Өзгелер атыңыздан кредит алмауы үшін қалай сақтану керек?
Қазақстанда алаяқтар жоғалған жеке куәліктерді пайдаланып, мыңдаған несие рәсімдеп жатыр. Жақында Солтүстік Қазақстан облысында ер адам алаяқтық жолмен өзге азаматтардың атынан 50 несие рәсімдеген.
Бұл туралы депутат Елнұр Бейсенбаев Мәжіліс отырысында баяндаған еді, деп хабарлайды massaget.kz Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап.
Жеке куәлік жоғалса, өзгелер кредит рәсімдемеуі үшін...
Егер жеке куәлік, паспорт немесе өзге де жеке мәлімет жоғалған болса, бірден құжат рәсімдейтін мемлекеттік органға, яғни көші-қон полициясына халыққа қызмет көрсету орталығы арқылы барамыз. Барғаннан кейін міндетті түрде жағдайды түсіндіріп айту керек, мысалы, жоғалса, қалай жоғалды. Бұл не үшін керек? Бұл алаяқтардың құжатты пайдаланып, заңсыз әрекет жасауына кедергі бола алады. Біріншіден, жеке куәліктің нөмірі өзгереді, себебі сіз басқа жеке куәлік аласыз. Екіншіден, егер алаяқ сіздің атыңыздан несие рәсімдеп үлгерсе, несиені сіз алмағаныңыздың бір дәлелі. Сондықтан құжатты ертең немесе арғы күні, кейін барып аламын деп жүруге болмайды, құжатты бірден рәсімдеп алу керек.
Жеке куәлік жоғалса, банк картасы сияқты бұғаттап тастауға бола ма?
Egov порталында арнайы электронды өтініштер тәртібі бар. Сол арқылы жергілікті полиция органдарына тиісті мәліметті, арызды жазып, жеке куәліктің жоғалғанын және күші жоқ екенін мемлекеттік органдарға хабарлауға болады. Қазір интернет, компьютер немесе смартфоныңыз болса, үйден шықпай-ақ хабарлай аласыз. Ал мұндай мүмкіндігі жоқ, ауылды жер азаматтарына қиындау.
Жеке куәлік жоғалтпай, өзгелер атыңыздан кредит рәсімдесе не істеу керек?
Егер сіз жеке куәлік жоғалтпай, өзгелер атыңыздан кредит рәсімдесе, бірден полицияға хабарласу керек. Егер полиция оны қарамай, кері қайтарса, рәсімделген онлайн-несиенің заңсыздығы туралы арнайы талап-арызды тиісті сот орындарына түсіруге болады. Себебі жеке куәлікке қатысты мәліметтеріңіз дұрыс болғанмен, жеке шотқа қатысты мәлімет дұрыс болмай шығады, ақша сіздің емес, басқа біреудің шотына түседі. Осыған қарап алаяқтық жолмен рәсімделген несие екені дәлелденеді, азаматтардың ұтатын тағы бір тұсы - осында.
Алаяқтар көбіне қай жастағыларды алдайды?
Тәжірибеме сүйене айтсам, көбіне 16-30 жас аралығындағылар алданады. Бір мысалды айтайын, жас қыз әлеуметтік желі арқылы жігітпен танысып, ұнатып қалған, сенген. Бірнеше күннен кейін ол жігіт Ресейде екенін, анасының сырқаттанып қалғанын алға тартып, ақша аудару үшін жеке мәліметтерінің керек болып тұрғанын айтқан. Қыз оған сеніп, барлық құжатын, шотының номерін берген. Айтқанындай сома келіп түскен, қыз оны аудар деген шотқа аударған. Ал ол жігіт дәл сол кезде 50 қызбен солай сөйлесіп, алаяқтық жасап жүрген болып шықты. Сотта да мұндай жағдайлар қиындық туғызады, себебі ақша қыздың атындағы шотқа келіп түскен және оны өзі аударған, қарап тұрсаңыз бәрі заңды. Сондықтан жеке мәліметтерді берер алдында ойланып, кез келген кездейсоқ жайтқа күмәнмен қарай білу керек.
«Қара тізімге» кірсеңіз...
Егер алаяқтардың қылмысы сот үкімімен дәлелденсе, зардап шеккен адам сот шешімінің көшірмесін Қаржы бюросына жолдай алады. Сол арқылы тіркелген несие тарихтарын жоюға мүмкіндіктері бар. Сонымен қатар, Қазақстан Ұлттық банкінде тұтынушылардың құқығын қорғайтын департамент бар, олар да осындай жағдайларға тап болған адамдардың ісімен айналысады, сол жаққа да арыз, шағым жазып, заңсыз рәсімделген несиелерді жою туралы өтінішпен жүгіну мүмкіндігі бар.
Туыстарға көмек ретінде атыңызға несие рәсімдеп беріп, олар төлемесе қалай дәлелдейміз?
Ондай жайттар көп, әсіресе қазақ қоғамында. Әрине, туысқа, жақынға көмектескен дұрыс, алайда ол несие төленбесе банк алдында немесе микрокредиттік мекеме алдында жауап беретін адам – сол кредитті алушы. Сондықтан, ақшаны берер алдында қолхат алған дұрыс немесе шотына аударыңыз, аударым мақсаты деген жерге оның қарыз екенін де жазыңыз. Аударымның көмек ретінде екені жазылса оны кері қайтар деп талап ете алмаймыз. Егер кейін сот алдына баратындай жағдай болып жатса, қолыңызда дәлел болады.