Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Бірлігі бекем, бақ мекен

Бірлігі бекем, бақ мекен

Біз баяндағалы отырған ауыл Төртқара руынан шыққан батыр әрі әулие Басықара есімімен аталады. 1934 жылдан бастап осы маңда №3 ауылдық совет құрылып, 1939 жылға дейін алғашқы төрағасы ретінде Әбділда Тобаев елге қызмет етті. Бұдан кейін көптеген азамат батыр атындағы ауылдың көркейіп, өркендеуіне үлес қосты. Бүгінгі күні ауылдық округ әкімі қызметін атқарып отырған Мұрат Бекмамбетов мұнда №98 жол айрығымен қоса есептегенде 1100-ден астам адам тұратынын, 250 отбасының түтіні түзу екенін айтады.
Басықара десек, алдымен Ә.Тыныбаев атындағы су бекеті ойға оралатыны анық. Сыйлы мейман, ел басқарып отырған азаматтар елге сапарлап келсе, алдымен плотинаның жұмысына келіп көз тастайтыны қалыпты жағдайға айналған. Неге десеңіз, осы арқылы Қазалыдағы ондаған көл нәр алып, егістік өнім беріп отыр. Ал мұның тарихына көз тастасақ, Қазалы, Арал аудандарында суармалы егістік пен шабындықты жеткілікті мөлшерде игеру мақсатында дүниеге келгенін түсінеміз. Зерттеу жұмыстарының нәтижесінде Сырдария өзеніне су тоспасын салу Басықара елді мекенінің тұсы қолайлы екені анықталып, 1963 жылы Қызылорда су құрылысы тресіне қарасты Қызылорда №16 жылжымалы механикалық коллонасы құрылыс жұмысын бастап кетті. Қазалы су торабының құрылысы бүкілодақтық екпінді құрылыс ретінде жарияланып, жер-жерден мамандар мен жұмысшылар келді. Ауылдың үкімет назарына ілігіп, гүлдене бастаған сәті де осы кезбен сәйкес келеді. 1964 жылдың аяғына дейін екі пәтерлі 19 үй салынып, 8 жылдық мектеп, клуб, емхана, балалар бақшасы, монша, орталық жылу жүйесі салынып, пайдалануға берілді. Олардың бірқатары әлі күнге дейін көненің сарқытындай естелік болып тұр. Ал су торабының құрылысы 1970 жылы аяқталып, ел игілігін көре бастады.
Бертін келе пайда болған нысандарға тоқталар болсақ, 2010 жылы 2 қабатты заманауи технологиялармен жабдықталған типтік жобада №182 орта мектеп салынды. Бұл уақыттары халықтың денсаулық сапасына, ауылдарды көркейтуге билік көбірек көңіл бөле бастаған еді. Соның ырғағымен 2013 жылы типтік жобада «Басықара» фельдшерлік-акушерлік бөлімшесі мен ауылдық клуб күрделі жөндеуден өтті. Бұған дейін батыр атындағы ауылда 50 орындық №8 «Тілашар» бөбекжай-балабақшасы, Қазалы су торабы өндірістік учаскесі, ауылдық кітапхана, №12 су көтеру бекеті, байланыс бөлімшелері, аудандық ән-әуез мектебінің филиалы халыққа қызмет көрсетіп келген. Қазірдің өзінде ауылдың іске қабілетті жүздеген тұрғыны осы салаларда еңбек етіп, нәпақасын ажыратып отыр.
Соңғы уақытта ауылдық округтерде ауыз толтырып айтар жаңалық көп емес. Десек те жаңа жылдың алты айында атқарылған нендей жұмыс бар екенін сұрап, ауыл әкіміне хабарласқанымыз рас. Мұнда тұрғындар талабы да бас ауыртып, ұйқы қашыратындай емесін ұқтық. Мәселен жарты жыл ішінде округ әкіміне не бары 8 адам жеке қабылдауда болған. Әкім олардың барлығына тиісті заңдылықтарға сәйкес жауап бердім деп отыр. Айына екі адам қабылдауында болмаған әкім жергілікті мәселелерді түбегейлі шешіп тастаған болар деген ойға шомғанымыз да рас. Дегенмен мал санында өсім, көркейту ісінде көрік бар деуге болады.
Ауыл шаруашылығы саласы бойынша округте 2 мыңға жуық мүйізді ірі қара есепке алынған. Қой мен ешкінің саны шамалас, жалпы саны 3 мыңға жақындайды. Қазақтың жанына жақын Қамбар ата төлі мыңнан сәл-ақ асады. Есесіне осындағы мамандар маң-маң басқан, шудаларын шаң басқан, төрт аяғын тең басқан 263 түйені санап келген. Сондай-ақ мал басы бірдейлендіріліп, базаға енгізілген. Барлығы дерлік сырғаланды деген ақпар алдық. Бұл мал ұрлығын алдын алуға, кәсіпкерлерге мемлекеттен субсидия алуға септесетінін білеміз.
Сырттан келген адам көзі алдымен ауыл бейнесіне қадалады. Одан бұрын қазылған жердің жанында жатқан құбырларға назар ауары сөзсіз. Былтыр “Ауыл – ел бесігі” арнайы бағдарламасымен Басықара ауылына газ желісін тарту жұмыстарына қаржы бөлініп, қазіргі таңда мердігер мекемесі тарапынан жерді қазу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұдан бөлек, аудан орталығымен байланыстыратын трасса ойлы-қырлы күйге түскенін көпшілік біледі. Аудан әкімі тоқсандық есебінде “Әйтеке би – Басықара” аудандық маңызы бар автожолының орташа жөндеу көретінін айтқан. Қазіргі күні мердігер мекеме анықталып, жақын арада құрылысшылар қызметіне кіріседі.
Басықаралықтар үшін биыл қуанышты жаңалық аз емес. Мәселен қазіргі таңда аудандық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі ауылға кіреберістегі көпірге қайта жаңғырту жұмысын жүргізіп жатыр.
Биыл аудан әкімі Мұхтар Әуесұлы қаржысын шешіп берген 6 көшеге түнгі жарықшам орнату мен осындағы 12 көшені асфальттау жұмысы аяқталуы тиіс. Ауыл әкімі сапасын бақылауға алса – ортақ абырой.
Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ
21 маусым 2022 ж. 469 0

Ісі ілгерілеген өндіріс

23 қараша 2024 ж. 70

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930