Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Оқ жонбаған әке бар, тон пішпей жүр шешелер

Оқ жонбаған әке бар, тон пішпей жүр шешелер

Биыл – балалар жылы. «Баланың шаршадым дегеніне емес, қарным ашты дегеніне сен», – деген қазақтың бұл тәмсілінде түбі терең ой жатыр. Мұны құдайдан тілеп алған қарасының мұқтажын беріп, ілім-білім үйренуге, шаруаға баулуға міндеттеген деп түсінсек жарасады. Дегенмен бала тәрбиесінде заман ырғағына сай кемшіліктер аз емес. Қазіргі күні елде бала еңбегін пайдалану, бақытты балалық шақ құқығын бұзу, елдімекендерде білім алуға қолжетімділікке қолдан кедергі келтіру сияқты өзекті жайттар орын алып жүргені рас. Бәрінен бұрын қолайсыз отбасында ес жинап, өсіп келе жатқан бүлдіршіндердің болашағы алаңдатып отыр. Балалар жылында ерек мән берілуі тиіс мәселе болса, ол – ата-ана құқығынан айыру, яки баланы анасыз, әкесіз қалдыру жайы.

Салмақсыз неке – жар жетім бала

Отбасын құру – қазақ қоғамында өте нәзік әрі қиындыққа толы үдеріс. Мұның алғашқы сатысы тойға дайындық барысында байқалады. Әсіресе жұмыссыз жастар жастықтың буымен, жарқын болашаққа жасалған жүйелі жоспарсыз шаңырақ көтере салатын болды. Әсілі, жас та болса ниетті адам отбасын асырай алуы, оның құндылықтарын терең ұғыну ең алдымен маңызды екенін ескермейді. Шын мәнінде «үйлену – оңай, үй болу – қиын». Неке ресми қиылғаннан кейін, яки той өткеннен соң қиындықтың келесі легі ағылады.
Замануи қазақ келіндері үшін енемен бірге тұрып, тату-тәтті өмір кешу қиындап барады. Бұдан бөлек тойдың несиесі, жұмыссыздық, жұбайының теріс әрекетке үйір болуы қанша шаңырақты шайқалтып үлгерді. Және бұл жас отбасыда шарана дүниеге келгеннен кейін тіптен өршитін көрінеді. Ал осы сәттен бастап үшінші адам, әлі тұлға ретінде қалыптасып үлгермеген бала ажырасу мәселесінде көбірек зардап шеге бастайды.
Қазалы аудандық сотына жыл басталғалы бас-аяғы 4 айдың ішінде қазалылық 70 шаңырақ біржола кетісуге бекініп, арыз тастаған. Бұған өткен жылдың соңында шешімі шыға қоймаған тағы 20 отбасыны қосып қояйық. Қазірдің өзінде соның қырыққа жуығы ортадағы балаға да, кешегі екеуара кіршіксіз махаббатқа қарамай, ат құйрығын кесіскен. Тағы 13 жұп соттың медиация арқылы қайта қауышты. Осыған қарап, ауданда, бәлкім қазақ қоғамында отбасы институты әлсіреп бара жатқанын анық сеземіз. Бұл баланың сана дамуын бұзып, келешекке деген көзқарасын түптамырымен өзгертіп жіберетіні анық. Мүмкін, жас жұптарға өздері қалап тапқан сәбидің болашағына балта шапқаны үшін жазалайтын Заң шығару керек те шығар.

Жұдырықтан туған жауыздық

Әрбір бала бақытты отбасында өмір сүруге лайықты. Дегенмен мұны көпшілік ескере бермейді. Әсіресе үйдің отағасы тарапынан күш қолдану, шайтансуға мастанып, алдына келген адамға жұдырық ала жүгіру қоғамға таңсық емес күйге жетті. Психотерапевт мамандар отбасындағы ұрыс-керіс баланың жан-дүниесін терең жаралап, оның психикасына кері әсерін тигізеді деген пікірде. Ал Ұлыбритания ғалымдарының зерттеуінше, жанжал жиі болатын отбасында дүниеге келген сәби 6 айынан күйзеліске ұшырайды. Қазалыда жыл сайын ондаған нәзік жанды осы мәселе бойынша құзырлы органдарға шағым тас­тайтын көрінеді.
Аудандық прокуратураның дерегіне сүйенсек, өткен жылдың он екі айында отбасылық жанжалға байланысты бір қылмыс тіркелген. Отағасы ішімдікке сылқия тойып, әйелін аяусыз сабаған. Азаматтың денсаулығына орасан зақым келсе де, көп ұзамай жұбайына кешірім беріп, іс қысқартылған. Ал әкімшілік құқықбұзушылық тұрғысынан шағым түсіргендер саны соңғы 4 айда 26-ға жеткен. Бұл аз көрсеткіш емес. Олардың бір бөлігі ортадағы балаға қарамай ажырасып кеткені түсінікті. Ал бұл жазықсыз бүлдіршінді өзін кінәлағыш күйге түсіретінін білдік.
– Мен 3-6 жас аралы­ғындағы баланы айтып отырмын. Ол «Ата-анамның ажырасқанына мен кінәлімін» деп ойлайды. Бала жағдайды толық түсінбейді. Себебі сыни ойлауы әлі қалыптасқан жоқ. Бала ересек адамдардың арасындағы қарым-қатынас қандай болатынын білмейді. Бұл да психологиялық соққы. Мұндай жағдайда ата-ана баласын алдына отырғызып, «Құлыным, біз сені жақсы көреміз. Ажырасуымызға сен кінәлі емессің. Біз сенің ата-анаң болып қала береміз. Қазір біз бөлек тұрғалы жатырмыз» деп онымен сөйлесуі керек. Бұл балаға тыныштық сыйлайды, – дейді психолог, психоаналитик Сая Бақимова. Алайда жанжал төбелеске ұласқан жағдайларда мұндай мәміле өтімділігін жоғалтады.

Маскүнем ата-ана – сенімсіз бала

Белгілі психологтың бала санасына зиян келтіретін жайттар туралы кезекті пікіріне назар аударғанды жөн көрдік. Сая Бақимова жиі ұрыс-керіс болатын отбасында тәрбиеленген балалар ешкімге сенбейтінін айтады. Тіпті оларда паранойя ауруы пайда болуы мүмкін.
– Баланың ата-анасы маскүнем болды делік. Мұндай отбасында өскен балалардың адамға сенуі өте қиын. Өйткені бұл үйде базалық сенім қалыптаспаған. Баланың паранойясы болуы мүмкін, – дейді маман.
Расында ішімдікті өмір салтына айналдырған отбасылар ауданда жоқ деп айта алмаймыз. Күнделікті сылқия масайып, әйелін сабайтын, кейін әйелі ерегесіп, маскүнемдер қатарына қосылып кеткен отбасы жайы бізден жасырын емес. Олар өмірге әкелген балалардың тағдыры қоғамды алаңдатары сөзсіз.

Ата-ананы құқықтан айыру құлыншақты құтқара ма?

Қазіргі күні Қазалыда санаулы қолайсыз отбасы бар. Бірақ айналдырған екі шаңырақтың мәселесі көп адамның ой-санасына жүк түсірер салмағы бар. Бұл сөз онда тәрбиеленіп отырған балалардың болашағы үшін шешім қабылдайтын арнайы комиссияға қаратып айтылып отыр.
Биыл аудан әкімдігі жанындағы балалардың құқығын қорғау жөніндегі комиссияға екі отбасын ата-ана құқығынан айыру туралы ұсыныс түскен. Алайда жиында екеуі де кері қайтарылған. Оның бірі комиссиялық талдау барысында татуласып, мәмілеге келген. Бірақ екінші жұп қарауға екінші рет келгендіктен комиссия мүшелері арасында пікірталас туған. Ақыры балалардың анасын Қызылорда қаласында ерікті түрде емдеуге келісіп, қосымша уақыт беру туралы шешім шыққанын білдік. Бұдан бөлек аудандық полиция бөлімінің тарапынан осындай жағдайдағы үш жеткіншек бақылауда тұр.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың биыл балалар жылын ­жариялауы есепсіз концерттік шаралар мен жиындар өткізуді меңземейтіні түсінікті. Мұны қиын жағдайдағы балалардың отбасындағы мәселесін шешуге бағытталған деп топшыладық. Ендеше қолайсыз отбасының ішкі мәселесіне кірігіп, бүлдіршіндердің бақытты балалық шағын қалыпқа келтіріп беруге күш салар мезет келді. Қоғам жөнді болуы үшін отбасындағы тұрақтылыққа болысу сіз бен біздің, билік пен бұқараның ортақ мүддесі болуы шарт.
Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ
04 мамыр 2022 ж. 602 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031