“Он адамға таратсаң, сауапқа кенелесің...”
«Медиа-Систем» агенттігінің осыдан 2 жыл бұрынғы зерттеу қорытындысы бойынша Қазақ елі халқының бесінші бөлігі, яғни 3,5 миллион адам әлеуметтік желіні үздіктіз пайдаланады. Зерттеу бойынша есептегі белсенділігі төмен қолданушының өзі кем дегенде айына бірнеше хаттар мен «посттар» жүктейді. Олардың басым бөлігін «Вконтакте» мен «Instagram» желілерінен табасыз. Себебі, ресейлік бағдарламашы Павел Дуровтың соц-ғаламында 2 миллион, ал Кевин Систромның инста-әлемінде 1,5 миллион қазақстандық тіркелген. Қалай болғанда да, бұл желілердің қолданылу көрсеткіші «WhatsApp» мессенджерінен басып оза алмайтыны ақиқат. Себебі, бұл желіде қолданушылар арасындағы әңгімелер мен «ауру» жазбалардың, яғни «10 адамға таратсаң сауапқа кенелесің, немесе...» деген хаттардың жолданылуы тең көрсеткіште. Сіздің де ұялы телефоныңызға таратуға мұқтаж хаттар келетін болар. Мұндай жағдайда қолданушылардың көпшілігі түбі белгісіз хаттың түпкі мақсатын білмей таратуға жеңін түре кірісіп кетеді. Ал бұл дұрыс па?
Айшылық-алыс жерлерден жылдам хабар алғызған әлеуметтік желілер елімізге ене қоймаған жылдары осы сарындағы хаттарды қағазға басып, көше-көшелерді аралап таратып жүргендерді де көзіміз көрді. Мәтінді ондаған данаға көшіріп, басқаларды да хабардар қылуды сұрайтын өтініш сарынындағы «ауру» хаттарды бөлісетін болсаңыз, көл-көсір сауапқа кенеледі екенсіз. Бұрындағы жылдары келетін хаттардың соңында «таратпаған жағдайда бәлеге ұшырайсыз» деген тіркемесімен қоса жүретін. Тексеруші құзырлы органдардың көзіне түсуден қорыққаннан болар, қазір олар да қорқытуды қойған. Есесіне «Жұма мүбәрәк болсын» немесе науқас балаға ота жасау үшін қаражат жинауға шақыратын хабарламалар үрейдің орнын алмастырған. Бірақ адамдар бәрі бір таратады. Бұл жердегі жалғыз мотивация – сауап. Қазақстан халқының басым бөлігі мұсылман қауымынан екенін ескерсек, мұндай «игілікті істің» сауабынан ешкім бас тарта қоймас. Ал, бұл туралы теолог мамандардың пікірі қандай?
– Ол хаттардың ешқандай күші жоқ. Яғни таратқаныңыз үшін сауап та жинамайсыз, таратпасаңыз күнә көтермейсіз. Тіпті, ол хатты бөліспегеніңіз абзалырақ. Себебі, астарында не жатқанынан хабарсызбыз. Бұл Кудитология, яғни «Өсек туралы» ғылым бойынша атқарылып жатқан жұмыс болуы да мүмкін, – дейді дінтанушы Бақтияр Оспанов.
Оның айтуынша, бұл мемлекеттің ішінде өсек неше күнде тарап кететінін, оның әсері мен ықпалы қандай болатынын зерттейтін ғылым. «Айталық, аталған ғылым мамандары ел ішіне адам сенетіндей өсек таратады. Сол хат таратушы адамға қайтып келемін дегенше қанша уақыт кететінін есептейді. Ал хабарлама келген сәтте, зерттеуге сай жоспар құрылып, жұмыстар жасалады. Сондықтан сыртқы жымысқы саясатпен жұмыс жасаушыларға көмектеспеймін десеңіз хатқа мән бермегеніңіз жөн. Мейлі, Құран мен хадистерден келтірілген сөздер жазылса да. Ал, ауру баланың суретін жолдап, оның еміне ақша жинау үшін банк шоттарын беретіндерге де әбден көз жеткізіп алғаныңыз абзал. Мұндай айланы пайдаланатын алаяқтар да жоқ емес.
Сол сияқты «Жұма мүбәрәк болсын» деген суреттердің де көп жолданылуы күмәнді. Олай дегенше «Жұма күнгі дұға-тілектеріңіз қабыл болсын» деген тілек абзал. Өйткені, жұма онсыз да мүбәрәк», – деді теолог.
Бұл мәселеге әлеуметтік желі саясатшыларының әрекеті ретінде де қарауға болады. Жоғарыдағыдай мәтіндегі хаттардың көп таратылуы желі қолданушылары арасындағы хат алмасу процесін де жоғарылата түсетіні анық. Сол арқылы әлеуметтік желілер өздерінің қолданыстарын кеңейтіп, танымалдылығын арттырады. Бұл өз кезегінде желі әкімшілігін қыруар табысқа кенелтпек.
Әрбір жаңашыл дүниенің пайдасымен қатар зияны да бірге жүретіні бүгінде қалыпты дүниеге айналған. Әлеуметтік желінің бұдан да басқа «әттеген-айы» жетерлік. Тигізетін көмегі де ұшан-теңіз. Бірақ, екі дүниеде де еңсеңді көтермейтін істен пайда таппай, босқа уақыт жоғалтатыныңыз хабарламаны таратар сәтте қаперіңізде болсын.
Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ