Қазақстанда жазғы мектептегі оқу аяқталды
Қазақстанда балалардың жазғы мектептегі оқуы аяқталды, деп хабарлайды Egemen.kz.
ҚР Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметінің мәліметінше, жазғы мектептерде 2 миллионға жуық бала қосымша білім алды. Олардың жұмысы 26 мамыр мен 17 маусым аралығында ұйымдастырылған болатын.
Жазғы мектеп оқушылар біліміндегі олқылықтың орнын толтыруға мүмкіндік берді. Оған 9, 11-сынып оқушыларынан басқа барлық оқушы ерікті түрде қатысты.
«3,6 млн оқушының 2 миллионға жуығы жазғы мектепте білім алды. Балалар мен олардың ата-аналарының қалауы бойынша 38 мыңнан астам оқушыға жеке пәндер бойынша сабақтар ұйымдастырылды. Балаларды ынталандыру мақсатында сабақ стандартты формада емес, бағалаусыз өткенін де атап өткен жөн. Оқу кестесіне музейлерге саяхат, экскурсиялар, іскерлік ойындар, шеберлік сабақтар, фильмдер мен мультфильмдерді талқылау кірді. Кітап клубтары, дискуссиялар, стратегиялық сессиялар, дебаттар және басқа да форматта сабақтар ұйымдастырылды. Жазғы мектептің қорытындысы бойынша ата-аналардың оң пікірлерін алдық», деп айтты Мектепке дейінгі және орта білім беру комитетінің төрағасы Гүлмира Кәрімова.
Оқушылар сабақтарға дүйсенбіден жұмаға дейін қатысты. Оқу математика, қазақ тілі, ағылшын тілі, физика, химия және тағы басқа негізгі пәндер бойынша өтті.
Айта кетейік, жазғы мектеп аяқталған соң мұғалімдер жыл сайынғы еңбек демалысына шығады. Бұған дейін педагогтердің демалысы 42-ден 56 күнге дейін ұзартылған болатын.