Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Әлеуметтік желі: әдет пе, керек пе?

Әлеуметтік желі: әдет пе, керек пе?

Таң алакеуімдеп атып келеді. Көзін сығырайта ашқан Айсұлу жастығының жан-жағына қолын жүгіртіп, ұялы телефонын іздеді. Жарығын жағып, сағат қарап еді әлі ертелеу екен. Тағы жарты сағат жата тұрайын деп жастығына жантайды. Құрығырдың не қасиеті барын қайдам қалта телефонына қолын қайта созды. Әлеуметтік желіге кіріп, ақтара бастады.
Жаңа күнді интернетке кіруден бастайтын жалғыз бұл емес. Қазір көпшілігімізге ортақ бір қасиет бар, ол – көзімізді ашқаннан аядай телефонға үңіліп, бас алмайтындығымыз. Күндіз-түні жанымыздан бір елі тастамайтын телефон арқылы әлеуметтік желіге кіру біреулер үшін әдетке айналса, келесі үшін қажеттілік.
Ал ғаламторға тәуелділік – аддикцияның бір түрі. «Off-line» режимде отырып, ғаламторды пайдалануға деген құлшыныс немесе «On-line» режимде ғаламтордан шыға алмай қалу қабілеті.
Қазіргі таңда ғаламторға тәуелділік әлемдегі ең басты мәселелердің біріне айналды. Бірақ медициналық белгілер бойынша жүйке жүйесінің бұзылуына жатпайтын көрінеді. Деректерде ең алғаш рет «ғаламторға тәуелділік» терминін психолог Айвен Голдберг ғылымға енгізгендігі жазылады. Ол ғаламтордың әкелер зиянын былайша жіктеген. Ғаламторды қолдану адамды стресске түсіреді немесе дистресс. Ғаламторды қолдану адамның физикалық күйіне, жүйке жүйесіне, жеке өміріне, экономикалық және әлеуметтік жағдайына кері әсерін тигізеді.
1994 жылы психолог Кимберли Янг ғаламтор тәуелділігі жөнінде тест-сауалнама жүргізіп, 500 жауап алған. Жауап бергендердің көбі тәуелді екендерін мойындаған. Нәтижесінде, бұл жүйке ауруының таралуы, потологиялық құмарлықпен тең болып шықты.
Дәрігерлер ғаламторға тәуелділікті жүйкелік ауытқу деп есептемейді. Көптеген ғалымдар бұл аурудың бар екендігіне күмәнданады, ал кейбіреулері тіптен жоққа шығарған. Тәуелділік медицинада адамның белгілі бір әдетте қолданып жүрген затты қажет етуі, яғни жүйкелік, физиологиялық толеранттылықтың өсуі. Толеранттылық ұғымы белгілі бір затты шектен тыс пайдалану дегенді білдіреді. Яғни адам ол затты пайдаланғаннан кейін одан да көп мөлшерін қажет ете бастайды. Бұған нашақор адамдарды мысалға келтіруге болады. Сонымен қатар толеранттылық ұғымы басқа салаларда да айтылады, мәселен, адамның құмар ойынға беріліп кетуі. Бұл терминді ғаламторға деген тәуелділікте де қолдануға болады. Бірақ бұл жерде адам есірткіге, ішімдікке тәуелді емес, бұнда жүйкелік түрде адамның ғаламторға тәуелділігін түсіндіруге тура келеді. Әртүрлі зерттеулердің нәтижесіне сүйенсек, қазіргі кезде ғаламтор қолданушыларының 10 проценті оған тәуелді. Қазақстанда ғаламторға тәуелділікті ресми түрде мойындамағанымен, кейбір елдерде бұл ресми түрде ауру болып саналады. Финляндияда ғаламторға тәуелді жас адамдарды әскерге жібереді екен.
2008 жылы Қытай ғаламторға тәуелділікті ресми түрде ауру деп жариялаған. Неше түрлі емдеу орталықтарын ашып, көптеген әдістерді қолданған. Соның бірі тоқ беру арқылы емдеу. Ал кейбір әдістерінен жас пациенттер өліп те кеткен.
Шетелдік психолог М.Дрептің көзқарасы бойынша, тәуелділіктің мынадай түрлері бар. Әртүрлі вебсайттарды қолдану, яғни ғаламтордан ақпараттар іздеу, вирттуалды әлемдегі достарымен сөйлесу, компьютерлік ойындарға тәуелділік, ғаламторда ақша құрту, табу, желі арқылы құмар ойындарын ойнау, интернетте сауда жасау, фильмдер қарау. Тәуелділікті жеңудің ең қарапайым, әрі қолжетімді жолы – басқа нәрсеге алаңдау. Салауатты өмір салтын ұстану, табиғат аясында көп уақыт өткізу, шығармашылық заттармен айналысу, мысалға сурет салу, өлең-әңгімелер жазу.
Алайда өзінің жылдамдығымен, ауқымдылығымен ерекшелінетін ғаламтор арқылы шет елдермен тікелей байланыс орната аласың. Жалпы, елімізде интернет пайдаланушылардың саны 12 миллионнан асып жығылыпты. Бұл халықтың 70 проценті деген сөз. Осыдан бес-алты жыл бұрын ғаламторда жастар көбіне ресейлік Мой мир желісін пайдаланса, кейіннен Фейсбук, ВКонтакте, Инстаграм, WhatsApp, Скайп секілді қосымшаларды пайдалана бастады. Қазір ұялы телефонға еңбектеген балаға дейін үйір. Ең қорқыныштысы, адам интернетке деген құмарлықтан өз-өзін жоғалтады. Психикасы, дүниеге деген көзқарасы өзгере бастайды. Ең жаманы, шын өмірді тастап, әлуметтік желіге толықтай кіріп кетеді. Осы орайда бірнеше оқырманға «Әлеуметтік желіні пайдалану әдет пе, керек пе? деген сауал қойған едік.
– Интернетті жиі қолданамын. Әдеттеніп кеткенмін дегеннен гөрі, қажеттілік деп айтқаным дұрыс шығар. Әсіресе «YouTube» желісін жиі көремін, – дейді Жандос есімді азамат.
Мұғалім Айнұр Сержанова: «Бүгінде интернетке тәуелділіктің салдарынан жастардың денсаулығы ғана емес, ойлау, сөйлеу, жазу мәдениеті де төмендеп барады. Бір ғана мысал ватсап желісінде хат алмасқан кезде оқушылар ғана емес, үлкендердің өзі сөздерді толық жазбайды. Бұны көбіне елей бермейміз, бірақ өте қауіпті, – деген пікірімен бөлісті.
– Қалтасында азын-аулақ ақшасы бар кез келген бала компьютерлік клубтарда қалауынша интернетте отыра алады. Олар түрлі ойындар ойнайды. Оның барлығы адамның психологиясын бұзып, санасына салмақ салады. Интернет мүлдем керек емес дей алмаймыз, тек қажетті тұстарын пайдалансақ, нұр үстіне нұр болар еді, – дейді тағы бір оқырман.
Жоғарыда Қытай билігі жастардың интернетке деген тәуелділігіне медициналық ауру деген баға беріп, қауіптің алдын алуға кіріскендігін айттық. Яғни желіге байланған жеткіншектерді кеселінен арылту үшін арнайы жаттығу лагерлерін ашқан. Аталған орталықтарда Қытайдағы жастарды әскери тәртіппен емдейді. Онда әскердегі жаттығуларды емделушілердің күнделікті режиміне енгізген деседі. Бұл да бір амалсыздықтан туған шара шығар. Бұндай бәленің беті аулақ болсын десек, бүгіннен бастап ойланғанымыз орынды.


Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА
15 ақпан 2022 ж. 1 427 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031