Мұрат Әбенов: Мектептегі оқу жылын ұзарту – мұғалімдер мен оқушылар үшін тиімді шешім
Қазақстанда оқу жылын екі аптаға ұзарту жоспарланып отыр. Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігі Мектепке дейінгі және орта білім беру комитетінің бұйрығы жобасында айтылды. Білім саласының мамандары мұндай өзгерістің оқушылар мен мұғалімдер үшін тиімді болатынын айтып отыр.
Оқу-ағарту министрлігі мектепке дейінгі және орта білім комитеті төрағасы Гүлмира Кәрімова мектептердегі оқу жылының екі аптаға созылуына қатысты түсініктеме берді. Оның айтуынша, 2022-2023 оқу жылынан бастап оқуды әдеттегідей 25 мамырда емес, 31 мамырда аяқтау көзделіп отыр. Сәйкесінше, оқушылар жазғы демалыста 1 маусым мен 1 қыркүйек аралығында демалады.
«Жаңа оқу жылынан бастап мектептерде апталық оқу жүктемесін азайту жоспарланып отыр. Одан бөлек, оқу жылының ұзақтығын созу оқушыларға қосымша білімге көбірек уақыт бөлуге мүмкіндік береді, өйткені сабақ аз болады, мектептердің кабинет қорына түсетін жүктеме де азаяды», - деп түсіндірді Гүлмира Кәрімова.
Гүлмира Кәрімова салыстырмалы түрде алдыңғы қатарлы шет мемлекеттердегі демалыс мерзіміне тоқталып өтті. Мысалы жазғы демалыс, Германия, Англия және Жапонияда 7 аптаға, Польша, Қытай және Оңтүстік Кореяда 7-9 аптаға, Финляндия, Венгрия, Швецияда 9-11 аптаға, Латвия, Италия және Португалияда 11 аптаға, ал Қазақстанда 14 аптаға созылады.
Осы ретте оқу жылын ұзарту туралы ұсынысқа қытысты бұрынғы вице-министр Мұрат Әбенов өз пікірін білдірді. Оның айтуынша, оқу жылын ұзарту оқушыларды халықаралық білім беру стандарттарына сәйкес дайындау жолында көмегін тигізеді. Осылайша апталық сағат саны азайып, оқушылар жеке дамуға тиісті дәрежеде көңіл бөле алады.
«Біздегі дәстүрлі жазғы демалыс 3 айға созылады. Бұл өте ұзақ. Ал дамыған елдердің бірде-біреуінде демалыс осыншалықты ұзаққа созылмайды. Орташа есеппен Қазақстанда оқу жылы 150 күнге, ал дамыған елдерде 200 күнге созылады екен.
Демалыс ұзақ болуына байланысты еліміздегі мектеп алтыкүндік жүйемен оқыды. Оның үстіне күніне 6 сабақтан болады. Нәтижесінде балалар шаршап, мектептің жүктемесі артты, сабақтан тыс іс-шаралар мен қосымша сабақтар өткізу мүмкіндігі азайды. Сөйтіп, бескүндік оқу жүйесіне ауысып, оқу күндерінің саны 34-ке азайды. Алайда ол да жүктемені азайтуға септігін тигізбеді. Ал оқу жылын екі аптаға ұзартатын болсақ, балалардың тұлғалық дамуы уақыт қалдыра отырып, оқу жылындағы жүктемені оңай игеруге болады. Сондықтан оқу жылын екі аптаға ұзарту мұғалімдер мен оқушылар үшін тиімді болмақ», - деп түсіндірді Мұрат Әбенов.
Жоғары дәрежелі ұстаз Өмір Шыныбекұлы да оқу жылын екі аптаға ұзарту орынды ұсыныс екенін және ол мұғалімдер мен балаларға қосымша білім алуға септігін тигізетінін айтты.
«Егер оқу жылына 1-2 апта қосылса, бұдан ештеңе жоғалта қоймаймыз. Оқу аптасы 5 күн болса, педагогтар аптаның 6-ы күнін өз білімдерін жетілдіруге арнаған болар еді. Мәселен, бала да қосымша білім алып, түрлі ойындар ойнаса немесе ата-анасына көмектессе, оның өзі сабақ, оның өзі әлеуметтену», - деді Өмір Шыныбекұлы.