Неке шарты неге жасалмайды?
Неке шартын некеге тұрарда ғана емес, одан кейін де кез-келген уақытта жасауға болады.
Ерлі-зайыптылардың мүліктік жағдайы "Неке және отбасы туралы" кодексте арнайы баптарда көрсетілген. Бұл заңда мүліктің заңды және шарттық режимі бар. Шарттық режимі деген – неке шарты. Ерлі-зайыптылардың келісімі негізінде мүліктерінің құқықтық жағдайы осы шартта көрсетеді. Бұл шарттың ерекшелігі – ол міндетті түрде наториалды түрде жасалады.
Мәселен, некеге дейінгі мүлкі ерлі-зайыптылардың тек әрқайсының меншігі болса, шарттық режимге көшкен кезде кез-келген мүліктің құқықтық режимі анықталады. Мүлікті пайдалану, сату немесе ажырасқан кезде ол мүлік кімге қалай өтетіні туралы толық жазылады.
Неке шартының артықшылығы: болашақ ерлі-зайыптылар некеге тұрған кезде қандай да бір мүлік алатын болса, олар ажырасқан кезде немесе қандай да бір жолмен неке бұзылса, үй, көлік, техника мен әшекей заттар кімге және қандай үлесте тиесілі екені нақты пайыздық көрсеткішпен анықталады.
Неке шартының мазмұны
Оған төмендегідей түсініктер кіреді:
ортақ меншік тәртібін өзгерту;
барлық мүлікке қатысты тәртіп белгілеу;
жекелеген мүлік түріне режім тәртібін белгілеу;
ерлі-зайыптылардың әрқайсысының мүлкіне режім белгілеу;
қазір қолда бар мүлікке қатысты және болашақтағы мүлікке қатысты тәртіп белгілеу;
ерлі-зайыптылардың бірін-бірі күтіп, бағу жөніндегі міндеттері тәртібі;
бір-бірінің табыстарына қатысу тәсілдерін айқындау;
әрқайсының отбасылық шығыстарын шығару тәртібін айқындау;
неке бұзылған жағдайда әрқайсысына берілетін мүлікті айқындау.
"Қазақ қоғамында неке шартының қалыптаспауы бізде оны жаман ырым не дүниеге қызығушылыққа балайды. Сондықтан адамдар бұл жайлы алдын ала айтуға қаймығады, ұялады. Айта кетерлігі, елімізде тек қазақтар ғана емес, басқа ұлт өкілдері де бұл шартты жасасуға аса мән бермейді. Өйткені, психологиялық тұрғыдан неке қиылмай жатып дүниені бөлісу, ажырасу жайлы айтудың өзі көп жағдайда ыңғайсыз болып есептеледі", – дейді заңгер Айыпхан Мухамадиев.
Оның ойынша, неке шарты – Қазақстан үшін өте жаңа институт. Оның дамып, кеңінен қолданысқа енуі үшін ұзақ уақыт қажет.
Ұлттық статистика бюросының дерегінше, 2021 жылғы қаңтар-маусым айларында 64 951 неке қиылған. Сондай-ақ, осы уақыт аралығында 9 447 отбасы ажырасқан. 2020 жылғы бірінші жартыжылдықпен салыстырғанда неке саны 44,2 пайызға өскенін (2020 жылы 45 036 неке тіркелген еді) байқауға болады. Ажырасу шамамен 25 пайызға азайды (12 747-ден 9 447-ге дейін).
Жыл басынан бері тіркелген неке саны бойынша Алматы көш бастап тұр. Мұнда 8 322 жас отау құрған. Кейінгі орындарда – Түркістан (7 196) және Алматы облыстары (6 712). Ажырасу саны бойынша да Алматы бірінші орында. Жарты жылда 1 286 неке бұзылған. Одан кейін Алматы (954) және Қарағанды облыстары (931) тұр.
Заңгер Нұра Тынысқызы жастар неке қидырған кезде неке шартын жасау дұрыс деп есептейді. Өйткені, жастардың арасында ақша мен мүлікке қызығып отбасын құрайтындар көбейген.
"Қазіргі кезде неке шарты азаматтық кодекстегі неке және отбасы туралы кодексімен реттелген. Ал талаптарын некелесушілер өздері жазуына да болады", – дейді Нұра Тынысқызы.
Оның айтуынша, неке шартын некеге тұрған кезде жасау міндетті емес. Яғни, "Неке және отбасы" кодексінің 40-бабына сәйкес, неке шартын некені тіркеуге өтініш берген күннен бастап некені тіркеу рәсіміне дейін, сондай-ақ, неке кезеңінің кез келген уақытында жасауға болады.
Шарт қай жағдайда күшін жояды?
Неке шартын бірлескен келісім бойынша кез келген уақытта өзгертуге немесе бұзуға болады. Неке шартын бұзу немесе өзгерту туралы келісім неке шарты сияқты, яғни нотариуста жеке басын куәландыратын құжаттармен және жылжымайтын мүлікке құқықты белгілейтін құжаттармен ерлі-зайыптылардың екеуінің де қатысуымен жасалады.
Неке шартын орындаудан бір жақты бас тартуға рұқсат етілмейді, оның талаптарын ерлі-зайыптылардың екеуі де міндетті түрде орындауы тиіс. Сондай-ақ, егер келісімге бірлесе жету мүмкін болмаса, неке шартын сот шешімі бойынша бұзуға немесе өзгертуге болады.
"Батыс елдерде неке шартында тіпті әйелдің неше бала тууы керек екені де көрсетіледі. Болмаса, ұл немесе қыз баланың дүниеге келуіне қарай белгілі бір сомада қаржы төлейтін шарт та тәжірибеде кездескен", – дейді заңгер.
Нұра Тынысқызының айтуынша, жұбайлар неке шарты арқылы өзінің жиған-терген дүние-мүлкін сақтап қалуына болады. Шарттың тиімді тұстары көп.
"Ал жаман жағына келер болсақ, психологиялық тұрғыдан келісімшарт бар жерде "махаббат болмайды" деген түсінік қалыптасады. "Сенім жоқ" деген ой пайда болады", – дейді ол.
Неке шартын жасасу үшін не қажет?
Неке шарты жазбаша түрде жасалады және міндетті нотариалдық куәландыруға жатады. Неке шартын жасасу үшін ерлі-зайыптылардың екеуі де нотариусқа баруы тиіс. Қажет құжаттар:
неке қию туралы куәлік,
ерлі-зайыптылардың әрқайсының жеке басын куәландыратын құжат,
егер шарт бұрын бар мүлікке қатысты жасалса, мүлікке құқықты белгілейтін құжаттар, сондай-ақ мүлікпен мәмілелерді рәсімдеуге қажетті басқа құжаттар (бұл қажет болған жағдайда әділет органының жылжымайтын мүліктің болмауы (болуы) туралы, жылжымайтын мүлiкке тiркелген және тоқтатылған құқықтар туралы анықтамалар беру, жылжымайтын мүлікке тіркелген құқықтар (ауыртпалықтарды) және оның техникалық сипаттамалары туралы анықтама, бұл қажет болған жағдайда) болуы тиіс.