Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Қауіпті диагноз үкімі ауыр

Қауіпті диагноз үкімі ауыр

Қазір бүкіл әлем бойынша қатерлі ісікке шалдығушылар саны артып отыр. Бүгінде обыр өлім-жітім саны жағынан жүрек-қан тамыры жүйесінен кейін екінші орынға шықты. Көптеген адамның бұл диагнозды үкім ретінде қабылдайтыны рас. Бірақ қазіргі заманғы медицина мен ғылым онкологиялық аурулардың басым бөлігін емдеуге мүмкіндік береді.
Онкология мағынасы ауырлық, жүк дегенді білдіреді. Ол қатерсіз және қатерлі ісіктердің пайда болу механизмін, профилактика әдістерін, диагностика және емін зерттейтін медицинаның тармағы болып табылады.
Қатерсіз ісік – баяу өседі. Сыртында қасындағы тіннен бөлектейтін капсуласы болады. Көп жағдайда ауырсынбайды және ағзаға зиянсыз.
Қатерлі ісік – тұтас ағзаның жүйкелік-эндокриндік реттеулеріне бағынбай, өз бетінше дербес өсетін, құрылымы мен қасиеттерінде шыққан тін жасушаларынан үлкен алшақтықтары бар, шексіз бөлініп көбейетін және жаңадан қабылдаған қасиеттерін туынды жасушаларына бере алатын, дерттік өзгерістерге ұшыраған жасушалардың тым артық өсіп-өнуі болып келеді. Өте жылдам өседі, және капсуласы болмайды. Сондықтан жақын орналасқан тіндерді зақымдайды. Өзгерген, яғни, обыр жасушасы қан арқылы басқа мүшелерге тарап, сол тіндерді зақымдайды. Ісік жасушалары лимфа түйіндері мен қан тамырлары арқылы метастаз беріп, ағзаны жайлап науқастың өліміне әкеледі.
Адам ағзасына зиян келтіретін обыр радиация, ультракүлгін, канцероген, вирус және тұқым қуалаушылық салдарынан пайда болады.
– Онкология жалпы толық зерттелмеген жас медицина саласы десекте болады. Соңғы жылдары тез қарқынмен дамып келеді. Тез дамуының себебі онкологиялық ауру, қатерлі ісік ауруы тез өсіп, жасарып келе жатыр. Жыл сайын дүние жүзінде милиондаған халық осы қатерлі ісіктен көз жұмады. Өлім жітім және аурушаңдық дамыған елдерде жоғары процентті құрайды. Қатерлі ісік емге қиын көнеді және асқынған түрімен анықталған жағдайда өліммен аяқталады. Сондықтан дәрігерлер және медицина қызметкерлері қатерлі ісіктің профилактикасына аса мән береді, – дейді Қазалы теміржол емханасының онколог-мамалогы Гүлфариза Жақсылықова.
Маманның айтуынша, көп уақыттан бері қатерлі обыр шылым шегушілерде жиі кездеседі. Көбіне ер кісілерде – қуық асты безі, асқазан, тік ішек, бауыр және тағы басқа түрлерге бөлінеді. Ал әйелдер – сүт және қалқанша безінің қатерлі ісігіне жиі шалдығады. Өйткені әйелдер уайымшыл. Сол себепті де горомональды тұрақсыздық пайда болады да, уақыт өте қалқанша безінің қатерлі ісігіне айналады.
Өткен жылдың қорытындысымен Қазалы теміржол емханасына қарасты статистикаға сүйенсек, жалпы қарасты халық саны – 21671 адамды құрады.
2020 жылмен салыстырғанда онкологиялық дерт құрығына 25 науқас іліккен. Бұл көрсеткіш бір жыл салып екі есеге көбейген. Бір өкініштісі, обырмен ауыратындар саны – 50-ге жеткен.

Елдегі жағдай қандай?
Соңғы бес жылдықта Қазақстанда 181 мың адам қатерлі ісікке шалдыққан. Оның 34585-іне қауіпті диагноз тұңғыш рет қойылыпты. Пациенттердің басым бөлігі Алматы қаласының, Шығыс Қазақстан, Қарағанды және Алматы облыстарының тұрғындары.
Ресми деректерге сүйенсек, өткен жылы қатерлі ісіктен 14406 отандасымыз көз жұмған. Онкологиялық аурулардан болған өлім-жітім көрсеткіші бойынша Шығыс Қазақстан және Қарағанды облыстары, сондай-ақ, Алматы қаласы көш бастап тұр.
Кейінгі төрт жылдың қорытындысы бойынша Қызылорда облысы көлемінде қатерлі ісік ауруымен 1116 науқас тіркеуге алынды. Аурушаңдық көрсеткіші 100 мың тұрғынға шаққанда 141,6% құрады. Дегенмен дертті ауыздықтау бағытында бірнеше жоба іске асырылуда. Уақытылы жүргізілген ауқымды шаралардың арқасында соңғы кездері көрсеткіші жағынан қатерлі ісіктен болатын өлім-жітімнің төмендеу тенденциясы байқалады.
Облыс көлемінде қатерлі ісікті ерте I-II сатысында анықтау көрсеткішінің жақсаруы байқалады.
2018 жылдың қорытындысы бойынша қатерлі ісік ауруымен ауыратын науқастардың 5 және одан көп жылдық өмір сүру көрсеткіші жоғарылаған.
Ауруды ауыздықтауда неге назар аудару қажет?

Дер кезінде скринингтік зерттеулер жүргізілсе онкологиялық аурулардың басым бөлігін ерте анықтауға болады. Обырды ерте анықтау ем-домның нәтижесін арттырып, пациенттердің ғұмырын ұзартуға, өмір сүру сапасын жақсартуға мүмкіндік береді. Мысалы, сүт безі обырын бастапқы кезеңде анықтаған жағдайда науқастардың 94 процентін толық емдеп жазуға болады. Ал, емге кететін шығын 200 есеге қысқарар еді.
Қазақстанда онкологиялық аурулардың сүт безі, жатыр мойны, тік ішек, асқазан және өңеш, простата безінің қатерлі ісігі сынды түрлері кең таралған.
2018 жылы сүт безі қатерлі ісігінен 315 әйел көз жұмған. Өкпе рагы 754 адамның, ұйқы безі обыры 202 науқастың өліміне себепші болды.
Обырдың алдын алу үшін профилактикалық тексерулер мен скринингтерден міндетті түрде уақытылы өту қажет. Скрининг – шағын болса да ең қажетті деген тексерулерден тұратын зерттеулер кешені. Көпшіліктің тегін жасалатын осындай тексерулерден өтпейтіні жасырын емес. Дегенмен ауруды ерте анықтаған жағдайда оны емдеу де оңай болатынын ұмытпаған жөн. Бұл орайда мемлекет бірқатар скрининг түрлеріне жыл сайын тұрақты түрде қаражат бөліп отырады.
Мәселен, 2019 жылы аталған скринингтік бағдарламаларға мемлекет 4,3 миллиард теңге бөлді. Осы ретте жасырын дертті ерте анықтау бағытында тегін скрининг түрлері қарастырылған.
Атап айтқанда, 40 пен 70 жас аралығындағы әйелдер сүт безі обыры қаупі жоғары топқа жатады. Сондықтан олар маммографиялық тексеруден тегін өтеді. Ал 30 бен 70 жас аралығындағы әйелдер жатыр мойны қатерлі ісігіне қаражат төлемей тексеріледі. Сонымен бірге 50 мен 70 жас аралығындағы ерлер мен әйелдер де тоқ ішек пен тік ішек обырына ешқандай шығынсыз қарала алады.

Онкоскрининг қызметіне немқұрайлы қарамаңыз

«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Қызылорда облысы бойынша филиалдың халықты ақпараттандыру және өтініштерді қарау жөніндегі бөлімінің маманы Айгүл Аханованың айтуынша, Қызылорда облыстық онкологиялық орталығының мәліметіне орай диспансерлік есепте 1132 адам тіркелген. Ал ел бойынша 180 мыңнан астам науқас ауыр дерттен арыла алмай жүр.
2019 жылда облыста қатерлі ісіктен өлім көрсеткіші 427 жағдайды құрады. Республикада 14060 жағдай тізілген. Осы күндері ерте сатысында анықталған түрлі кеселдегі ісікті емдеуге болады. Бүгінде қатерлі ісік ауруының ерте диагностикасы жақсарғаны қуантады. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры азаматтарды міндетті медициналық сақтандыру аясында жылына бір рет әр сақтанушыға тегін тексеруден және кәсіби тексеруден өтуге шақырады.
– Қазір елімізде ақысыз түрдегі скринингтің үш түрі бар. Сүт безі қатерлі ісігі 40 жастан 70 жасқа дейінгілерге, колоректальды қатерлі ісік 50 жастан 70 жасқа дейінгі ерлер мен әйелдер үшін, жатыр мойны обыры 30 жастан 70 жасқа дейінгі нәзікжандыларға арналған. Скрининг тұрғылықты немесе тіркелген жері бойынша емханада тегін жүргізіледі, – дейді Айгүл Аханова.
Бүгінгі күні Қазақстанда онкологиялық аурулардың ең көп кездесетіндері: сүт безі, өкпе обыры, колоректальды обыр, жатыр мойны және асқазан обыры болып табылады.

Кесірлі ісіктің шығу себебі неде?

Әлемді алаңдатқан сауалға жан-жақты жауап іздеп, ұзақ уақыт бойғы терең зерттеулердің нәтижесінде Шотландиядағы Данди университетінің ғалымдары қатерлі ісіктің басты себебін анықтаған. Олардың дәлелдеуінше, қатерлі ісіктің пайда болу қатері жас ұлғайған сайын арта түседі. Бұл уақыт өткен сайын ДНҚ-ға жасушаның бөлінуіне әкелетін ақаулардың жиналып қалуынан деген тұжырыммен түсіндіріледі. Әдетте қатерлі ісіктің пайда болуына бес-алты мутация жеткілікті.
Зерттеушілер 18 бен 70 жас аралығындағы қатерлі ісікке шалдыққан екі миллион адамның жағдайына сараптама жасады. Осы арқылы иммунды жүйенің әлсіреуі қатерлі ісіктің пайда болуына қалай әсер ететінін есептеуге мүмкіндік беретін теңеу шығарды. Теңеуді олар тәжірибе жүзінде пайдаланып та көрді. Осылайша жаңа модель қатерлі ісік қаупін мутацияның жиналу теориясынан жақсырақ анықтауға мүмкіндік беретіні анықталды. Иммун жүйесінің әлсіреуінің негізгі себебі тимус – айыр безі қызметінің ақауы, бұл органда T-жасушалары жетіледі. 16 жыл сайын адамның тимусы көлем жағынан кішірейіп, қатерлі ісік жасушаларын жоятын лимфоциттердің бөлінуі азаяды.
Ғалымдардың пайымынша, тимус жұмысын жақсарту қатерлі ісіктің алдын алудың нәтижелі тәсілі болмақ.

Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА

26 сәуір 2022 ж. 338 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031