Балалық шақ – балдәурен
Әр адамның өмірінде балалық бал шағы туралы қызықты сәттер ерекшелігімен есте қалады. Қоғам түрліше бағыт алып, жаңашыл өзгерістер орын алса да, бір буынның ортақ, сағындыратын құндылықтары болады. Солардың бірқатарын қағазға түсіруді жөн санадық.
Чапаевтың мұрты
Жақында емханада баласының мұрнынан су аға беретінін айтқан ата-анаға дәрігердің оның дұрыс екенін жеткізгенде, жас ана қабағы түйіліп: «Дұрыс шығар. Бірақ мені үнемі тоқтамай тұрғаны алаңдатады. Инфекция бар шығар деп ойлаймын», – дегенін естідім. Тағы бірде әкесі: «Папасының мұрны студент болғанша аққан. Ағып тұрғаны дұрыс. Өзіміздің тұқымымыз сондай», – деп кішкентайының мұрнын сүйсіне сүртіп жатқанын көргенім бар. Келіншектің алаңдайтын жөні бар. Қазір бірлі-жарымы болмаса, мұрны аққан баланы сирек кездестіресіз. Арғы жағын білмеймін, өткен ғасырдың соңғы жылдарында біздің ауылдағы ұл-қыздың түгел дерлік мұрындары тоқтаусыз ағып жүретін. Балабақшада өзі ұнатқан қызын кішкентай тәрбиеленуші бала: «Ол әппақ, дым мұрны ақпайды», – деп сипаттапты. Сонда мұрынның ақпауы да ерекшелікке баланса керек.
Ондайда: «Чапаевтың мұрты мынандай», – деп қолмен мұрынды жоғары тартып, «қылышы мынандай», – деп шалғайға сүртіп жіберетініміз бар еді. Чапаев – халық арасынан шыққан батыр. Анекдоттардан да үнемі қаһармандығы үлгі болатын бұл тарихи тұлғаны білетін балаларға Чапаевтың мұрты мен қылышын еске салу ұятқа саналмайтын. Кейде мұрыннан шыққан сұйықтық жеңге, қолға жағылса, кейде жылтырап бетте қалатын. Тіпті бәрі сүйсіне жейтін қант ұнтағы себілген нанның да арасында қоспасына айналып кететін. Жұқпалы, тері аурулары туралы ел арасында түсінік жоқ уақыттағы балалықтың бал дәміне қосылған маңқаның денсаулыққа зиянын көрмедік. Осындай «метро», «лампочкалы» буын бүгін біртұтас елге қызмет етуде.
Котовский
Ұлымның шашын алдырғанын көріп, тықымайлатып: «Котовский болып кетіпсің ғой», – дегенімде не айтқанымды түсінбеді. Еріксіз езуіме күлкі үйірілді.
Тарихта ізі қалған, патшаға қарсы шыққан революционер Григорий Котовсий де Одақ тұсында кеңінен насихатталды. Көше, қала, саябаққа аты беріліп, шығармаларда фольклорлық сипатта дәріптелді. Ерлік дастаны кино болып түсіріліп, экраннан жиі көрсетілді. Кинодағы кейіпкер бала есіне тереңірек орнығады. Содан болса керек, дөңгелек жүзді, келте мұртты Котовсийдің өзіне назар аудартатын тағы бір ерекшелігі бар болатын. Ол шашсыз, айнадай жылтыраған басы. Шаштараз қызметіне жүгінбейтін балалар мектеп бітіргенше басын тықырлатып алып тастайтын. Қыз балаларды да мектеп жасына жеткенде «қалыңдайды» деп шашсыз қалдыратын үрдіс кеңінен етек алған-ды. Кей жағдайда терлеген қыз баланың шашына жара шығып не паразиттеніп кетсе, оны емдеп-жазудың жолы – жаңа шаш шығуына мүмкіндік туғызу еді. Мұндайда бір-біріне: «Котовсий, Котовсий» деп мазақтайтын әрекет бұл ұғымды «тақырбас» сөзіне баламаға айналдырды.
Бір нәрседен жеңіліс тауып, не ойынан ұтылып қалғандағы жаза «тықымай» тақыр бастан жақсы алынатын. Жақында ауылға барғанымда кішкентайлардың «тықамай» туралы білмейтініне құлазып қалдым.
Үшінші ұшқан Титов
Адамзат ХХ ғасырда аспанды бағындырып, айға ұшты. Әлем үшін үлкен төңкеріс болған жағдай балалар санасына да ерекше әсер етті. Сол тұстағы оқушы біткеннің көбі «Кім боламын?» деп аталатын шығарма жазып, мамандық таңдағанда ғарышкерлік туралы жиі айтатын. Ертегі, аңыз, мифті оқып өскен баланың ойлау қабілеті ұшқыр, танымы терең келетіні белгілі. Құпияға толы әлем де қиялшыл жас үшін алынбас асу, қызықты құбылыс көрінетін. Оның үстіне, жер кіндігі деп танылып, зымыранды жөнелткен Байқоңыр бүйірінде тұрған тұрғындар үшін бұл тақырып етене еді.
Өзімізбен тете балалардың бірі жанымызға келіп:
«Бірінші ұшқан Лайка,
Сатып алдым майка.
Екінші ұшқан Гагарин,
Сатып алдым маргарин.
Үшінші ұшқан Титов,
Шымшып алдым битіп», – деп қарыңнан бүріп алатын. Өзіміз де талай солай еттік. Қарап отырсам, біздің ойынымыздың өзі саяси, идеологиялық бағытта өрбіпті. Қолымыз талай қызарып, көгеріп жыласақ та, санамызда аспанға жіберілген алғашқы үштік туралы түсінік қалды. Қазір ай да, басқа да балалар үшін қызықты емес.
«Қағып» кетеді
Төрт-беске толғанымда өзімнен екі жас үлкендігі бар ағамның кітабына жармасатын әдетім болатын. Сондайда аяқасты болып қалған оқулықтарын жоғары қойып жатып, бауырым: «Кітапты баспа, ішінде Ленин бар, «қағып» кетеді», – деді шыр-пыр болған.
Кітап – қастерлі мұра. Исі мұсылман үшін қасиетті Құран кәрімді қадірлегендей, күн көсемнің суреті бейнеленген кітапты басуға болмайды деген түсінікпен өскен біз В.И.Лениннің суретін көрсек, алыстан сағынған туысымыз жеткендей жадырап қоя беретінбіз. Сол тұстағы идеологияның жақсы жұмыс істегені сонша:
Ленин атам – асыл ер,
Ардақтайды атын ел.
Туған күні Лениннің
22 апрель, – деген тақпақты тақылдата айтатын бала ойда көсем жақсылық жаршысы, жаңалық бастаушысы, адамзат ардақтысы болып терең ұялаған.
Бір жолы алыс туыс әжеміз баласы тұрмай, Ленин, Маркс, Энгельс бейнеленген портретке табынып, жылағанын жақындары айтып отыратын. Сол әжеміз бір жолы қатты науқастанып жүріп, түсіне Лениннің енгенін айтып, үйіндегілермен қоштасады. Мұны естіген атамыз: «Тәйт, не айтып отырсың өзің... Ленин деген заманның қожасы, уақыттың әулесі емес пе?» – деп көз жасын тоғартқан көрінеді. Аңғал сенімнен бе, алғаусыз көңілден бе, қария айтқандай, жұбайы содан кейін ұзақ өмір сүріпті.
(Басы. Жалғасы бар).
Алтын ҚОСБАРМАҚОВА