Климаттың өзгерісінен асқынатын ауру түрлері аталды
АҚШ-тың Аризона штатына қарасты жоғарғы оқу орны жанындағы Интегративті медицина орталығының жетекшісі, ғалым Эндрю Вейл бұл тақырыпта арнайы зерттеу жүргізіп көрген екен. Оның айтуынша, соңғы уақытта жаһандық жылыну тудырған климаттың өзгеруінен ентікпе (астма), демікпе (бронхит) және өкпенің түрлі қабынуы секілді респираторлық аурулар өршіп кеткен.
Бұдан бөлек, аталмыш аурулардан зардап шегетіндер қарасы жылдан жылға көбейіп келеді. Жақша ішінде айта кетеріміз, астмадан зардап шегетіндер қарасы бүгінгі таңда әлем бойынша 300 млн адамнан асып кеткен. Бостондағы «Бет Исраэль» медициналық орталығының пульмонологы Мэри Райс та климаттың өзгеруімен аталған аурулардың тығыз байланысты екенін растап отыр.
Сондай-ақ, өкпеге саңырауқұлақ инфекциясының тап болуынан пайда болатын кокцидиомикозом деп аталатын дертке шалдыққандар қарасы артып кеткен. Бұған құрғақшылық жайлаған аймақтардағы шаңды боран мен дауыл өз әсерін тигізуде.
Мұздақтардың қарқынды еруі мен жауын-шашынның мол түсуіне байланысты аурулар қатарында су арқылы жұғып, таралатын асқазан-ішек аурулары да етек алып барады. Қан қысымының жоғарылуы да, жүрек-қан тамырлары аурулары да, өсімдіктерден болатын аллергия да климаттың өзгеруімен байланысты. Ал осы аталған аурулардан кейінгі орында тері аурулары тұр.