Тik-tok-қа тыйым керек пе?
Қазіргі таңда танымал әлеуметтік желілердің қатарын толықтырып, қолданушылар саны бойынша көш бастаған Tik-tok желісін жас та, жасамыс та пайдаланады. Әсіресе, бұл желі бүлдіршіндер мен жасөспірімдер арасында кеңінен қолданысқа ие.
Қытайдан бастау алған аталмыш платформа жастардың қызығушылығы мен назарын аудартып қоймай, күнделікті өмірде ермегіне айналды. Қолданушылардың көңілін көтеруге арналған қосымшаның жағымсыз тұстары да жетерлік.
Мамандардың Tik-tok турасындағы пікірлері қарама-қайшы. Бірі өскелең ұрпақты деградацияға ұшыратады десе, басқалары бұл платформаны жоққа шығаруға болмайды, тиімді қолдансаң, керегіңді алуға болады деген пікірде.
Айнұр Сүгралиева, тәрбиеші:
– Егер балаға тик-токты мақсатты түрде қолдануды дағдыландырсаң, одан түрлі мазмұндағы жақсы дүниені де үйренуге болады. Атап айтар болсақ, спорт, өнер, стиль, ғылым және тағы басқа. Сондай-ақ жеңіл, қарапайым бейнелер, музыкаға арналған түрлі қозғалыстар, челлендждер, әзіл-оспақ фильмдерден немесе әндерден сөздерді қайталай отырып, белгілі бір рөл ойнауға мүмкіндік бар. Ал бұл мектеп жасына дейінгі бала үшін қызықты әрі көңілді. Баланың мектепке дейінгі әрекеті ойын. Бұл жастағылар Tik-tok-ты ойын деп қабылдайтыны да сондықтан. Мұнда бүлдіршіндер әндерге ілесіп, түрлі іс-қимылды қайталайды. Мұндай қозғалыс ойыны баланың денсаулығына жақсы әсер етеді. Соның нәтижесінде олардың спортта маңызды болатын әрекеттерге қабілеті артады. Әрине, бұл желінің кері тұсы жоқ деп айтуға мүлдем болмайды. Тек ата-ана баласының балабақшадан тыс уақытта телефоннан нені көретініне көңіл бөліп, дамытуға арналған қажетті дүниелерді бірге тамашаласа, ерте жастан қабілетін оятуға мүмкіндік бар.
Дина Қанбетова, педагог-психолог:
– Tik-tok әлемдегі ең танымал желінің бірі. Соңғы кезде әр баланың қызығушылығына айналған. “Бала көбіне мәтіннен тұратын ақпараттан гөрі, бейнемен берілген көрнекі ақпаратты тез әрі жеңіл қабылдайды. Бүгінде тик-ток көптеген ата-ананың алаңдаушылығын тудырып отыр. Неге десеңіз, балалар бір уақытта бірнеше эмоцияны бастан кешіреді. Бірде қуанады, бірде ашуланады. Тіпті бұрын-соңды естімеген бейәдеп сөздерді де айта бастайды. Әке-шешенің мазасыздануына толықтай негіз бар. Бір нәрсені қайталау, түрлі түсініксіз іс-әрекеттерді жасау кез келген адамның назарын аударады. Бейнені ұзақ уақыт жүйесіз қарау ақпараттың шамадан тыс жүктелуіне әкеледі. Бұл озық технология бала психологиясына кері әсер етіп, оны енжарлыққа душар етеді. Телефонға тәуелділік белгілі бір дүниеге шектейді. Баланың ұйқысы бұзылып, мазасыз күйге енеді. Есте сақтау қабілеті төмендеп, көз жанары нашарлайды. Tik-tok тек адам психологиясы мен денсаулығына ғана қауіп төндірмейді, тіпті оның санасына бұрмаланған құндылықтар жүйесі мен керексіз мағлұматтарды сіңіру мүмкіндігі бар. Ал балалар көзі көріп отырған дүниені қабылдай алмайды. Себебі олар ересек адамның көмегінсіз көргендерін түсінбейді. Өзі жасап жатқан әрекетінің салдары қандай боларын да білмейді. Сондықтан да Tik-tok болмысы қалыптаспаған балалар үшін қауіпті болуы мүмкін.
Айсәуле Шәйділдаева, ата-ана:
– Бүгінде Tik-tok балаға теріс әсер етуі мүмкін деген қорқыныш әлеуметтік желілердің біз үшін жаңа құбылыс екендігімен байланысты болып отыр. Қоғамның да қателігі де сол, кез келген жаңашылдыққа тосырқай қарайтындығымызда. Ал бұл балалардың нені көріп, немен айналысып жатқанынан хабарсыз болуымызға себеп. Мұның алдын алу үшін олармен бірге тик-токқа тіркеліп, өз қажеттілігіңізге қарай пайдалану қажет секілді. Сол арқылы баланы қадағалауға мүмкіндік аласыз. Өз басым Tik-tok-қа екі қызым үшін тіркелдім. Парақшаларына жүктеген әрбір видеосын қарап отырамын. Кейде олармен бірге билеп, ән айтып видео түсіреміз. Бұл әрекетім көпшілікке оғаш көрінуі мүмкін, бірақ мен осылай қыздарымның қызығушылығына қолдау білдіргім келеді.
Балаға әлеуметтік желіні қолдануға түбегейлі тыйым салу мүмкін емес. Бірақ смартфон экранындағы фильтрі бар ақпаратты алуға толықтай мүмкіндік бар. Баланың қолына смартфон ұстатқан әрбір ата-ана осындай нұсқаулықты ескеруі қажет. Қамқорлық пен махаббатқа бөленген бала виртуалды әлемге қызықпайды. Сондықтан олардың бос уақытын желіде емес, отбасымен өткізуіне жағдай жасау маңызды. «Тәрбие тал бесіктен басталады» демекші, өркениетті қоғамға ілесе алатын ұрпақ тәрбиелелеу жолында балаңызды Tik-tok-тың қолжаулығы етпей, оның бойына рухани құндылықтарды да сіңіруде немқұрайлылық танытпауымыз керек.
А. ЖҮСІПОВА