Хиджабқа рұқсат беріле ме?
Формаға байланысты мектепке бармай жүргендер мәселесі онлайн оқу арқылы шешілуі мүмкін деген ақпараттар осы күні әлеуметтік желіде өріп жүр. Мәселе мынада жақында Мәжілістің кулуарында оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетовке журналистер тарапынан мектептегі хиджаб мәселесіне қатысты сауал қойылған. Аймағамбетов министрліктің алдында тұрған басты мәселе – осы балаларды мектепке тарту, оларды біліммен қамту екенін атап өткен.
«Қазақстан – зайырлы мемлекет, мектеп те зайырлы әрі мемлекеттік мекеме. Министрліктің тиісті бұйрығы мен талаптары бар. Ол өзгермеді және өз күшін жойған жоқ. Әрине мектеп формасын сақтау керек. Бірақ шындыққа қарап, мәселені жасырмауымыз қажет. Осы мәселеге қатысты мектеп жасындағы балалардың мектепке бармай жүрген фактілері бар. Ата-анасы орамал таға алмағандықтан мектепке жібермей жүрген қыздардың мәселесін қарастырдық. Осы себепті балалар мектепке бармаса немесе қашықтан оқуға көшуге мәжбүр болса, бұл кері әсер етеді. Ал біз инклюзивті қоғам болуымыз керек», – деген еді Асхат Аймағамбетов.
Білімнің инклюзивті болуы өте маңызды деген министр балаларды толыққанды біліммен қамтамасыз ету керектігін жеткізді. Оның айтуынша, онлайн форматта да болуы мүмкін.
«Қазір мектепке бармайтын балалар не істеп жатыр? Мәселен, ол балалар «шетелде оқимыз» деп мектептен құжаттарын алып кетеді. Бірақ шын мәнінде олар Қазақстанның шекарасынан асып, ешқайда бармайды. Яғни олар елімізде онлайн білім болмағандықтан көрші мемлекеттердің онлайн-мектептерінде оқып жатыр. Ал кейбірі мүлде мектепте оқып жатқан жоқ. Бізге бұған жол беруге болмайды. Балалар міндетті түрде білім алуы керек», – деді Аймағамбетов.
Алайда министрдің осы пікірінен кейін қоғамда «орамал» мәселесі қызу талқыға түсті. Заңгер Айгүл Орынбек министрге қарата: «Дамыған елдер ғылымға, өркениетке ұмтылса, біз – шүберектен әріге аса алмай отырмыз. Балаларға кәмелет жасына жетпей ата-анасы өз наным-сенімдерін тықпалап, мәжбүрлеуге болмайды» деген заңды енгізу керек. Әр бала кәмелет жасқа толғанда бұл мәселені өзі шешуі тиіс. Асхат Аймағамбетов мырза, балалардың киімімен емес, ең алдымен білімімен айналысқаныңыз жөн», – деді.
Ал Нұр-Сұлтан қаласындағы №90 гимназия директоры Аятжан Ахметжанұлы мәселенің екі жағын қарастырады.
«Дәл қазір хиджаб мәселесі неге қозғалды? Бірінші, хиджаб киюге рұқсат бермегені үшін, өзге елге көшіп кеттік деп қағаз жасатып, бірақ білім алмай қалып жатқан қыз балалар жылдан жылға көбейді. Екінші, Ресейдің немесе басқа елдердің онлайн мектептеріне тіркеліп қойып, оқыған оқымағаны белгісіз адам көбейді. Үшінші, кейбір құжат жүзінде қарапайым, бірақ іс жүзінде діни жеке мектептер пайда бола бастады», – деген ол хиджабқа рұқсат берсе не болатыны жайлы айтты.
Жалпы орамал мәселесіне қатысты өз көзқарастарын білдіріп, түрлі пікірлерімен бөлісушілер қатары баршылық.
– Бұрынғы Иран мен қазіргі Иран, кешегі Ауған мен бүгінгі Ауғанстан. Туф десек түкірігіміз тиетін Түрікменстан секілді мемлекеттердің елдік мәселесі, бар тықыры жеткен шаруасы – қыз баласына ғана тіреліп қалған күні құлдырау басталған.
Хиджабқа қатысты көкпар басталып кетті білемін, бірақ қазақтың әр қызы оқуы тиіс. Дамыған елді – дана аналардан тәлім-тәрбие алған ұл-қыз құрады. Экономикалық-әлеуметтік әлеуеті қуатты ешбір мемлекет әйелдің етегімен алыспайды.
Хиджабты кию, не кимеу – ол таңдау. Бірақ жеке басым, хиджабты ки деу әйел адамды кемсіту деп білемін. Мен әуелі индивид, сосын тұлғамын. Жер бетіндегі қоғам мен өркениетке жеке дара тұлға ретінде еңбек пен білім және өнеріммен содан соң ғана саналы ұрпақ әкелу арқылы қосатын үлесім бар.
Орамалды тағудың сан әдісі, ұзын етек көйлектің мың түрі бар. Қазақ ұлтына сай нұсқасын кию керемет қой. Орамалға жау емеспін, дос та емеспін. Қазақ қапқа қызын салмаған, айдай жүзін жаппаған, нихабта тұншықтырмаған, – деп Қымбат-ай Тойлыбай өз ойын білдіріпті фейсбук парақшасында.
Қымбат-ай Халлед Хоссейнидің «Әйелдері білімсіз елдің аспаны мәңгі қараңғы» деген тәмсілін де тілге тиек еткен.
Айта кеткен жөн, жаңа оқу жылынан бастап оқушылар «Патриотизм және жаһандық құзыреттер» атты курсты оқи бастайды-мыс. Бұл туралы БҒМ аппарат жиналысында Ы.Алтынсарин атындағы ұлттық білім академиясының президенті Мәдина Тыныбаева мәлімдеген болатын.
«Патриотизм және жаһандық құзыреттер» курсы 5-11 сынып оқушыларына арналған. Оның мақсаты – баланың талдау қабілеті мен шеберлігін дамыту. Жаңа жоба өңірлік әдістемелік орталықтарға танысу үшін жіберілді. Сол сияқты жаңа курсқа қатысты түсіндіру жұмыстары жүріп жатыр, – дейді Мәдина Тыныбаева.
Ресми мәліметке мән берсек, мектеп оқушыларына арналған жаңа курс 2022-2023 оқу жылында қолданысқа енгізілгелі тұр.
«Патриотизм және жаһандық құзыреттер» курсы 5-9 сыныптарда «Парасаттылық және әдеп», «Экология мәдениеті», «Азаматтық және патриотизм», «Өмір қауіпсіздігінің негіздері» мен «Медиа және қаржылық сауаттылық» салалары қамтылмақ.
Білім басшысы көтеріліп отырған мәселе – балалардың біліммен қамтылуы екенін айтқандай, орамал дауына қатысты әзір ешқандай ереже заңды қабылданған жоқ.
Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА