Жеткіншек жеке қалғанда
Үйдегі көңіл-күй нарықтың аяқалысына қараған бүгінгі заман бала тәрбиесін шетке ысырып қойды. Аузы дуалы ата, «айналайыны» түгесілмейтін әже азайды. Бәрі бірдей күйбең тірліктің қамымен, ошақ басында ауқаттанғанда ғана бас қосады. Түске дейін мектепке барып келген баланың сабақ барысынан, басқасынан хабары шамалы. Ал тәрбие эликсиріне толыққанды тойынбаған бала түзде таңсық қылық шығаруды үйренеді. Жаман әдетке үйір, қылмыс жасауға бейім келеді. Ата-аналар бұған аса мән бермегендіктен өзін ересек сезіне бастаған жеткіншектер қылмысы өршіп барады.
Бала бағып отырған кез келген үйде өтпелі кезеңдегі жеткіншекпен батыл әрі жан-жақты әңгіме жүруі тиіс. Жасөспірімді ересектікке асықпауға үндейтін тәлім беріліп, бәрінен бұрын білім алуға ден қойдыру маңызды. Әйтпесе ер бала көше түсінігін дұрыс санап, нәзік жандылар ойын-сауықты өмір салтына айналдырып алуы ғажап емес. Қазіргі күні Қазалыда өзекті мәселе қатарына қосылып келе жатқан кәмелетке толмағандарға жыныстық қол сұғушылықтың артуы соның бұлтартпас дәлелі. Өткен жылы дәл осы бағытта үш бірдей қылмыс тіркелген. Бұл моральдік тұрғыда қоғам үшін аса ауыр қылмыс екені даусыз. Соған сай жазаны өтеу мерзімі де ұзақ деп ойлауға болады. Бірақ олай емес.
Мәселен, өткен жылы тіркелген жеткіншекке жыныстық қол сұғушылық бойынша ересек азамат 2004 жылы туған кәмелетке толмаған қыз баламен қатынасқа түскен. Тергеу барысында айыпталушы мұндай әрекетке қыздың кәмелет жасқа толмағанын біле тұра барғанын мойындаған. Осы әрекеті үшін Қызылорда облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты кінәлі деп танып, бас аяғы 2 жыл 6 ай мерзімге бостандығын шектеуге үкім шығарыпты. Мұны естіген ата-ананың жүрегі сыздап, «не жаздым» күй кешкенін кез келген адам түсінер. Бірақ бала тәрбиесіндегі салғырттықтың соңы басқа да бала тәрбиелеп отырғандарға сабақ болса екен. Аудан прокуроры Бақытжан Мырзабаев солай дейді.
– Кейбір жағдайларда күнделікті тұрмыс-тіршілікте балалардың өсіп-дамуына, араласып жүрген ортасына назар аудармаймыз. Ашығын айтсақ, ата-ана өз шаруасымен, ал балалар өз бетімен кеткен. Оның салдары осындай қылмыстардың орын алуына себеп болып жатады. Бұдан бөлек кәмелет жасқа толмағандар жасайтын қылмыстар саны да алаңдатушылық туғызып отыр.
Өткен жылы жеткіншектер қолымен жасалған 4 қылмыс тіркеліп, 2020 жылмен салыстырғанда бір деңгейде қалған, – дейді Бақытжан Әбдіжаппарұлы.
Жіктеп берер болсақ, балақайдың бірі екінші адамның денсаулығына қасақана ауыр зиян келтіруді көздеген. Екі жасөспірім ұрлық жасап ұсталса, тағы біреуі бұзақылық жасағаны белгілі. Мысалы ретінде айта кетейік, өткен жылдың сәуір айында Қазалы аграрлы-техникалық колледжінің екінші курс студенті орталық базар жанында Бозкөл ауылындағы №96 орта мектептің 11 сынып оқушысына пышақ сұғып алған. Балалар арасындағы мұндай жауыздықты тәрбиеден басқамен байланыстыра алмаймыз. Ақыры кінәлі жеткіншек сот үкімімен 1 жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасын алып, болашағына балта шапты, ата-анасының өкініштен өзегі өртенді.
Кім де болса баласын жаман болсын демейтіні хақ. Бірақ кейде тілектес болудың өзі жеткіліксіз көрінетіні бар. Мамандар кәмелетке толмағандардың қылмысқа баруы қолайсыз, берекесіз жанұямен тікелей байланысты екенін айтады. Сондықтан бала жақсы болсын десек, отбасыдағы береке мен тыныштықты сақтау маңызды екенін түсінеміз. Ал көңілі тоқ балаға берілген тәрбие сіңімді де, ғұмырлы болады.
Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ