Жазғы мектеп жайлы не білуіміз керек?
ҚР Білім және ғылым министрлігі Мектепке дейінгі және орта білім комитетінің төрайымы Гүлмира Кәрімова жазғы мектептер жұмысының қалай ұйымдастырылатыны туралы айтып берді, деп хабарлайды Altaynews.
Гүлмира Кәрімованың айтуынша, оқу жылы дәстүрлі түрде 25 мамырда аяқталады. Одан кейін 9 және 11 сынып оқушылары емтихан тапсырады. Ал басқа сыныптар үшін жазғы мектеп ұйымдастырылады. Оның жұмысы 17 маусымға дейін жалғасады.
Жазғы мектеп – өз біліміңді толықтыру үшін жақсы мүмкіндік. Пандемия балалардың оқуына жағымсыз әсерін тигізгені белгілі. Көптеген елдерде бұл мәселені шешу үшін оқу жылын ұзартуда. Ал бізде жазғы мектеп ұйымдастыруға бел буған.
Сонымен қатар, Гүлмира Кәрімова жазғы мектепте сабақ үйреншікті форматта өтпейтінін айтып отыр. Негізгі пәндер, яғни математика, ағылшын тілі, физика және т.б. бойынша уақыт жағынан ыңғайлы оқу кестесі жасалады. Үй тапсырмасы берілмейді, баға қойылмайды. Сабақтар барынша қызықты етіп ұйымдастырылады, кейде мұражайға баруға, экскурсияларға шығуға болады.
Айта кетсек, жазғы мектеп барлық балалар үшін ұйымдастырылады. Алайда, егер күтпеген жағдайлар туындаса, онда жазғы мектеп туралы түпкілікті шешімді ата-аналар мен мектеп оқушылары өздері қабылдайды екен. Білім және ғылым министрлігі барлық оқушыларға жазғы мектепке қатысуға кеңес береді.