Талабы таудай табыскер
Қан айналымының бұзылуы иммунитетті төмендетеді. Нәтижесінде түрлі аурулар пайда болады. Қан қысымының көтерілуі, бас ауруы, жүрек-қан тамыр аурулары, остеохандроз, артроз аурулары соның бір бөлігі ғана. Дендеген дерттен айығуға уқалаудың пайдасы зор. Дене қозғалысы төмендеген кезде массажға жазылған әлдеқайда дұрысырақ.
Бүгінде уқалау тәсілдері жөнінде ғылыми тұжырымдамалар бар. Онда ағзаны кешенді қалыпқа келтіру, профилактика және ауруды емдеудің қыр-сыры баяндалады. Оны кәсіби меңгеріп, біраздан бері массажист болып жүрген Ақбота Баймырзаның пайымынша, адам ағзасын және тері тіндерін механикалық жолмен, сипалау, уқалау, илеу, ұрғылау, сілкілеу не нүктелік терапия арқылы емдеуге болады. Бұл массаждың жасалу әдістері екен. Оның түрлері – Батыстың классикалық, Шығыстың нүктелік, Тайлық, спорттық, босаңсытатын, емдік, медициналық, бал массажы болып бөлінеді.
Жас болса да іскер Ақбота туризм саласы мен орыс тілі мен әдебиеті пәнінің маманы бойынша жоғары білім алған. Ұстаздық тәжірибесі де бар. Дегенмен жеке кәсіппен айналысуды жөн көреді.
– Қызымды массажға апарып жүріп, ондағы тұтынушылардың кезегі көптігіне қарап осы істі қолға алуды ойладым. Сөйтіп өзім де массаж жасауды үйрендім. Ақтөбеде арнайы курсқа қатысып, маман ретінде сертификат алдым.
Қазір жаман емес. Бастапқы жұмысымның табысынан екі есе пайда табамын. Бір адамды жұмыспен қамтып отырмын. Әуелгіде оған денені сылап-сипаудың қыр-сырын көрсеттім. Кейін оның да біліктілігін арттыруға оқуға жібердім, – дейді Ақбота.
Жас кәсіпкердің айтуынша, алғашында үй жағдайында жақындарын уқалап, қызмет көрсете бастайды. Сосын шақыртумен массаж жасап жүреді. Уақыт өте тұрақты тұтынушылары да пайда бола бастайды. Осы күні Ақбота Амангелдіқызы тапқан табысын жинақтап, жеке кабинет ашып қызу жұмыс істеуде. Массаждың бірнеше түрін меңгерген. Жалпы дененің бәріне, ересектер мен балаға және банка салу, от пен балмен емдік уқалау әдісін үйренген. Қосымша жұмыс аясын кеңейту мақсатында косметология мен ринопластика және ерінді үлкейту тәсіліне зейінін бұрған.
– Әркез атқан таңыма шүкірлік етемін. Бүгінде қыз-келіншектер, тіпті үлкен апаларға дейін бет күтіміне және дене бітіміне ерекше көңіл бөледі. Сондықтан да бет тазалауға келетіндер қатары жоғары. Сонымен бірге гиалурон қоспасымен еріннің көлемін өзгертемін. Оның еш зияны жоқ. Қайта бет-әлпетті әсемдей түседі. Әжімді жазады, құрғақ еріндерді ылғалдандырады.
Жақында "Сауна Ба-гуа" деп аталатын жаңа жабдық түрін алдым. Ол облыста да жоқ құрал. Бұл термобу арқылы фитнес-клубқа бармай-ақ жатығу жасағаннан да екі есе терлетеді және ағзаға пайдалы тастарымен емдейді. Нақты айтқанда, бойдағы суықты, буын аурулары мен семіздікке қарсы әсер етеді. Турмалин мен нефрит бағалы тастар саналады. Соның арқасында жүйке жүйесін жақсартып, иммунитетті нығайтады. Денедегі тіптен сүйектегі салқынды және артық суды, токсиндер мен шлакты шығаратын қасиетке ие. Негізінен ғылыми дәлелденген қазіргі күні аурудың басым бөлігі салқыннан өрбиді. "Ба-гуа" термосаунаға отырғаннан кейін жайлап денсаулық қалыпқа келеді. Сонымен бірге артық майды ыдыратуға көмектеседі, – дейді жас кәсіпкер.
Оның айтуынша, мұндай емді қабылдауға келгенде жамылғы (простыня) мен сүлгі және аяққа сүйретпе ала келу қажет. Ыстықты көтеретіндер жағдайына қарай жарты сағаттан бөліп немесе 1 сағат отыруына болады. Термосаунаны қабылдауға аяғы ауыр, бала емізіп жүргендер, қан қысымы жоғары, және жүрек ауруы мен обырға шалдыққандарға тыйым салынады.
Сонымен қатар буын ауруына бірден бір шипалы. Кейбір дәрілерді дене қабылдамай қалған тұтынушылар осы багуадан емін тапқан. Бір курсы 10 күнге созылады. Әйелдермен қатар ерлер де бұл ем түрін қабылдауға болады.
– Ақботаның қолы шипалы. Оған алғашында бетімді тазалатуға келгенмін. Толық курсын алдым. Жаңа жабдықтармен толығыпты. Енді термосаунасында отырып ем алсам ба деген ойым бар, – деді қазалылық Ұлбике Сабыр.
Еңбекқор Ақбота Амангелдіқызы алдағы уақытта массаж жасау кабинетін ұлғайтуды жоспарлап отыр. Ендеше жас табыскердің ісіне сәттілік тілейік.
Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА