Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Жаңа оқу жылында жаңалық көп

Жаңа оқу жылында жаңалық көп

Биыл Қазалы ауданында 16505 оқушы білім алды. Оның 1446-ы 9-сыныпты тәмамдады. Алтын ұядан қанат қағып, жаңа өмірге қадам басқан 684 түлекті жыл басынан бері мұғалімдер тестілеуге дайындады. Ұлттық бірыңғай тестілеуде 610 талапкер бағын сынады. Айта кететін жайт, биыл мектеп бітірушілердің ҰБТ-ға қатысу көрсеткіші өткен жылмен салыстырғанда 1,3 процентке артқан.
Біздегі білім деңгейінің дәрежесін көрсететін сынақ Е.Бозғұлов атындағы №249 мектеп-лицейде орналасқан U-Study тестілеу орталығында өтті. 16 мамыр - 4 шілде аралығында І және ІІ лек бойынша оқушылар бақ сынады. «Бір оқушы, бір компьютер, бір камера» қағидаты тест тапсырушыларға қойылатын талапты күшейтті. Сәйкесінше, ҰБТ-ның І кезеңі бойынша түлектердің жалпы орташа көрсеткіші 80, ІІ лек бойынша 79 процентті құрады. Нәтижесінде 56 мектеп бітіруші «Алтын белгіні» абыроймен қорғап, ұстаздарының мерейін асқақтатты. 68 үміткер «Үздік аттестат» иегері атанды. Ал №170 мектеп шәкірті Аяулым Әзен мен №226 гимназияның түлегі Іңкәр Смағұл ең жоғары 133 ұпайды жинап, көш бастады. Өткен оқу жылын жемісті қорытындылаған қазалылықтарды жаңа оқу жылында бірнеше жаңалық күтіп тұр. Бұл тек бір ауданға емес, тұтас республикаға қатысты. Мәселен биылдан бастап бірінші сынып оқушылары бір тілде ғана білім алады. Бұл туралы Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов Түркістан облысының тұрғындарымен кездесуде айтты.
Министр 1 қыркүйектен бастап білім саласына енгізетілетін жаңалықтарды атап өтті. Яғни, биылғы оқу жылынан бастап қазақ мектебінің бірінші сыныбына барған балалар тек қазақ тілінде білім алады. «Мұның алдында бірінші сыныпқа барған бала ағылшын тілінің әліппесін оқу керек болды. Орыс тілінің әліппесін, қазақ тілінің әліппесін оқу керек болды. Бұл 6 жастағы бала үшін қиын. Баланы дамыту үшін ана тілін үйретіп алған өте маңызды. Біз сол шешімді қабылдадық. Биылдан бастап қазақ тілді мектепке барған балалар, тек қазақ тілінде жазып, үйренетін болады» – деді, Асхат Аймағамбетов. Сондай-ақ, министр педагогтардың мәртебесін көтеру бағытында атқарылып жатқан жұмыстардың нәтиже бере бастағанын жеткізді.
– Мұғалімдерді өздеріне тән емес жұмыстардан босаттық. Жалақысы өсті. Қазір бұл мәселе негізінде шешілді. Соның ішінде әртүрлі құжат, әртүрлі есеп тапсыру бойынша үлкен проблема болды. Жалпы мен қол қойған бұйрық бойынша педагог біріншіден күнделікті электронды журналға баға қояды. Екіншісі күнделікті оқу жоспарын дайындайды. Бітті, басқа ештеңе болмауы керек. Кімде-кім осы бұйрықты бұзатын болса, онда біз оларды қатаң жауапкершілікке тартамыз. Алдыңғы жылы осы бағытта 700-ге жуық адам түрлі жауапкершілікке тартылды, – деді министр.
Бұдан бөлек мектеп формасына қатысты облыс мектептерінде ортақ талап болады. Министрдің айтуынша, 2016 жылы министрлік мектеп формасына қатысты бұйрық бекіткен. Бұл құжатқа сәйкес әр мектеп мектеп формасына қатысты дербес талаптарды енгізе алады.
– Мектеп формасы жайлы концепция өзгеріске ұшырап жатқан жоқ. Яғни формаға ешқандай өзгеріс енбейді. Осыны ата-аналар білуі керек. Қазір әр мектеп формаға қатысты дербес талап енгізе алады. Мысалы, елде 7 500 мектеп болса, бұйрыққа сәйкес олар 7 500 түрлі форманы бекіте алады, – деді министр.
Асхат Аймағамбетов мектеп әкімшілігі форманы бекіткенде ұсақ-түйекке дейін мән беретінін қосып өтті. Сөзінше, мұндай талаптан кейін ата-аналар форманы еркін таңдай алмай қалады.
– Мысалы, кейбірі мынадай «ромба» пішіндес белгісі болу керек, түсі осындай деген секілді талап қояды. Мұндай талаптан кейін ата-аналар форманы тек бір мердігерден сатып алуы қажет болады. Базардан еркін таңдай алмайды. Бұл бала үшін де, ата-ана үшін де тиімсіз», – деп мәлімдеді Аймағамбетов.
Енді Оқу-ағарту министрлігі енгізген өзгеріске сәйкес формаға қатысты облыс мектептеріне ортақ бір ғана талап болады.
– Облыс шеңберінде ортақ талап бекітілсе, бір мектептен екінші мектепке ауысқан бала қайтадан жаңа форма сатып алып жүрмейді. Өйткені облыс бойынша талап бірдей. Осылайша сыбайлас жемқорлықтың алдын аламыз. Әрі ата-аналар үшін мектеп формасы қолжетімді бола түседі, – деп түйіндеді А.Аймағамбетов.

Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА
19 шілде 2022 ж. 821 0

Ісі ілгерілеген өндіріс

23 қараша 2024 ж. 63

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930