Қоладан алқа таққандар
Драматург Ғабит Мүсіреповтің: «Мұғалім өзінің білімділігімен, жүріс-тұрысымен, жайдары мінезімен, тіпті сырт пішіні, киген киімімен де оқушысына жақсы мағынада қатты әсер етеді», – деген сөзі ақиқатты аңғартады. Соған сай қазалылық ұстаздар біліктілігін ғана арттырып қоймай, салауатты өмір салтына беріктігімен шәкірттеріне үлгі болып келеді. Аудандық білім бөліміне қарасты оқу ошақтарындағы спорттан озат ұстаздар жылда облыстық спартакиададан олжалы келетініне көз үйренді. Биыл да жергілікті білім қызметкерлері аудандар арасында қола медальді қанжығалап қайтты.
Өңірдегі бұл есімдер 22-26 қыркүйек аралығында ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай обылыстық білім басқарамасы және облыстық кәсіподақ комитетінің ұйымдастыруымен салауатты өмір салтын қалыптастыру және бұқаралық спортты дамыту мақсатында шақыртылған сайыста бақ сынағанын айта кетейік. Волейбол, футбол, баскетбол, үстел теннисі, шахмат, тоғызқұмалақ, гіртасын көтеру, арқан тарту және қол күрес барлығы 9 спорт түрінен дәстүрлі облыстық спартакиадада шеберлік сынасты. Оған Сырды жағалай орналасқан аудандар мен қала мұғалімдерінен құралған командалар қатысты.
Жекелеген спорт түрлері бойынша үстел теннисінен облыста қазалылық Фариза Маханбетжановадан асқан жылдам ойыншы жоқ екені дәлелденді. №70 орта мектептің мұғалімі айтулы додада бірінші орынды жеңіп, «Үздік ойыншы» номинациясына ие болды. Сыр ұстаздарының арасында мыңды жығар білекті Кәден Ілиясқа да теңкелер қарсылас табылмады. №276 мектептің қара күшке ие мұғалімі қолкүрестен алтын тақты.
Бұдан бөлек асқан ой еңбегін талап ететін, жүлдені тактикалық әдіс-тәсілді шебер меңгергендер бөліске салатын тоғызқұмалақ сайысы өтті. Мұнда да ауданның «алтындар ұстаханасының» ұстазы Гүласыл Елешова иемденді. Жеңімпаз болып ғана қоймай, «Үздік ойыншы» атағын арқалай келді. Ал футболдан өткен тартысты қазалылықтар қола медалді місе тұтты. Есесіне №249 мектеп-лицейде еңбек етіп жүрген Жандос Қартбай «Үздік мерген шабуылшы» номинациясын еншіледі.
Аудан абыройын қорғаушылар қатарында гимназиялықтар да төбе көрсетті. Сонда ұстаздық ететін Ғани Жолмырза қарсыластарына қарағанда гір тасын басынан асыра көтеріп, үздік үштікке жайғасты. Сол сияқты командалар арасындағы бәсекелестікте ауданның баскетболшылары жүлдеге ілікпесе де, №249 мектеп-лицей мұғалімі Мұқағали Сансызбаевтың «Үздік қорғаушы» номинациясын иеленуіне септесе алды.
Жарыс қорытындысы бойынша ауданның құрама командасы жалпы есеппен Қазалыға үшінші орынмен оралды. Бұған дейінгі сайыстарда қоламен қуантқан ұлағат иелері жерлестеріне алтын алып беретін күні алыс емес деп сенеміз.
Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ