Қызылордалық шебер киізден қалқанша безін емдейтін моншақ жасайды
Қызылорда облысы Қазалы ауданының тұрғыны Айдана Дүйсенбаева киізден қалқанша безін емдейтін моншақ жасайды, деп хабарлайды Baq.kz агенттігінің аймақтағы тілшісі.
Шағын ғана Көбек елді мекенінде тұратын 27 жастағы ару Айдана осыдан бес жыл бұрын жүн түтіп, ұршық иіріп, киіз, текемет басуды қолға алған.
«Қазіргі заманғы шұға, фетр материалдарынан жеңсіз, кәдесый, сөмке, әмиян тігемін, жүн шұлық, белдемше тоқимын. Қолөнер бұйымдарын жасауға қой мен түйе жүндерін ауыл тұрғындарынан алып, оны жуып-тазалап, өзім түтемін. Балаларға арналған аяқ киімдерді тіккенде де заманауи өң беруге тырысамын. Ат әбзелдерін де әзірлеймін. Түйе жүнінен көрпе жасаймын. Қойдың жүнін өңдеп, киіз, текемет басамын. Оның бетін оюлап, әдемі өрнек саламын. Жалпы, киіз бен түйе жүнінен жасалған өнімдерге сұраныс жоғары. Өйткені, оның ыстық пен суықты және ызғарды өткізбейтін ерекшелігі бар. Сондықтан төл өнерге еуропалықтар қызығушылық танытып, қолға алып жатқанда неге өзіміз жандандырмасқа деген ой келді. Негізгі мамандығым дизайнер болғандықтан оқу орнында алған ілімдерімді де жүзеге асыруды жөн көрдім», – дейді шебер.
Айдана Дүйсенбаева мемлекеттік қолдаудың арқасында өткен жылы қайтарымсыз грантқа ие болып, екі тігін машинасын сатып алды.
«Көзмайын тамызып әзірлеген әрбір дүниенің адам ағзасына тигізер пайдасы мол. Мысалға, қой жүнінен жасалған аяқ киім цистит болудан сақтаса, жеңсіздер кеудеңді жылы ұстап, қан айналымын жақсартады. Сондай-ақ, қалқанша безін емдейтін киізден жасалған моншақ бар. Мәселе моншақта емес, бұл жерде киіздің мың түрлі дертке дауа екенін айту керек. Яғни, зоб ауруымен ауыратындар моншақты мойнына тағып алса, тамақтағы ісік немесе түйінді тарқатады. Ол адамның бойындағы вирустарды өзіне тартып алады. Ғалымдармен сөйлескенімде де киіздің сондай қасиеті барын айтты. Киіз моншақ әдемі, ұялмай тағып жүруге болады. Осы бұйымға астаналықтардан тапсырыс көп келді. Сосын киіз доп бар, ол балалар үшін ойын құралы болса, ересектерге емге арналған. Сол доппен арқаны, желкені уқалағанда адам бойынан жеңілдікті сезінеді», – дейді жас кәсіпкер.
Айдана облыстық, республикалық көрмелер мен байқауларға қатысып, марапаттарға ие болып жүр. Жас шеберге анасы Шахар Тұрғанбаева да қолғабыс етеді.
«Былтыр ЭКСПО көрмесіне бұйымдарымызды апарып, елдің назарына ұсындық. Қызым басқан ақ киіздің үстінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бір баланың тұсауын кесті. Қатты қуанып қалдық. Айдана алдағы уақытта да көздің жауын алатын дүниелерді жасай береді деп ойлаймын», – дейді Ш.Тұрғанбаева.