Депутат онлайн-алаяқтық мәселесін көтерді
Мәжілісте депутат Елнұр Бейсенбаев интернет-алаяқтыққа қатысты мәселені көтерді. Ол осыған қатысты депутаттық сауалын Қаржы нарығын реттеу және дамыту жөніндегі агенттігінің төрайымы Мәдина Әбілқасымоваға жолдады.
Депутаттың мәліметінше, еліміздегі онлайн-қызметтердің көбеюіне қатысты интернет алаяқтық бойынша қылмыс түрлері өткен жылмен салыстырғанда 2 есеге артып, 17,8 мыңнан астам істі құрап отыр. Бұл істердің аясында 25 мың адам 8,2 млрд теңгеден астам қаржыға зардап шеккен.
Осыдан 7 ай бұрын халыққа онлайн несие берумен байланысты алаяқтық жағдайларының жиілеп кеткендігін көтеріп, арнайы депутаттық сауал мен нақты іс-шаралар тізбегін ұсынған болатынбыз. Бірақ, қабылданған іс-шаралар тізімі әлі де, агенттік тарапынан жұмыстың бірізді жүйеге қойылмағандығын аңғартуда. Оған нақты негіз ретінде алаяқтар тарапынан азаматтардың жеке деректерін пайдалана отырып, онлайн несиені өзге адамға заңсыз рәсімдеуі болып отыр, - дейді Елнұр Бейсенбаев.
Ол бірнеше мысал келтірді. Жуырда ғана елордалық тұрғын өзге адамдардың жеке құжаттарын пайдалану арқылы Алматы, Атырау, Нұр-Сұлтан қалаларының азаматтарына 10 миллион теңге онлайн-несие рәсімдеген.
Одан бөлек, алматылық жас азамат Kcell телефон операторының тұтынушыларының атынан 2 миллионнан астам теңгені құрайтын 5 заманауи смартфондарды онлайн рәсімдеген. Бұл екі мысалдың сорақылығы, мүдделі азаматтың қатысуынсыз, яғни оның жеке деректерін пайдалану арқылы несиенің рәсімделуінде болып отыр. Өздеріңізге мәлім, 2019 жылдан бастап кез келген тұрғынға өзінің SIM картасын ЖСН нөмірі арқылы өз атына тіркеу міндеттелген. Соған қарамастан, алаяқтар үшінші адамға өзге нөмірді қолдану арқылы аталған қылмысты қиналмай орындап келеді, - дейді Мәжіліс депутаты өз сауалында.
Сөзінше, мұндай мысалдар жеке тұлғаны сәйкестендіру рәсімдерін реттеу жүйелерінің толық пысықталмағанын көрсетіп тұр.
Осыған байланысты депутаттар өз ұсыныстарын айтты.
Біріншіден, Агенттікке тиісті мемлекеттік органдармен бірлесіп онлайн кредитті рәсімдеу барысындағы оның жеке деректері мен телефон нөмірінің оператор желісімен индентификация жасалуын енгізуді ұсынды. Сондай-ақ тез арада барлық микроқаржылық ұйымдардың «Сәйкестендіру деректерімен алмасу орталығының» ақпаратымен идентификация жасауды ұйымдастыруды сұрады.
Екіншіден, көтерілген мәселенің қауіптілігін ескере келе, Бас прокуратура және тиісті құқық қорғау органдарымен бірлесе интернет-алаяқтықты жою бойынша жедел әрекет ету қадамдарын ұйымдастыруды сұрады.