Берекелі, бірлікті Басықара
Соңғы жылдары сарапшылар арасында «Қандай да бір мемлекеттің тұрмыс-тіршілігімен танысқың келсе, алдымен ауылының ахуалын анықта» деген пікір қалыптасқан. Елдің қоғамдық-саяси тұрақтылығының шешушi факторы саналатын ауылдардың ау-жайы қалай? Нарықтық кезең қалыптасқан тұста қиыншылықтан қаймықпай шыққан мекеннің даму динамикасы, бүгінгі беталысын білмекке Басықара ауылдық округіне бағыт алдық.
Тарихи өлке, тамырлы топырақ
Ауыл қолбасшылық қыры, әулиелігімен танылған, аңызға айналған тұлға, батыр әрі әулие Басықараның атымен аталған. Алғаш 1934 жылы №3 ауылдық совет болып құрылған. 1949 жылы ауылдық совет тарағанда, Қарашеңгел ауылдық советіне қарасты болды. 1973 жылы Басықара ауылдық советі аталады. 1997 жылдан-2001 жылға дейін Басықара ауыл әкімшілігі Құмжиек ауылдық кеңесіне қарайды. 2001 жылы Басықара ауылдық округі болып қайта құрылады.
Округ тарихы туралы айтылғанда, Басықара су торабы туралы тоқталмай кетуге болмайды. Өткен ғасырда Қазалы, Арал аудандарындағы суармалы егістік пен шабындықты жеткілікті мөлшерде игеру үшін су тапшылығынан құтылудың жолдары қарастырылады. Зерттеу жұмыстарының нәтижесі Сырдария өзеніне су тоспасын салудың қажеттілігін көрсетеді. Бастамаға дәл осы Басықара елді мекенінің тұсы қолайлы деп табылады.
1963 жылы басталған нысан – Қазалы су торабының құрылысы бүкілодақтық екпінді құрылыс саналады. Жаңа құрылыспен бірге екі пәтерлі 19 үй, 8 жылдық мектеп, клуб, емхана, балалар бақшасы, монша, орталық жылу жүйесі бой көтереді.
1970 жылы Қазалы су торабының құрылысы пайдалануға беріледі.
Өткенге зер салсақ, ауыл шаруашылығындағы реформаның бастапқы кезеңi де басқаларадай басықаралықтарға да айтарлықтай әсерін тигізді. Әлеуметтiк тұрмыс нашарлап, жұмыссыздық белең алған бұл кезеңдегі сын көтермейтін жағдай тұрғындардың әлі есінде. Мұндай қиындықтан ауылдағы ағайын бірлікшіл болмысы, елді мекендерді дамыту мен қолдауға арналған мемлекеттік кезең-кезеңді бағдарламалар арқасында бойын тіктеді, қатарға қосылды. Оларды жүзеге асыру барысында бұл жердің әлеуметтiк, көлiктiк және инженерлiк инфрақұрылымдарын қалпына келтiру жүзеге асырыла бастады. Түбегейлі түлемесе де, аудан орталығына жақын, барып-келiсi оңай округтің жағдайы едәуiр жақсаруының негізгі себебін ауыл адамдарының еңбекке деген ұмтылыстары, ертеңге деген көзқарастарымен байланыстыруға болады.
Қазіргі уақытта Басықара ауылдық округінен 244 отбасы тұрақ тапқан. Олар ауданның 1208 тұрғынын құрайды.
Округтегі қос қабатты, замануи технологиялармен жабдықталған №182 орта мектеп 2010 жылы салынып, пайдалануға берілген. Ондағы 237 балаға 45 мұғалім оқу-тәрбие жұмысын жүргізеді. «Балапан» шағын орталығына 20 бала барады. Мектепте оқу-тәрбие жұмыстары жолға қойылған. Ауылдық клуб, кітапханамен берік байланыс түзілген. Оқушыларды ынталандыру мақсатында жүйелі жұмыс жоспарлары түзілгендігі туралы мектеп директоры Гүлдәурен Бақытбергеновтен білдік. Байқағанымыздай, мұнда танымал түлектер білім ошағына үнемі қолдау үрдісін қалыптастырған. Мектеп басшысынан естіген тағы бір жағымды жаңалық, талантты шәкірттердің бірі, №17 Қазалы ауданы олимпиадалық резервінің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер мектебінің тәрбиеленушісі, республикалық жарыстарда топ жарған жерлесіміз, Қазақстан Республикасының спорт шебері Таися Алексееваның бұдан әрі жаттықтыру ісін Илья Ильиннің бапкері Вилори Пак қолға алған.
Типтік жобада бой көтерген тағы бір нысан «Басықара» фельдшерлік-акушерлік бөлімшесі халыққа қалтқысыз қызмет етуде. Күрделі жөндеу жүргізілген Басықара ауылдық клубы, 50 орындық №8 «Тілашар» бөбекжай-балабақшасы, Қазалы су торабы өндірістік учаскесі, ауылдық кітапхана, №12 су көтеру бекеті, байланыс бөлімшелері, аудандық ән-әуез мектебі филиалының жұмысы жергілікті жердің келешегінен күдер үзбей, болашағына байыппен қарауына мүмкіндік туғызатындай. Округ орталығына қарасты халықаралық, ауыларалық жолдар мен негізгі көшелерге түрлі деңгейдегі жөндеу жұмыстары жүргізілген. Жаяу жүргіншілерге жағдай қарастырылған. Жарық тартылған. Абатты орталығы мен ондағы түрлі шағын ескерткіш мүсіндер күтімі мен көркейту-көгалдандыру, тазалық жұмыстары жолға қойылған. Күн санап көріктеніп келе жатқан округтегі ағайынның базынасына ден қойғанда, жеке басты күйттеген мәселе емес, әлеуметтік жай-жапсарға қанықтық.
Алысқа сабылмай, ауылда өсіп-өніп жатқан азаматтың бірі – Ғалымжан Сисен. Қазалы су торабы өндірістік учаскесі басшысының орынбасары болып жұмыс істейтін жас мекемеде тазалық жұмыстары жолға қойылғандығы, айналасындағы өсімдіктер мен ағаштарға жақсы күтім жасалатынын жеткізді. 22 адам тұрақты жұмысшысы бар торап жұмысшы-қызметкерлері биыл – 2000 қаламша тігіп, 6000 түп талды күтіп-баптаған.
Ертешіл ел, ертеңшіл ер
Ерте тұрған адамның ырысы артатын мұндағылар ертеден бойына сіңірген. Ата кәсіп – мал шаруашылығын қолға алғандардың қатары жыл санап көбейіп келеді. Жергілікті дақылдар мен бау-бақша егіп, тірлігін тіктегендерді көргенде «Су – ырыстың көзі, Еңбек – кірістің көзі» нақылы ойға оралады.
Ауылдық округ әкімі Мұратбек Бекмамбетовтің айтуынша, қазіргі таңда округ бойынша 56 кәсіпкер тіркелген. Олардың қатарындағы «Медеу», «Нұржан», «Адина», «Рамазан-2», «Ахмет», «Жеңісбек», «Асан Қайрат», «Шәмшәдинов Марс», «Сәрсен Базарбике», «Жалаңтөс», «Елеулиевтер әулиеті», «Дүсеней», «Бахыт», «BACARA AGRO» шаруа қожалықтары, «Нұр Бастау», «Басықара құрылыс» селолық тұтыну кооперативі, «Бақ табыс» серіктестігінің серпінді істері көпке таныс. Мұнан өзге аралас заттар дүкендері, буфет, тігін цехы, бақташы, көлік жөндеу орны, шаштараз, металл, ағаш бұйымдарын жасау шеберханасы, сұлулық салоны, бақша өнімдерін консервілеу, такси қызметі, ұсақ сауда, нан цехы, монша жұмысын жүргізіп, ауылдарына жұмыс тауып беруде.
Кәсіпкерлік саласында мемлекеттік бағдарламалар арқылы 2020 жылдың 12 айында құны 27,2 млн теңгені құрайтын 14 жоба қаржыландырылған. Олардың ішінде несие бойынша 20,0 млн теңгеге 1 жоба, грант бойынша 7,2 млн теңгеге 13 жоба ұсынылған. «Ауылшаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ арқылы «Адина» шаруа қожалығы мал шаруашылығын дамыту мақсатында 20,0 млн теңгеге қол жеткізген, 2020 жылы «Бизнес-Кеңесші» жобасымен 1 тұрғын, «Бастау Бизнес» жобасымен 8 кәсіпкер, “Бизнес Мектеп” жобасымен 2 жас білімін толықтырды.
Жыл басынан бері «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ арқылы жеке кәсіпкер Болат Далиев мал шаруашылығын дамыту мақсатында 10,0 млн теңгеге қол жеткізген. Мал шаруашылығын өрістетуді мақсат тұтқан жеке кәсіпкер Нұрболат Сағымбаев “Қазалы Несие” ЖШС арқылы 3,5 млн теңгеге құжаттарын тапсырған.
2021 жылы “Бастау Бизнес” жобасымен оқу үшін 3 басықаралық оқу курсынан өткен.
Бұл күні біз Басықара ауылына кіреберісте орналасқан, көлемі 30 сотық жерді алып жатқан мал бордақылау алаңында болдық. Жақын күнде пайдалануға берілетін 20 бас сиыр, 20 бас жылқыға арналған жаңа, жарық, жайлы, заманауи үлгіге лайықталған орыннан бір тұрғын қосымша жұмыс тапқан. Меншік иесі, мемлекеттік бағдарламамен 4 миллион теңгеге қол жеткізген Құдайберген Қаратаев қосымша баз, жем қоймасын салуды көздеген. Бізбен әңгімесінде кәсіпкер: «Біздің иелік жанында бос жатқан көлді жер бар. Осы жердің мәселесі шешілсе, өзім бір кезде айналысқан үй құстарының санын көбейтуді көздеп отырмын», – дейді.
Басықара ауылындағы Сәкен Сейфуллин, Абай Құнанбаев, Аманкелді көшелеріне орташа жөндеу жұмыстары жүргізілген. Жұмыспен қамтудың 2020-2021 жылдарға арналған Жол картасы бағдарламасы аясында 11 млн теңге қаржы бөлініп, игерілген. Балалар ойын алаңының ағымдағы жөндеу жұмыстарына 4 млн теңге бөлініп, футбол алаңының қоршауларымен жабынды төсеніші ауыстырылған. «Күн» монументінің ағымдағы жөндеу жұмыстарына 900 мың теңге қаржы бөлініп, игерілген.
2021 жылға ауылдың 12 көшесіне асфальт төсеу және 6 көшеге түнгі жарықшамдар орнатуға жоба-сметалық құжаттама дайындалып, облыстық, аудандық бюджеттерге және “Ауыл – ел бесігі” бағдарламасының тізбесіне енгізілген. Аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімі арқылы ауылға табиғи газ тартуға жоба-сметалық құжаты әзірленген. Мұнан өзге де елді мекендердің жағдайын оңалту, ауыл халқының жақсы өмір сүруі үшін мемлекет тарапынан түрлі шараларды жүзеге асыру жалғасын табуда. Көрікті көшелердегі биік, көркем тұрғын үйлер, қатары көбейіп келе жатқан кәсіпкерлік нысандар, жастардың көптеп шоғырлануы сынды жанды жадыратар көріністерді көргенде Басықарадағы жұртшылық ертеңге деген сенімін байқау қиынға соқпады.
Алтын ҚОСБАРМАҚОВА,
фото Серік АҚМЫРЗА