ие «аФинанс» микроқаржы ұйымы және «Akshabar» ұйымы күйеуіме түрлі сомада жаңа несие алу өтініштерін мақұлдапты. Сөйтіп, жалпы сомасы 322,5 мың теңге несие берген. Сонда Қазақстанда заң, ереже жұмыс істемейтін болғаны ма? Әлде аталған микроқаржылық ұйымдар қауымдастыққа мүше болмай, қаржылық реттеушінің лицензиясынсыз, оларға бағынбай, өз бетінше жұмыс істеп жатыр ма? Түсінбедім», – деп тұнжырайды Асыл.
Ол жаңа кредиттерді өтеуге жағдайы жарамайтынын жеткізді. Ендеше заңдардың уақытылы әрі толыққанды орындалмауы кесірінен тағы бір отбасы қиын өмірлік жағдайға тап болғандар санатына кіруге шақ тұр. Дариға есімді келіншек әлдекімдер сыртынан «Sulpak» дүкенінде қымбат 3 смартфонды несиеге рәсімдегенін кеш біледі. Содан дереу полиция қызметіне жүгіреді.
– Менің атымнан Фридом Финанс микроқаржы ұйымы арқылы бөгде біреулер микронесие рәсімдеп, 3 смартфон алыпты. Оған мен қатысқан жоқпын. Келісімде менің қолым жоқ. Алайда полицейлер өтінішімді қабылдап алғанымен, әрекетсіз отыр. Сонда да іс ілгерілер емес. Айыпты тұлғаларды анықтау шаралары пәрменді жүргізіліп жатқан жоқ. Іске үстірт қарайды. Тергеуші екі ай өтсе де, 3 смартфонды кімдердің алып кеткенін нақтыламаған. Дүкенде бейнебақылау бар ғой», – дейді ол.
Оған қазір микроқаржы ұйымының менеджері үздіксіз қоңыраулатып, микронесиесінің күн санап өсіп жатқанын, төлем енгізбесе, сотқа беретінін айтып, қорқытатын көрінеді. Жәбірленуші МҚҰ-ға қылмыстық істің қозғалғаны туралы құжаттарды ұсыныпты. Бұған олар пысқырмапты. Дариға қысымнан жүрегі сыр бергеніне, дәріге таңылғанына мұң шағады.

Халықтың қамын кім ойлар?
«Ranking» мониторинг агенттігінің мәліметінше, қазіргі кезде микроқаржы ұйымдары белсенділіктің шырқау шегіне жетті. Нақтыласақ, тек бір жыл ішінде мұндай ұйымдар қарыз портфелі бірден 62 процентке ұлғайтқан. Осылайша, олар қаржы нарығындағы ең қарқынды дамушы секторға айналды.
Биылғы бірінші тоқсанда МҚҰ-лар берген микрокредиттер сомасы 756,2 миллиард теңгеге жетті. Бұл былтырғы ауқымнан 62,1% көп және рекордтық көрсеткіш саналады. Жалпы алғанда, соңғы бес жыл бойы микроқаржы ұйымдарының несие сомасы жыл сайын орта есеппен 47,4 процентке артып отырды. Мұндай қарқынды әрі орнықты өсім өзге салаларда сирек кездеседі.
Дамыған елдерде микроқаржы ұйымдары мүлдем танымал емес, өйткені банктер беретін несие өнімдері тиімді, арзан, ыңғайлы. Оларға балама ретінде ломбардтар желісі дамыған. Қазақстанда осындай ұйымдар біраз жыл бойы қарапайым бұқараға арналған төменгі сегмент ретінде қарастырылып келді. Өйткені бизнеске, ауқатты адамдарға ірі көлемде кредит керек, ондай қаржы ұйымдарда болмайтын банктерден айырмашылығы сол, олар халықтың триллиондаған жинақ қаражатын тарта алмайды. Тиісінше, бұлар тек төл капиталын қарызға үлестіреді. Ірі микроқаржы ұйымдары ескі билікке жақын тұлғалар сатып алғаны туралы да сөз шықты.
2020 жылы Ұлттық банк МҚҰ-лардың дамуына кедергі болған шектеуді жойды. Енді микроқаржы ұйымдары қорландырудың жаңа көзіне қол жеткізді. Олар биржадан, қор нарығынан, тіпті шетелден – халықаралық қаржы ұйымдарынан арзан несие тарта алады. Бұрын мұндай мүмкіндігі болмаған. Бүгінде қазақстандық микронесие ұйымдар негізінен сырттан, халықаралық қаржы институттарынан заем тартады. Мысалы, «KMF» МҚҰ-ның міндеттемелері құрылымында 91,7% – Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына мүше дамыған елдердің қаржылық ұйымдарынан тартылған қарыз саналады.
Одан қалды микроқаржылық ұйымдағылар төл облигацияларын шығарып, орналастыру арқылы биржадан белсенді түрде қаражат жұмылдырып жатыр. Нәтижесінде, 2022 жылғы наурыз қорытындысында олардың міндеттемелері құрылымында сырттан тартылған заемдар үлесі 80,1 процентке дейін төмендеді. 7,1% үлес облигация арқылы тартылған қаржыға тиесілі. Бүгінде «KASE» және «AIX» отандық биржаларында 15-тен астам МҚҰ құнды қағаздарын саудалауда екен. Олардың бірнешеуі екінші деңгейлі банкке трансформациялауға әзірленіп жатыр. Нәтижесінде, олар халықтың, бизнестің, мемлекеттің және квазимемлекеттік сектордың қаражатын депозит ретінде тарту игілігіне қол жеткізеді.
Анығында Ұлттық банк пен Қаржы нарығын реттеу агенттігі микроқаржы ұйымдарының қанат жаюына және жүздеген миллиард ауқат жиюына барынша жағдай жасады. Ал олардың талауына тасталып, көкпар тулағына айналған қарапайым бұқараны қорғау жайына бас қатыратын уақыт жетті.

Абзал ЖОЛТЕРЕК
26 шілде 2022 ж. 519 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031