Кибербуллингтен келер қауіп көп
Қазіргі таңда әлем елдері балаларды буллинг пен кибербуллингтен қорғауды басты мәселеге айналдырған. Өйткені жаңа технологиялар мен әлеуметтік желінің ауқымы кеңейген сайын смартфоннан келетін қауіп-қатер артқан. Статистиканы сөйлетсек, соңғы жылдары елдегі жасөспірімдердің 20 проценті кибербуллингке ұшыраған. Салдарынан 105-ге жуық жасөспірім суицид жасаса, 300-ден астамы өз-өзін өлтіруге бекінген.
Бүгінгі күні әлеуметтік желіде, хабар алмасу қосымшаларында, ойын платформалары мен ұялы телефондарда қорқыту, ашуландыру немесе масқаралауға негізделген ақпарат жиі ағылып жатады. Ата-ананың қадағалауынсыз қалған жалғыз бала уақытының көбін ұялы телефонда өлтіреді. Қызық іздеймін деп өзгенің қысымына ұшыраған кәмелет жасқа толмаған балалар созылмалы ауруға шалдығып, оның соңы суицидке әкеп соғады.
Интернетке байланған балалық
Күн сайын қолданатын Facebook, YouTube кеңістігінде жалған ақпарат тарату мен жала жабу, SMS-хабарламалар мен қоңырау соғып қорқыту жағдайлары жиі орын алады. Қазір өзге адамның атынан жеке парақша ашып, мессенджерлер мен желіде теріс сипаттағы жазба қалдырып, адамды қорқыту, ашуландыру немесе масқаралауға бағытталуда. Өмірден көргені мол ересектер үшін өзіңе қарсы жасалған әрекетке аса мән берілмеуі мүмкін. Алайда сарапшылар оң-солын танымайтын балалар кибербуллингке төтеп бере алмайтынын айтады. Бұл туралы психолог Аида Есенгелді: «Интернетке байланған балалар шынайы өмірден гөрі смартфонда сыр тарқатқанды жөн көреді. Әлеуметтік желідегі әрбір сөз маңызды. Ондағы адамдардың пікірі ата-анасының айтқанынан қымбат болып көрінеді. Ал әлеуметтік желіде қандай да бір жағымсыз дүние көрсе, болмаса өзіне қатысты айтылған теріс пікір болса, олар үшін бұл қара түнекке айналады, өмір сонымен біткендей көрінеді. Жасөспірімдер ғана емес, үлкендердің өзі кибербуллингке жиі ұшырайды. Ер адамдар өмірдің қиын жағдайларына төтеп бере алмаса, әйелдер өздерінің сыртқы келбетіне мін таққандарға тосқауыл бола алмайды. Оның қасында ақ пен қараны ажырата білмейтін балғындарды қорлау түк емес», – дейді ол.
Мамандар кибербуллингке ұшырағанда болған жағдайға өзіңді кінәлаудан аулақ болу керегін ескертеді. Жараның үстіне тұз сепкеннен жаныңа жақын іспен шұғылданған дұрыс екенінде құптап отыр. Одан бөлек өкпелеткен адаммен қақтығыс іздеудің де қажеті шамалы. Жан-дүниеңізде жағымсыз сезім туындаса, психологтың көмегіне жүгіну қажет. Себебі кез келген ашу-ызаның соңы стреске айналады.
Әйтеке би кенті тұрғыны Бағила есімді келіншек кәмелетке толмаған ұлының соңғы кезде мінезі күрт өзгеріп, қит етсе өз-өзіне қол жұмсайтынына шағымданып, қорқытуды шығарғанын айтады.
– Бұрын әкесі екеумізге мектептегі қызықтарын айтып, болашақ жоспарымен бөліскенді жақсы көретін. Соңғы жарты жылдан бері өзімен-өзі тұйықталып, айтқан тілді алмайтын болды. Амалдың жоқтығынан өзі жоқта ноутбугін ақтарып, жеке электронды поштасына кірдік. Сөйтсек, біреу баламның жеке поштасына республикада тыйым салынған діни ағым туралы ақпараттар мен түрлі хабарлама жіберген. «ВКонтакте» желісінде де осы ағым туралы топқа тіркелген. Кешкілік ұлымызбен тілдестік. Айтуынша, алты ай бұрын танымайтын біреуден жеке парақшасына діни ағым туралы ақпарат жібергенін, содан бері осы сарындағы топтарға тіркеле бастағанын айтты. Әрине, алғашқыда айқай-шу шығарды. «Үйден кетемге» салып, суицид жасауға бірнеше рет оқталды. Баламның болашағы үшін жұмыстан шығып, үнемі қасынан табылып, қолдау білдірдім. Бірнеше ай психотерапевтің көмегіне жүгіндік. Соның өзінде қазір оны бір минутқа жалғыз тастауға қорқамын, – дейді жас ана.
Мәнсіз ойындар орға жығады
Қазіргі таңда әлем елдерінде кеңінен тараған атыс-шабыс ойынның көшін «Free Fire» аталатын ойын бастап тұр. Смартфонға жүктелетін ойынның ерекшелігі желі арқылы тілдесе отырып, бірлесіп, соғысқа шығады. Қолға тиген мәліметтерге сенсек, жастар арасында кеңінен танылып үлгерген бұл ойынды ең көп қолданатын қазақ балалары. Мейлі үйде, мектепте болсын, бұрыш-бұрышқа жинала кетіп, уақыт өткізеді. Берілгені сонша, айналасында болып жатқан жайттардан бейхабар. Мұндай балалар бүгінгі күні көп отбасында бар. Жуырда осы арқылы Ресейдегі жастармен байланыс құрған қазақ баласы «мені ұжымдарына қоспады» деп тамақтан бас тартып, барлығынан баз кешкен.
Психолог Мақпал Үсенова кез келген теріс пікір, жағымсыз ақпарат баланың психосоматикасын бұзатынын айтады. Желіде қорлауға ұшыраған балаларды тану қиындық тудырмайды. Мысалы, бала бұрын сурет салғанды жақсы көрген болса, буллинге ұшыраған соң бұрынғы ісі қуаныш сыйламайды. Сәл нәрсеге қатты мазасызданып, бір нәрсе көңілінен шықпай ашуға бойалдырады. Яғни, баланың бойында невротикалық белгілер пайда болуы мүмкін.
– Қоршаған ортаға іштегі күйзелісін жеткізе алмаудың соңы бет келбетінің өзгеруіне алып келеді. Мысалы, қасы, көзі, ерні дірілдеп тұрады. Кішкентай балалар осындай жағдайға ұшырап жатса, көп жылауы мүмкін. Сабақ үлгерімі нашарлап кетеді. Сондықтан балаларды буллерден қорғау – алдымен ата-ананың міндеті. Әр адам өз бауыр етімен дос ретінде сөйлесуі қажет. Сабақ сұрамас бұрын көңіл-күйінің қандай екеніне мән берген жөн. «Сені әрқашан тыңдай аламын», «Сырыңды бөлісуге болады», «Кез келген мәселені бірге шеше аламыз» деген сөздерді жиі айтып, қолдау білдірген дұрыс. Ата-анасының қолдауын сезген балалар кибербуллингке ұшыраған жағдайда кімнен көмек сұрайтынын жақсы біледі. Кейбір жағдайда тумысынан тұйық балаларға ата-ананың қолдауы аздық етіп жатады. Ондай жағдайда психологиялық түзетуден өтпей, баланың жағдайы оңалып кетуі екіталай, – дейді ол сөзінде.
Үш қыздың анасы Гүлайым Қырықбаева күнұзақ жұмыста болғандықтан, балаларына өзі смартфон сатып алып берген. Екі жастан енді ғана асқан кішісінің өзі телефондағы түрлі қосымшаға кіріп, қажетті ойындарын оңай көшіріп алатынын айтады.
– Қажетсіз ақпараттарды қолжетімсіз ету үшін қосымшалардағы шағымдану мен бұғаттау батырмасын басып беремін. Бірақ қайдан тауып алатынын білмеймін, атыс-шабысқа толы психологияға әсер ететін бірнеше ойынды жүктеп қояды. Кейде дарылдаған дауыстан өзі шошып, жылап жібереді. Үлкен қызым әлеуметтік желіде жеке парақ немесе веб-сайт жасайды. Бір жолы қызым YouTube каналын көріп отырған. Екі көзі шарасынан шығып жүгіріп келіп, қолындағыны тастай салды. Сөйтсем, қалай басылып кеткенін білмеймін, анайы көріністер беріліп жатыр екен. Содан бері қыздарымның қолындағы құрылғыларға үнемі қадағалау жүргізетін болдым, – дейді Гүлайым.
Кибербуллинг – қылмыстық әрекет
ІT маманы Мейіржан Әуелханұлы: «Балаларды кибербуллингтен үлкендердің бақылауымен ғана қорғауға болады», – деп отыр. Себебі қазіргі жағдайда олардың күнұзақ не көріп жатқанын бақылауда ұстау өте қиын. Немесе олардың кибербуллинг жайлы түсінігін кеңейтіп, компьютер мен телефондардағы жарнамаларды бұғаттауға арналған ақылы қосымшаларды қолданған дұрыс.
– Жылына 5-10 мың теңгеге арнайы қосымшаларды сатып алып, телефонға қондырып алуға болады. Бұл әртүрлі сайт пен әлеуметтік желідегі жарнамаларды өзі тауып, бұғаттап отырады. Өзіңізге немесе балаңызға қажеті жоқ жарнамалардың көрінбеуі үшін қажетті дүние. Қазір көптеген елдерде YouTube-тың премиум нұсқасын қолданады. Өкінішке қарай, бізге келген жоқ. Бірақ жақында қосылуы мүмкін. Ол жерде ақша төлесеңіз, YouTube әкімшілігі жарнамалар мен түрлі сілтемелерді көрсетпейтін болады. Қосымшаларды қосып алуға кеңес беремін. Оның өзі балаларды буллерден қорғауға 100 процент қауқарлы деп айта алмаймын. Өйткені жаңадан шығып жатқан ойындардың сілтемелерін функция өз базасына енгізгенше жарнамасы көрсетіле береді. Егер елімізге келіп жатса, YouTube-тың премиум нұсқасын көшіріп алғаннан артығы болмайды, – деген IT маманы бұл қосымша балаңыздың не көріп жүргенін, қанша уақыт қарағанын бақылап отыруға көмектесетінін айтады.
Әлемнің бірқатар елінде кибербуллинг қылмыстық әрекет ретінде қарастырылған. Еуропаның бірнеше мемлекетінде интернет платформалардың қауіпсіздік деңгейін арттыру, сондай-ақ балаларды, олардың ата-аналарын кибербуллингтен қорғау мақсатында тиісті заң қабылданыпты. Мәселен, Германияда мұндай ұйымдастырған азаматтар 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Ал Ресейде осы қылмыс бойынша қылмыстық және әкімшілік кодекстерге түзетулер енгізілді. Биыл ақпаннан бастап Ресейде 500 мыңнан аса аудиториясы бар әлеуметтік желілерде былапыт сөз жазуға мүлдем тыйым салынды. Бұдан былай әдепсіз пікір жазған адам заң талабын орындамаса, желі қолданушысы ғана емес, әлеуметтік желінің өзіне де айыппұл салынады.
Қазақстандағы жағдай қалай?
Бұл мәселені ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев: «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: Іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына Жолдауында «Балаларды кибербуллингтен қорғау жөніндегі заңнамалық шараларды қабылдайтын кез келді. Балалар құқын қорғау жөніндегі басқа да шараларды күшейту керек», – деп атап көрсеткен. Жас ұрпақты заң жүзінде кибершабуылдан қорғау – кезек күттірмейтін мәселе. Мамандардың пікіріне сүйенсек, бұл Қазақстан интернет желісіне алғаш қосылғаннан-ақ басталуы тиіс еді. Осы маңызды іс жедел қолға алынбаса, алдағы күні сан соғып қалуымыз мүмкін. Себебі бүгінде жат ағымның жетегінде кеткен жастардың басым көпшілігі кибершабуылдың құрбандары екені жасырын емес.
Жасөспірімдер арасындағы зорлық-зомбылық пен онлайн қорлықты болдырмау үшін әр мектепте қамқоршылық кеңес құрылып, кеңес мүшелері білім ошағындағы барлық мәселеден хабардар болып, оны жылдам шешу үшін күш салу қажет. Сондай-ақ тәлімгерлер арасында сауалнама жүргізіп, әр жауапқа қорытынды жасау арқылы оң нәтижеге қол жеткізуге болады.
Балалардың ғаламтордан қорқуы – кибербуллингтің басты белгілерінің бірі. БҰҰ адам құқықтары жөніндегі тренері, әлеуметтанушы Халида Әжіғұлованың айтуынша, 21 елде балаларды ғаламторлық қысымнан қорғайтын заң бар. Кибербуллингтің құрбандары туралы арнайы статистика да жүргізілмейтін Қазақстанда осындай арнайы бағдарлама қабылданса, балаларды бопсалау мен қысым көрсетуден қорғаған болар едік.
Абзал ЖОЛТЕРЕК