Етектен кескен жең
Өткен жылғы Жолдауда ең төменгі жалақының 60 мың болатыны айтылған-ды. Президент пәрмен еткен сол жағымды жаңалықтың аясында бірнеше мамандықтың айлық-жалақысы артып, әлеуметтік қолдау мен жәрдемақының көбейетінін естіп, қазақстандықтар бөркін аспанға атты. Өзгеріс өңір-өңірге жетті. Алайда жаңа ақы түрі жыртыққа жамау болды ма? Мазмұн мен маңызды өзгерткен нарық нырқы, баға сұрқы оған қалай әсер етуде? Әлеумет алаңдаған ана мен бала жағдайын жақсартуға бағытталған бастама туралы сөз қозғауды жөн деп таптық.
Жаңа өзгеріс
Елімізде қандай шаңырақта да сәби дүниеге келгенде және ол бір жасқа толғанға дейінгі ана мен бала жағдайын жасауда көмек мақсатында республикалық бюджет есебінен ақша бөлінеді. Оның алғашқысы, бала туғанда берілетін біржолғы мемлекеттік жәрдемақы. Жұмыс істейтін және жұмыс істемейтін әйелдерге де ала алуға мүмкіндік қарастырылған қаржыда екі топта өзара айырмашылық болады.
Биылғы белгіленген бір жолғы босатылатын ақы көлемі бірінші, екінші, үшінші балаға – 116 394 теңге болса, төртінші және одан кейінгі балаларға – 192 969 теңге. Ал отбасында егіз, үшем, төртем дүниеге келсе, біржолғы мемлекеттік жәрдемақы әр сәбиге жеке бөлінеді.
Бала күтіміне байланысты ай сайынғы жәрдемақы сәби бір жасқа толық толғанға дейін төленеді. Мұндайда бірінші балаға – 17 643 теңге, екінші балаға – 20 859 теңге, үшінші балаға – 24 044 теңге, төртінші және одан кейінгі болып дүниеге келген сәбилер үшін – 27 261 теңге. Анасы жұмыс істесе, табысына қарай ақы артады.
Көпшілікті қызықтыратын жағдай, декретке дейін жұмыс істеген әйелдердің бала күтіміне байланысты алатын ай сайынғы әлеуметтік төлемі қалай есептеледі? Бұл туралы мамандар оны әрбір декреттік демалысқа шыққан ананың өзі есептей алатынын айтады.
«Түк те қиындығы жоқ. Соңғы 2 жыл ішіндегі жалпы табысты 24 айға бөліп, мемлекет бекіткен 0,4 коэффициентке көбейтіп, одан шыққан сомадан 10 процент зейнетақы жарнасы алынып тасталады.
Ал жүктілікке және босануға байланысты біржолғы әлеуметтік төлем орташа айлық табысты еңбекке жарамсыздық күндері коэффициентіне көбейтіп, одан шыққан сомадан да 10 процент зейнетақы жарнасы алып тастаумен есептеледі», – дейді. Бұл орайда еңбекке жарамсыздық парағы 126 күнге берілсе, онда коэффициент 4,2-ге, ал егер 140 күнге берілсе, онда 4,7-ге тең екенін ескеру қажет.
"Алтын алқа", "Күміс алқа" алқаларымен немесе бұрын "Батыр ана" атағын алған, І және ІІ дәрежелі "Ана даңқы" ордендерімен марапатталған көпбалалы аналарға табысына қарамастан төленетін ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақы 2022 жылы 19 603 теңгеге тең болды.
Тарқатып айтсақ, 4 балаға – 49 100 теңге, 5 балаға – 61 382 теңге, 6 балаға – 73 665 теңге, 7 балаға – 85 948 теңге. 8 және одан көп баласы бар отбасыларға 98 200 теңге және одан кейінгі әр бала үшін 4 айлық есептік көрсеткіш белгіленген.
Аналардың айтары
Ана мен баланы қолдауда Қазақстан экономикалық жағдайына байланысты түрлі жұмыстарды қолға алып, оларды жүзеге асырып келеді. Алайда Кеңестік Одақ құрамында болып, сол тұстағы нәресте мен оны дүниеге әкелген жанға көрсетілетін көмекті көріп, игілігін сезінген ұрпақ өкілдері сондай жағдайды аңсайтынын жасыруға болмайды. «Бұл өткенді көксеу емес, керісінше тәжірибе алуға болатын дүние», – деген пікірде омырауына алтын, күмістен алқа тағынған «Батыр аналар».
Мемлекеттің қауқарсыздығы бұл жайға қолбайлау болып отарғанын сарапшылар алға тартады.
Осыдан бірнеше жыл бұрын жәрдемақы мөлшері Арал апаттық жағдайға байланысты лайықталса, кейіннен ел аумағындағы барлық аналар алатын ақы бірдейлендірілді.
Тақырыпты тарқату барысында аналар базынасына да құлақ түрдік.
«Көп балалы отбасы болуға дайынбыз. Алайда оларды қамтамасыз ету қиынның-қиыны екенін жасырудың қажеті жоқ. Үш баланың анасымын. Кішкентайларым бір жасқа толар-толмастан жұмысқа қосылуға мәжбүрмін. Себебі жәрдемақы бір жаста тоқтап қалады. Бір жасар баланы балабақшаға қосу да қиындық әкеледі. Осы ақыны үш жасқа дейін ұзартса, үйде бала қарауында отырар едім. Бұл жағдай жұмыссыздық мәселесін шешуге де септесері анық. Кеңестік кезеңде аналарымыздың көбі үйде отырды. Одан мемлекет те, отбасы да зардап шеккен жоқ. Көп балалы аналардың да жағдайы жақсарып отырғаны шамалы. Көршім «Батыр ана». Ол алатын ақысына екі мың теңге қосылғанын айтты. Көп баланы туып-өсіргендерге қарастырылған кейбір жеңілдіктер күлкіні келтіреді», – дейді Күмісай Әбілхан.
«Үш баласы бар жалғызбасты анамын. Үй кезегіне 2019 жылдың қыркүйегінде тіркелгенмін. Жақында білдім, 404-кезекте тұрмын. Қазіргі күнде атаулы көмек аламын. Бұдан бөлек келісімшарт бойынша қоғамдық жұмыстар атқарып жүрмін. Айтайын дегенім, 3 балалы анаға ешқандай көмек қарастырылмаған. Балаларым – байлығым. Олардың ішіп-жеміне күндіз-түні жұмыс істеп, бір жолы қарызға, бір жолы туыстардан, бір жолы имандылық үйлерінен көмек алып, амалдап күн көрудеміз. Бізді қинап тұрғаны, пәтер мәселесі. Қазалыда көп балалы, асыраушысынан айырылған тұл жетім балаларға пәтер кілттері табысталып жатыр. Алайда олардың кейбірінің жұмысы, пәтері барын да көріп-біліп жүрміз. Мемлекет біз секілді шын мұқтаждардың баспана мәселесін шешуді қайта қолға алса деймін. Өйткені үш балалы ананы жалдамалы пәтер иелері алмайды. Жыл сайын 2-3 үй алмастырып, бар табысымыз соған кетіп жүр. Ең қиыны, ереже бойынша атаулы әлеуметтік көмек тағайындау үшін тұрақты мекенжай талап етіледі. Ал үй иелері уақытша есепке қоюдан қашады. Осындайда қатты қиналып кетемін. Қойған жағдайда да, біз тіркелген пәтерге кіретін бар табыс есептелетіні бар. Ақша беріп, адам салып, уақытша тіркеуге тұғанмын. Қожайын 1-2 айда баспананы босатуымызды ескертіп, сатылатынын айтты. Енді не істерімді білмеймін? Баспана – басты мұң болып тұр», – дейді кент тұрғыны Нұргүл Елеубаева.
«Мемлекет басшысының ел келешегі балаларға, оларды күтіп-баптайтын аналарға қолдауы көңіл қуантады. Аз болса да жартыққа жамау болар жәрдемақыны күткендердің бірі өзім. Көп балалы статусымызға орай бес мың, бір жасқа толмаған нәрестем үшін мың теңгеден астам ақы қосылыпты. Менің ойымша, бала – мемлекет байлығы. Оған бөлінетін ақша дүниеге келгеннен емес, құрсаққа біткенннен бастап төленетін болса, нұр үстіне нұр болар еді. Дені сау бала тек дені сау анадан туылады. Ал аналардың уақытында емделіп, бойында бар ауруын анықтай алмауы, қажетті дүниесіне қол жеткізбеуі салдарынан туылған балалардың тамағы, жөргегіне берілген ақыны мақсатсыз емге жұмсауға мәжбүр болатын жағдай бізде жиі кездеседі», – дейді Ұлжалғас Серкебай.
Өзгерістегі күнкөріс
Жәрдемақы сәбидің барлық қажеттілігін өтеуге берілмейді. Ол аздаған қолдау. Солай бола тұра, оның да нарықтағы жағдайға лайықталғаны маңызды. Қолымызға жаңа өзгеріспен толықтырылған 17 643 теңгені алып, сауда орнына бардық.
Тәжірибеде кіші де, үлкен де емес, орташа есеппен 4 айлық балаға қажетті заттарды алуды мақсат тұттық.
Тұтынушылар ең арзан деп тапқан сауда орнынан 7800 теңгеге бір реттік жөргек қаптамасын сатып алдық. Өлшемі 3-тік жөргек біз апараған балаға таршылық етті. Сондықтан өлшемі өскен сайын, ақысы артатынын ескерсек, жөректің бір қаптамасына 8000-нан астам ақы жұмсауға тура келетінін аңғартты. Анасы, айына екі қаптама жеткіліктілігін айтты. Бұл мерзімдегі балаға арналған дайын ботқаның біреуінің бағасы – 1500 теңге. Бір қорапша ботқа 1 аптаға жеткілікті. Бір ай үшін 6000 теңге кетеді. Бұл кезеңде омырау сүтіне балақайдың тоймайтынын топшыласақ, дайын езбелер алып берудің де қажеттілігі болады. Оның құны – 280 теңге тұратын білдік. Ай сайын кішкентай 20 данадан ары езбе жиді екен. Бізге бұл жолы бір бума жөргек, 4 қорапша ботқа, 20 езбе алу үшін 19 000 теңгеден астам ақша жұмсауымызға тура келді.
Бұдан бөлек екінші қаптама жөргек, балаға алынатын дәрі-дәрмек, киім-кешек, ана сүтін толықтыру үшін жеуге тиіс тамақ табу жайы тағы бар.
Жас ана Жанар Сейітқазықызы бала үшін берілетін ақша сотталған адамның тамағы мен мал төлдеріне төленетін субсидиядан төмендігі өзін қынжылтатын жеткізді.
Көп балалы ана Толғанай Есімбекқызы: «Мен жәрдемақының өспегенін қалаймын. Ол өссе, азық түлік, киім-кешек пен керек-жарақтың бәрі ыршиды», – деген алаңын айтты.
Ресейде қолданысындағы ана капиталы жобасын бізге енгізу туралы бастаманы халық қалаулыларының көтергеніне көп болды. Алайда кейінгіге қала беретін капитал түрінен қазақ аналарының үміті де азая бастаған. Шетелдік тәжірибелерге назар аударсақ, Австралияда бір реттік жәрдемақыға ата-аналар 1 млн 300 мың ала алады. Украиналық келіншектерге өмірге сәби әкелгені үшін 640 мың теңге төленеді екен. 18 жасқа дейінгі бала үшін норвегиялық ата-ана 64 мың теңге ала алатын көрінеді. Мұнымен біздің жайды салыстыруға мүлде келмейді.
Халық нақылында «Етектен кесіп, жең болмас» деген тіркес бар. Барға қанағат етуді қалыпты жағдайға айналдырған біздегілер бүгінін бағамдап, ертеңіне елеңдеуде. Анаға алаңдаған елдің қашан да абыройы жоғары екенін ескерсек, мәселеге маңыз берудің қажеттілігін ұғынуға болады.
Алтын ҚОСБАРМАҚОВА