Одақ азаматтарына Қазақстан зейнетақы төлейді
Сенат жасыл энергетиканы дамытуға арналған қолайлы нормативтерді қабылдады. Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен палата отырысы өтті. Онда сенаторлар ұлттық заңнамаға «жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды қолдау және электр энергетикасы мәселелері бойынша» өзгерістер мен толықтырулар енгізетін заң жобасын қарады.
Құжат жаңартылатын энергия көздеріне (ЖЭК) қолдау көрсетуді көздейді. Еліміздің көрші елдерге энергетикалық тәуелділігін де төмендетеді. Бұл электр қуатының арзандауына септігін тигізіп, тұтынушылар үшін қолайлы жағдай туғызады.
– Арзан, таза, тұрақты және заманауи энергия көздеріне жалпыға бірдей қолжетімділікті қамтамасыз етудің маңызы зор. Соған сәйкес елімізде жаңаратын көздерден алынатын энергияның үлесін арттыру көзделіп отыр. Осы орайда бүгін қабылданған заң елімізде қалпына келетін көздерден энергияны өндіру мен қолдануды ынталандырумен қатар, қоршаған ортаны қорғауға да оң үлесін қосары сөзсіз, – деді Мәулен Әшімбаев.
Сондай-ақ Сенат Төрағасы құжатта ЖЭК-ті дамыту үшін қолайлы жағдайлар мен тетіктер көрсетілгенін атап өтті.
Жиында Сенат депутаттары «Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің еңбекшілерін зейнетақымен қамсыздандыру туралы келісімді» ратификациялайтын заң жобасын қабылдап, Президенттің қол қоюына жолдады. Сарапшылардың байламынша, бұл келісім ЕАЭО кеңістігінде ортақ еңбек нарығын құруға жасалған жаңа қадам. Өйткені ол бойынша одақтың қай елінде жұмыс істесе де, жұмысшыларды зейнетақымен қамту сол мемлекеттің азаматтарымен тең жағдайда жүргізілмек. Заң бойынша әр мемлекет одақтың өзге елінің азаматы үшін оның өз аумағында жұмыс істеген кезеңіне зейнетақы төлеуі тиіс.
2019 жылғы 20 желтоқсанда қол қойылған бұл құжат ЕАЭО-ға мүше елдердің ынтымақтастығын тереңдетудің жетістігі ретінде дәріптелуде.
– ЕАЭО азаматтарына басқа мүше мемлекетте зейнетақы төлеу мәселесін құқықтық реттеу – жұмыс күшінің қозғалысы жолындағы қазіргі кедергіні жоюға мүмкіндік береді және еңбек қызметін заңдастыруға қосымша ынталандыру болады. ЕАЭО-ға қатысушы әрбір ел еңбек етушіге оның аумағында жинақталған жұмыс өтілі үшін зейнетақы төлейді, яғни «экспорттайтын» болады. ЕАЭО-ның басқа елінде тұратынына қарамастан, еңбек етушіге зейнетақыны ол еңбек қызметін жүзеге асырған ЕАЭО-ға мүше мемлекет төлейді, – дейді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов.
Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры Қазақстанда осы келісімді іске асыратын құзыретті орган болып белгіленді: Ресей, Беларусь, Армения және Қырғыз Республикасы азаматтары зейнетақыны соған жүгініп алады.