Саңлақтар бар сан қырлы
Ел болып ұйысып, бір шаңырақ астына сыйысып ғұмыр кешіп отырған Қазалы ауданында жақсы мен жайсаң жетерлік. Саналы ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне, елдің экономикалық-әлеуметтік жағдайын көтеруге, мәдениеті мен әдебиетін дамытуға арнаған жандарға қашаннан өскелең буын құрметпен қарайды. Ал бейбіт күнде көк туды көтеріп, аудан намысын түрлі бәсекеде асырып жатқан саңлақтардың орны тіптен ерекше.
Осы ретте аудан спортында айшықты орны бар Жұмабек Құлбаев, Қуанған Бәкенов, Шаймерден Сарбалаевтардың сара жолы көптің көкейінде. Талай тастүлектің томағасын сыпырған азаматтардың өздерінің де шыққан шыңы бір төбе болса, баулыған шәкірттері сан додада олжа салып жүр.
«Жігітке жеті өнерде аз» дейді бұрынғылар. Спорт пен қатар өнерде де өзгеше ирімі бар азаматтардың қатысуымен өткен аптада Роза Бағланова атындағы мәдениет орталығында «Бізбен бірге...» атты кеш өтті. Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің ұйытқы болуымен ұйымдастырылған шарада бір кездері «боз кілемнің батырлары» атанған саңлақтардың жастық шағынан, өмір белестеріндегі өткелдерден үзік суреттер көрсетіліп, сан қырын айшықтайтын сұхбат ұйымдастырылды. Кездесу барысында Қуанған Бәкенов пен Шәймерден Сарбалаев гитарамен ән шырқаса, ақын-сазгер Жұмабек Құлбаевтың бірнеше әнін мәдениет саласының ардагері Кенже-Әлі Асқар, Қазалы қалалық Мәдениет үйінің әншісі Айбек Мәмбетов орындады.
– Бұл шара ауданның әр саласында еңбек етіп жүрген азаматтардың өнерін көпке насихаттау мақсатында ұйымдастырылып отыр. «Бізбен бірге...» жобасы алдағы уақытта да өз жалғасын табады. «Ел іші – өнер кеніші» деген. Сондықтан медицина, темір жол, білім, құрылыс, әлеуметтік салада да тума талантты азаматтар көп. Біздер сол кісілерді жас буынға үлгі етуіміз керек. Бұл ұрпақтар сабақтастығының бүгінгі көрінісі деуге де болады. Алдағы уақытта да біршама жоспарымыз баршылық. Мәселен, 1 сәуір – күлкі күнінде аудан асабаларының өнеріне де сахнада жол ашпақпыз, – дейді аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Болат Жолтаев.
Шара соңында аудан әкімінің орынбасары Дәурен Тлеумбетов сөз сөйлеп, спорт саласының ардагерлеріне аудан әкімінің Алғыс хатын, өңір тарихы жазылған кітап тапсырды. Кешті талантты әнші Әлия Ермекбаева «Қазақтың жігіттері» әнімен аяқтады.
Серік АҚМЫРЗА