Баланы – жастан...
Ұрпақ тәрбиесі қашан да ұлт үшін маңызды, басты мәселенің біріне баланған. Бала, әке, ата, баба деп басталатын тізбектегі сабақтастықты түзетін жалғастық жолында әулет абыройы, ру, ұлт ұлылығы үшін атқарылатын ауқымды істе жұртымыз салғырттыққа жол бермеген. Оған тәжірибеден туған «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің», «Қызды қырық үйден тыю» сынды тәмсілдер дәлел.
Бұл бағыттағы бүгінгі беталысымыз қандай? Нені босаңсытып алдық? Жетістігіміз қайсы? Жетпей жатқан тұсымыз қай жерде ақсады? Балаға тәрбие беруде «Баланы – жастан», «Аюға намаз үйреткен таяқ» деп қаталдықпен тәрбиелеу дұрыс па, әлде «Еркіндік – ерліктің алғышарты» сөзінің жаны бар ма? Сауалды ортаға тастадық.
Тәрбие түзелмей, білімге бетбұрыс оңалмайды
Айғагүл Абрдахманова, еңбек ардагері, көп балалы ана:
– Ата-ана әр баласын бір-бір тұлға ретінде қарау керек. Әрбірінің өз ерекшелігі болады. Бірі қырсық, бірі көнбіс келеді деген сынды. Осы ерекшеліктеріне қарай бағыт-бағдар берген дұрыс. Мен әрдайым айналадағы жақсы адамдарды мысал етуді дағдыға айналдырдым. Мұндай «тәрбиелі», «сабырлы», «ұстамды», «артық іспен шаруасы жоқ» деп үлгі еткен қызығушылықтар балаларымды ынталандырды. Алайда көршінің баласын мақтап, өз перзенттерімді төмендетуге барынша байқап қарауға тырыстым.
Қазіргі таңда, отбасындағы бірнеше баланың әлеуметтік жағдайын жасап, жұмысқа барып, жолдасыңның көңілін тауып, бәріне үлгеру оңай шаруа емес. Ол шыдамдылық, төзімділікті қажет етеді. Кейде санаға салмақ түсіп, әлсірейтін тұсың да болады. Осындай кезде де кішкентайлардан ақыны алып, оны ұрып, соғып тәрбиелемеуге күш салу әйелдің ақылдылығын, төзімін сынайды.
Тәрбие түзелмей, білім алуға бағыттау, оған дұрыс бетбұрыс жасау да оңайға соқпайды. «Білім мен тәрбие егіз» деген сөздің жаны бар. Оқушы ұл-қызды тәрбиелей отырып, білімнің болашағына қажеттілігін, болашақта жеке тұлға атануға дайын болуын әрдайым ұғындыру маңызды.
Өзгерген сана
Жұлдыз Қайназарова, мұғалім:
– Баланы қандай жағдайда да ұруға болмайды. Біздің буын, бізге дейінгі үлкендер: «Біз «Таяқ еттен, сөз сүйектен өтеді» деген қатал ұстанымдағы тәртіппен өстік. Қамшыланған кездеріміз де болды. Одан жаман болған жоқпыз», – дегенді айтады. Өз басым оған түбегейлі қарсымын. Ондайда кішкентайдың жанына жара, санасына салмақ түседі. Кейін ата-анасына, қоғамға қарсы адам қалыптаса бастайды. Әр бала түрліше дамиды. Бірі ерте, бірі кеш. Сондай-ақ қабілеттері де әралуан келеді. Бір бала техниканы жақсы көрсе, екіншісі музыканы сүйеді, үшіншісі өздігінен білім алуға ұмтылса, тағы бірі спортты өмірінің мәніне балайды. Тек сол бейімділігін байқап, қызығушылығын арттыру керек.
Үйде отырғанда балаға барынша көңіл бөлуге, уақыт арнауға тырысу керек. Сәбилер мен жасөспірімдерді көбіне қызуқанды, өмірге өкпелі, өзі де сондай әркетпен өскен адам ғана ұрады. Кейде өзі жетпеген, қызыққан дүниеге баласын мәжбүрлейтін жағдай да кездеседі. Бұл – үлкен қателік.
Қазіргі кезде «бала психикасы өзгерді, бала әлсіз» деген сыңаржақ пікірлерді жиі естіп жатамыз. Бейімділік қай кезде де болады. Бала да, заман да өзгерген жоқ, өзгерген сана. Сананы өзгертетін өзіміз. Телефонға тәуелділікті өзіміз тудырамыз. Мәселен, әртүрлі «Адам, қала, жануар», «Қуырмаш», «Санамақ» сынды ойындар ойнатуға, ертегі айтып, оқып беруге болады. Оған көп ата-анада уақыт жоқ. Жұмыста болады. Оқушылар қосымша үйірме, сабақтарға барады.
Бүгінде әлеуметтік желіні дұрыс бағытта пайдалануды дағдыландырудың да қажеттілігі туындап отыр. Түсінбеген тақырыптарды толықтыруға таптырмас құрал. Бала өзі қараусыз қалғанда, еңбекке тартылмағанда телефонға әуестене бастайды. Өзім балаларымды барынша қарауға, жұмысқа шықпай, бастауыш сыныпта біліміне күш салуға тырыстым. Дидактикалық қосымша құралдар сатып алдым. Телефондарына қарағанда, үнемі назар аударып, қадағалап отырамыз.
Қателікті қоғамнан емес, өзімізден іздеген жөн
Айгүл Жұбаназарова, психолог:
– Қай кезде де қоғам үшін отбасының құрамдас бөлігіне баланатын бала тәрбиесіне назар аудару – басты міндеттердің бірі. Отбасыда берілген тәрбие негізгі, басты тәрбие саналады. Ол өскіннің өміріне үлкен септігін тигізеді. Бұл орайда ата-ана жіберіп жүрген қателіктер көп. Шаңырақ үшін бала – үлкен байлық сондай-ақ сынақ. Дұрыс тәрбие беруге ұмтылып, уақытында ден қою міндет.
Ата-ана бала үшін айна. Үлкендер қандай бағытқа жетелесе, кішілер де солай етеді. Әркім бала жіберген қателікті көпшілік қоғамнан іздемей, өздерінен табуы керек. Дұрыс мақсат қоюды үйрету, жауапкершілікті жастайынан сезіндіру, өзін тәрбиелеуге ұмтылдыру жан-жақты дамыған кемел азамат атануына бастау болады.
Бала әдетте сезімтал, байқампаз келеді. Олардың қойған сұрағына дұрыс, дер кезінде жауап беру арқылы да ой-өрісін ұштауға болады. Сонымен бірге жасынан артық талап қойып, оның әрекеттеріне немқұрайлық таныту да құрдымға жетелеуге жол ашады.
Баланың тілегін орындаудың да өлшемін сезінген дұрыс. Ондайда шамадын тыс жағдайға тосқауыл қойып, ынталандыру қажет.
Қазір мектеп бағдарламасы да күрделі, бала тәрбиесі де оңай емес. Алайда қателікпен жұмыс жасап, қиындықты бірге еңсеріп, әрқашан балаға қолдау білдірген ата-ана, сөзсіз, өз ісінің жемісін көре алады. Мәселен, баланың тапсырмасын «кітап оқимыз» деп емес, «мына мәтінде қанша «А» әріпі барын тауып, ойнайық» деп ойынға айналдырсақ, сабақты қалай меңгергенін байқамай қалады.
«Баланы – жастан» деген тіркес таяқтау, оған қысым көрсету емес, тәрбиесін уыстан шығармау дегенге меңзейді. Өз ертеңіміздің жарқын болғанын қаласақ, бала тәрбиесінде осалдық танытпағанымыз жөн.
Алтын ҚОСБАРМАҚОВА