Қара шаңырақты қастерлеген
«Киіз туырлықты, ағаш уықты қазақпыз» деген бар. Осындай өсиет сөз айтып қалдырған қазақ халқының негізгі баспанасы киіз үй болған. Қараша үй тек қазақтың ғана емес, бүкіл түркі, тіпті оған көршілес елдердің де тұрақ-мекені. Солай бола тұрса да, оны қастерлеп ұстап, ғасырдан ғасырға оның мән-маңызын өзгертпей жеткізген қазақ халқы екенін әрдайым мақтанышпен айта аламыз.
Шығу тарихы біздің заманымызға дейінгі ғасырларда пайда болған ағаш үйді біздің халық қасиетті, киелі қара шаңырағымыз деп дәріптейді. Өйткені, ол қазақтың тұрағы, құтты мекен-жайы, еншісі, баспанасы, мүлкі деп бағаланды. Әрине, оны әркім біледі әрі бағалайды. Арғы-бергі тарихымыз бен мәдениетімізді зерделей қарасақ, киіз үйдің атқарған қызметі мен рөлі өте зор. Бұл бірнеше жүздеген, мыңдаған жылдар бойы ата-бабалардың ақыл-ойы, тұрмыс мәдениеті, талғамы еш халықтан кем түспегендігінің дәлелі.
Ғұламалар айтып кеткендей, осы киіз үйден қазақ халқының аспан әлеміне, есептеу жүйесіне, экономикалық біліктігі, мәдениет пен өнердегі талғамы – жалпы өмір тәжірибесіндегі іске бейімділігі аңғарылады.
Бүгінде қараша үй құрып, оны өз игілігіне пайдаланып жүргендер қатары сиреп барады. Дегенмен, балалық шағын ақшаңқан үйде өткізіп, бұл күндері ауласына құрып қоюды әдетке айналдырғандар бар. Соның бірі – Қазалы қаласының тұрғыны Алмас Бегалиев 5 жылдан бері ата-анасынан қалған мұра ретінде киіз үйді күн жылынғаннан есік алдына құрастырады екен.
«Бұл қара үй әке-шешемнің ең асыл дүниелерінің бірі. Мен үшін ол баға жетпес құнды жәдігер, ата-анамның көзі әрі солардың аманаттаған мирасы болып табылады. Олар киелі қара шаңырақты арнайылап Қарақалпақстаннан әзірлетіп, алдыртқан болатын. Себебі, сол кездегі қарақалпақтар жасаған дүниенің тіні мықты және ұзақ мерзімге жарайтын болған деседі. Жарты ғасырдан астам уақыт өтсе де әзірге қолдануға жарамды.
Ес білгелі осы ағаш үйде аунап-қунап өстік. Тіпті, жар таңдап үйленген шағымда той осы қасиетті киіз үйде өткен болатын. Шеңберлі үй төрінен алған бата-тілектердің шарапаты шығар Жаннат екеуміз Эльвира, МұхаммедӘли, Шәкәрім және Мәриәм есімді балаларды тәрбиелеп отырмыз.
Қазір де той-томалақ, құдай жолына арналған отырыстарды да осында атқарамыз. Іші кең, қоңыр салқын және тынысыңды кеңейтіп, таза ауамен демалу мүмкіндігі мол болғандықтан жаз басталғаннан-ақ бала-шағамен бәріміз киіз үйді паналаймыз. Қазақы үрдіспен самаурын қайнатып, дастархан басында отбасыммен басқосамын. Ата-анамды бір сәт еске алып, әңгіме-дүкен құрамын. Сондай-ақ, әке-шешеден қалған мұра қатарында қол диірмені де бар», – дейді ағынан жарылған кейіпкеріміз.
Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА.