Сенаторлар алдағы палата отырысында қандай мәселелерді қарайды
Сенат спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен палата бюросының отырысы өтті. Онда 20 қаңтарда өтетін Сенат отырысының күн тәртібі бекітілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Алдағы палата отырысында депутаттар Мемлекет басшысының Жарлығымен сенатор болып тағайындалған Бейбіт Исабаевты Сенаттың тұрақты комитетінің құрамына сайлау мәселесін қарайды. Сонымен қатар Сенат отырысында «Заттар мен материалдардың құрамы мен қасиеттерінің стандартты үлгілерін жасау және қолдану жөніндегі ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы қаралады. Бұл келісім сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық және ынтымақтастықтың өзге де салаларындағы техникалық кедергілерді жоюды, сондай-ақ заттар мен материалдардың стандартты үлгілеріне мемлекеттің қажеттілігін қамтамасыз етуді көздейді. «Сондай-ақ бюро отырысы кезінде Мәжілістен келіп түскен «Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» және «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Америка Құрама Штаттарының Үкіметі арасындағы халықаралық салық тәртібін жетілдіру туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобалары жұмыс үшін тиісті комитеттерге бөлініп берілді», - делінген Сенаттың баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.