Уыз көже іштің бе?
– Сәлем бердік жеңеше, әжем уыз көже беріп жіберді, – деді.
– Бақытты бол! Үйге кір, қарағым, – деді төрде отырған апам.
Дастарқанның төменгі жағына отыра кеткен келіннің азанмен үйге ақ ала келгенін жақсылыққа балап, батасын берген кейуана қолындағы уыз көжені немерелеріне теңдей бөліп берді. Осы сәтте шаңыраққа өзгеше иіс алып келген дәмі тіл үйіретін ас бала күнімді есіме түсірді.
Көктем келді дегенше, қорадағы мал төлдеп, өріс кеңейеді. Сол уақытта аналарымыз жаңа төлдеген малдың уызын алатын. Одан міндетті түрде көже жасап, отбасымызбен бірге жақсы тілектер айтып ішетінбіз. Денсаулыққа пайдасы көп көжені әжелеріміз сәби сүйе алмай жүрген ауылдың келіндеріне ырымдап беретін.
Одан қалды ауыл шетіндегі үлкен апалар уыз көжені сиыры бұзаулаған көрші-қолаңға арнайы дайындап, «сүттің алды, сиырымыздың сүті мол болсын!» деген ырыммен қонаққа шақырады. Дастарқанды жайнатып, ақпен бірге бауырсақты жайып тастап дәм татқызатын. Сүт пен күріш араласып қайнаған дәмді тағамды үздіксіз араластырып отырып, тойып алатынбыз. Ал оның дәмін ұмыту мүмкін емес. Жұмыстан түстенуге келген азаматтар қымыз кесемен қайта-қайта ішіп, тіпті жұмысына алып кететін. Есік алдындағы таңнан асыр салып жүрген балғындар көженің иісі шықты дегеннен үйге асығып, жарыса ішетін.
Уыздың нәрлілік қасиеті кәдімгі сүтті екі орап алады. Уыз құрамында антиоксиданттар өте көп. Сондықтан ол ағзаның қорғаныш қасиеттерін арттырып, ас қорыту жүйесін ретке келтіреді. Анасының уызын тойып емген төл мықты болып өсіп, тез ширайды. Сондықтан қазақта «уызына жарымаған» деген сөз қалған. Бұл әлсіз және ауыршаң балаларға және төрт түліктің әлсіз төлдеріне де қатысты айтылады. Сиыр сүтінен жасалған уыздың адам ағзасына пайдасы өте зор. Атап айтсақ, имуннитетті нығайтып, шаршағанды басады, аллергия, астма, күйзелістен арылтады, альцгеймер ауруы, бас ауруы, ұмытшақтық, фарингит, өкпенің қабынуы, синусит, отит, диарея, дисбактериоз кандидоз, қант диабеті, гипогликемия, артрит, остеопороз сынды ауруларға қарсы тұрады.
Байқағанымыздай, уыздың емдік қасиеттері баршылық. Қазіргі кезде пайдалылығын білсе де, уызды өте сирек дайындап жүр. Тіпті неге екені белгісіз, қазіргі бүлдіршіндер уыз көжеден бас тартады.
Ал шетелдік ғалымдар болса уыздың мың түрлі дертке дауа екенін білген соң-ақ, оны кәдеге асыра бастаған. Кәдімгі сиырдың сүтінен жасалған уыздан дәрі-дәрмек жасайды. Капсулаға салынған уыз биологиялық белсенді қоспа ретінде түрлі елдерге таралып сатылуда. Оның ішінде Қазақстанда да сатылып жатыр. Бағасы да арзан емес, 60 капсула 4700-5000 теңге шамалас. Ол туралы іздестіре келсек, қазақ қасиетін ерте заманнан білген уызды Англияда 1981 жылы Гил есімді дәрігер оның пайдасын жаңалық ретінде жариялапты.
Сондай-ақ 1983 жылы Нью-Йорк мемлекеттік университетінің ғалымдары уызды «менингит, бронхит, пневмония, кандидоз, холера, диарея, дизентерия, дифтерия, полиомиелит» сынды ауруларға қарсы ем ретінде пайдалануға болатынын айтты.
1995 жылы Швециядағы Ульмея Университетінің мамандары уыз асқазан жарасын емдеуде бірден-бір қолданатын тағам деп атады.
Міне, қазақтың қасиетті асы талай жанның дертіне дауа болуда. Қазір біз уыз көжені ұлттық астар қатарынан шығарып алғандаймыз. Сондықтан пайдалы тамақтың тиімді жағын көптеп насихаттасақ артық болмайды.
Қаракөз ЕРМЕКБАЕВА