Арықтан ажал құшты көп жеткіншек
Өткен жылы Қызылорда облысында айдың күні аманында 49 адам суға батып кетті. Оның 24-і әлі кәмелет жасқа тола қоймаған өрімдей жас жеткіншектер еді. Бұдан бөлек, жанынан жанашыры табыла қойған 16 адам ажал аузынан қалды. Бірақ мұндайда кез келген адам басын бәйгеге тікпейтініне түсіне қарау керек. Былтыр Басықара ауылының маңындағы каналдың біріне абайсызда қыз бала құлай кеткенде, бауыры құтқаруға тұра ұмтылып, сол маңда екеуі бірдей жан тәсілім еткені есте. Бұл уақытта үлкендер адам айқайын естімейтіндей жерде болғаны белгілі.
Ал сәрсенбінің кешінде кент орталығындағы Ақарық каналына құлап, дүниеден қайтқан бес жасар баланың обалы тіптен жанды жүдетеді. Мұның алдында Ғ.Мұратбаев ауылындағы есік алдындағы аяқсу өтетін арықтан ажалы жеткен үш жасар балапанның қызығын көрсетер шағында сапарлап кеткені тұтас жұрттың қабырғасын қайыстырды. Әрине, ақ пен қараны ажыратып, балалық қызығушылығы шегіне жетіп тұрған бүлдіршінді үйде байлап ұстау мүмкін емес. Қателік пен қапыда қалу қайсыбір пенденің қамданғанына қарап жатыр дейсіз?! Дегенмен мұндайда ата-ананың жауапкершілігі алдымен айтылатынын мойындауымыз керек. Күйбең тірлік, таң атқаннан қас қарайғанға дейінгі қарбалас, кейде ересектің есін тандырып жіберетіні рас. Бірақ қалай болғанда да Қазақстан Республикасының Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы Кодексінің 127-бабы кәмелетке толмаған адамды тәрбиелеу және (немесе) оған білім беру, оның құқықтары мен мүдделерін қорғауды міндеттейді. Ал қылмыстық кодексте кәмелетке толмаған адамды тәрбиелеу мен баланың өмірін қауіпсіз етуді дәлелсіз себептермен немесе тиісінше орындамаған ата-анаға берісі екі жүз айлық есептік көрсеткіште айыппұл салынса, арғысы үш айға қамаққа алынады.
Сөзсіз, ата-ана үшін бауыр еті баласынан айырылғаннан артық жаза, одан бетер бақытсыздық жоқ. Алайда бала тәрбиелеп отырған жандар сақтықта қорлық жоқ екенін ескеріп, кішкентайын үнемі бақылауда ұстаса, қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, ол жайында ескертуден жаңылмаса қайғылы жағдайдың қатары азаяр ма еді?! Әңгіменің ашығы, жыл сайын келетін үш ай шомылу маусымында ата-аналар дүниеге шырылдатып әкелген баланы шырылдап анау өмірге аттандырып алмаудың қамын жасаса игі. Түбінде мұндай жағайда бала үшін солар ғана жауапты.
Өткен жылы 500-ге жуық қазақстандық суға түсіп, мерт болған. Мұнда балалардың үлесі баршылық. Әрі-беріден кейін бүлдіршіндер жылында мұндай жағдай қайталанбаса екен деп тілейміз. Бұл үшін көл, арықтардың бала бойламайтын жеріне дейін шектеу, ата-аналарды ұдайы қауіп-қатер жөнінде ақпараттандыру, арық бойларын қоршау жұмыстары жүруі маңызды. Баланың қауіпсіздігіне байланысты жасалатын мұндай тірліктерді бюджет биыл қолдамаса, келешекке күмән күшейері сөзсіз.
Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ