Жауынгерге рух берген жалынды әндер
Ұлы Отан соғысының отты жылдары тарихта айрықша орын алды. Сол кездерде туған өлеңдер мен әндер де жүректерде жатталды. Әсіресе, елге, туған жерге, отбасына деген сағыныш сазы әуелеген лирикалық әндер көп болды. Жалпыхалықтық сипат алған тәуелсіздік, бостандық, азаттық жырлары ел мен майдан даласында әуелете шырқалып, жауынгерлердің жігерін жаныды. Рухани күш беріп, қан майданда жүрген бозбаланың бойына қуат болып дарыды.
Жүз жасаған Жамбыл атамыздың «Ленинградтық өренім» өлеңімен жаралы жауынгер кеудесін оққа тосып, жауға қарсы төтеп берсе, оқ бораған майдан даласында шынжыр табан танкінің үстінде 19 жасар қазақтың қаршадай қызы, Халық Қаhарманы Роза Бағланованың әні әлемді жаңғыртып, жеңіске жетеледі. Рашид Мұсабаев, Нұрғали Нүсіпжанов, Люция Төлешова, Суат Әбусейітовтердің орындауындағы соғыс әндері де халықтық сипат алып, ел арасында кеңінен танылды. Бұл әндер бүгінгі бейбіт өміріміз үшін жанын берген ардагер ата-бабаларымызға құрметтің белгісіндей.
Биыл жеңіс туының желбірегеніне жетпіс жеті жыл толып отыр. Алайда есті әндер ескірмейді, керісінше уақыт өткен сайын сапасын жоғалтпай, жадымызда мәңгі жаңғыра бермек.
Соғыс жылдарының алғашқы әндерінің бірі «Қасиетті соғыс» әнін білмейтін жан кемде-кем. 1941 жылдың 24-маусымында В.Лебедев-Кумач «Известия» және «Красная звезда» газеттерінде «Қасиетті соғыс» өлеңін жариялады. Соғыстың төртінші күнінде сазгер А.Александров осы өлеңге ән жазды. Бірақ оның сөзі мен нотасын жариялауға уақыт болмағандықтан, ол жаңа туындыны бормен тақтаға жазып шығады. Әншілер мен музыканттар оларды өз дәптерлеріне көшіріп алады. Ал 26-маусым күні Мәскеудегі Белорус вокзалында бұл әнді әлі майданға аттанып үлгермеген КСРО-ның Қызыл Тулы Қызыл әскер ән мен би ансамблі топтарының бірі орындайды. Ән радио арқылы таралды. Ол: «Вставай, страна огромная!» деп басталатын алғашқы жолынан тыңдаушысын еріксіз еліктіріп, тартып әкетеді. Сұрапыл соғыс жылдарында мұндай әндердің маңызы зор болды. Сарбаздарды мойымауға, жаумен арпалысқа ең әуелі өзінің туған жері мен жақындары үшін түсуге шақырды.
Мәскеу мемлекеттік консерваториясының студенті, композитор Р.Елебаев қазақ атты полкінің әскери қызметінде жүргенде, осы полк маршына айналған «Жолдастар» әні, майдандағы солдаттарды ерлікке жігерлендіретін «Талғар полкінің маршы», «28 батыр», «23-полк маршы», және т.с.с. көптеген әндер жазды. Осындай әндерінің ішінде «Жас қазақ» әнінің алар орны бөлек. Бородино түбіндегі шайқас кезінде ерлікпен қаза тапқан Төлеген Тоқтаровты бүгінде біреу білсе, біреу білмес. Өзінің майдандас досының қазасын Рамазан осы әнімен жоқтап, оның ерлігін жеткізді. Ұлы Отан соғысының алғашқы әндерінің бірі болып Кенен Әзірбаевтың «Біздің Отан жеңеді» шығармасы дүниеге келген. Ақын бұл шығарманы соғыстың бірінші күні радиодан Кеңес үкіметінің «Біз әділет жағындамыз. Жау талқандалады. Біз жеңеміз» деген хабарламасын естіп шығарыпты. Бұл әнмен ол ауылдарды, өз облысының аудандарын аралап та жүрген екен. Біздің Отан жеңеді, Жеңіске елім сенеді, Жауына жаза береді, Біздің батыр қызыл ер, Соққыны мықтап береді,–дей келе, мына жолдармен елдегі адамдардың қорқынышын басып, үмітін арттыра түседі: «Аталар, аналар, Жеңгелер, ағалар, Жауды жеңіп жарқылдап балаларың келеді. Ура!». Ал осындай жақсылықты жебеген әндер ол кездері кез келген ананың жүрегінде қуаныш пен үміт сезімін ұялатқаны анық.
Бүгінгі күндері соғыс тақырыбындағы әндер Қазақ радиосының «Алтын қорында» ғана сақталған. «Алтын қорда» 11 мыңға жуық әндер бар деседі. Ал соғыс тақырыбындағы әндердің 93-і ғана бүгінгі электрондық қалыпқа сай көшірілген екен. Мұнда Ә.Бейсеуовтің «Соғыстың соңғы әні», Ә.Еспаевтың «Батальон», Т.Шәмеловтің «Оралмаған ағалар», Е.Рахмадиевтің «Жеңіс жыры», Б.Байқадамовтың «Мәншүк туралы әні» сынды әндермен қатар Ұлы Жеңістің 30 жылдығына, 50 жылдығына, 55 жылдығына арналған шығармалар бар.
Жеңіс мерекесінде «День Победы» әні міндетті түрде айтылады. Ұлы Жеңістің 30 жылдығы тойланған 1975 жылдан бері бұл ән – Жеңіс мерекесінің басты нышаны әрі негізгі әні. 1975 жылы КСРО композиторлары арасында мерекенің символына айналатын ән жазуға байқау жарияланған болатын. Байқауға ақын Владимир Харитонов пен композитор Давид Тухманов ән жазып, ұсынды. Оны ең алғаш Тухмановтың жары, әнші Татьяна Сашко орындады. Бірақ сол жылдардың талабы бойынша, бұл тым жеңілтек ән көрінді. Онда синкопа, яғни күшті және әлсіз ырғақтардың алмасуы батыс музыкасына еліктеу сияқты әсер қалдырды. Сөйтіп, композиторлардың аға буыны әнді орындауға тыйым салды. Дегенмен 9 мамыр қарсаңында түсірілген жаңажылдық телебағдарламада әнді Леонид Сметанников орындаса, қараша айында Лев Лещенко орталық телеарна басшыларынан жасырып, жаңа нұсқада айтып шықты. Осыдан кейін «День Победы» әні көпшілікке жігер беретін қастерлі әнге айналды. Бүгінде бұл ән күллі посткеңестік кеңістікте және алыс шетелдерде де орындалады. Оның сөзі көптеген тілге, соның ішінде, қазақ тіліне де аударылған.
Ал қаһарман қызға жасалған тағзымдардың ішіндегі ең ерекшесі Сейдолла Бәйтерековтің «Әлия» әні еді. Ән дүниеге 1975 жылы келген екен. Көзі тірісінде сазгер былай деген екен: «Ән ойымда біраз жүрді. Күрделі әуен жадымды баурай жөнелді. Басында ыңылдап қана жүрдім. Бірде Бәкір Тәжібаевтың жыр жинағын қолыма алып, аша бергенім мұң екен, көзіме ақынның Әлия Молдағұловаға арналған өлең жолдары түсті. Жадымда жүрген әуенге салып едім, құйып қойғандай дәл келді. Бұл ән арнау емес, бұл ән - жоқтау. Балғын қыздың ерлігін ұлықтау, ел жадында қалдыру үшін осындай ән қажет-ақ». Біреуі біліп, бірі білмес, Сейдолла Бәйтерековтың алғашқы нұсқасында «Әлия» деп айтылатын жерінде мүлдем басқа әуен болушы еді. Алайда композитор, қазақтан шыққан тұңғыш саксафонист Еркін Слетдинов сол жерін дұрыстап, құлағымызда қалған, бәрімізге таныс әуенмен өзгертті. Композитордың айтуынша, бұл жерде бұндай қатты дыбыстың шығуы мүлдем керегі жоқ. Дайын ән жас әнші Нағима Есқалиеваға ұсынылады. Алайда, ән кеңінен сол кезде 17 жасар әнші Роза Рымбаеваның орындауында танылды. 1976 жылы «Золотой Орфей» байқауында ән шырқалып, бірінші орынды иеленді. Мәскеуліктер «Әлия» әнін «Ең үздік жыл әні» деп бағалап, марапаттаған болатын. «Әлия» әні арқылы жас әнші Роза Рымбаева көпшіліктің көзайымына айналып, өнер көгінде кеңінен қанат қағуына жол ашты. Сондай-ақ, «Әлия» әні көпшілікке сазгер Сейдолла Бәйтерековты де таныстырды.
Жұртшылықты Отанын қорғауға, құрметтеуге үндейтін әнұрандық әндер, азаматтық әуендегі туындылардың мәні зор. Бұлар өскелең ұрпақтың бойында патриоттық сезімдерді қалыптастырып, халыққа рух беруді мақсат тұтты. Бұндай ерлік пен елдікті жырлаған жалынды жырлар әр жүректе мәңгі жатталары хақ.
Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА