Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Сырғанақтағы сейіл

Сырғанақтағы сейіл

Қытымыр қыстың да адам көңілін көтеретін тұстары бар. Алғашқы қар жауғанда бүлдіршіндер одан аққала тұрғызып, асыр салады. Ал адамдар көп жүрген жерден ысылып сырғанақ мұз пайда болса, оның үстімен ересектер де еріксіз сырғанап өтеді. Бұл тек әуесқой спортшылар ғана емес, қарапайым тұрғындардың да мұз үстінде жүйіткуге деген құмарлығын көрсетсе керек.

Осыны ескерген жергілікті кәсіпкер жаңа жыл қарсаңында аудан орталығынан мұз айдынын ашып, жұртшылықты қуантты. Әсіресе жастар жағы бұл жаңалыққа дән риза.

– Мен қазір Ақтөбе қаласында білім алудамын. Қалада коньки тебуге күнара барамын десем артық айтқаным емес. Қыстың қызығы осы ғой. Ауылға демалысқа келгенде мұз айдыны ашылғанын естідім. Әрі-беріден соң, қызығынан бұрын денсаулыққа пайдасы орасан емес пе?! Осы үшін іскер ағаларға рахмет айтқым келеді, – деді мәнерлеп сырғанаудың ілімін алған Абзал Досжанов.

Мұз айдынына кіру бағасы көңілге қонымды. Мәселен, 30 минут бой сергітемін десеңіз 300 теңге ақы төлейсіз. Ал бір сағат сырғанағаныңыз үшін 500 теңге. Бұл қаражат сәйкесінше коньки санын толықтыру мен оларға жөндеу жұмысын жүргізуге жұмсалады. Сондай-ақ, мұзға арналған аяқ киімін өзімен бірге әкелген азаматтар үшін уақыт жағынан шектеу қойылмайды.


Кәсіп иесі әсіресе жастардың денсаулығы үшін алаңдайтынын айтады. Мұз айдыны да жас бүлдіршіндер көбірек қозғалыста болса деген ниеттен туған.

– Балалар бос уақытын тиімді пайдаланса екен деймін. Себебі, олар мектептегі сабағына барып келген соң компьютерге немесе телефонына үңіліп, кешті батырады. Жұмысбасты ересектерді де салауатты өмір салтынан ажырамауға септігін тигізеді деп ойлаймын. Қазіргі таңда 50 коньки бар. Мұз айдыны да сонша адамға шақталған, – дейді Бауыржан Ақниет.


Айта кетейік, аталмыш мұз айдыны күндізгі сағат 14:00-ден бастап келушілерді қабылдайды. Аудандағы бұқаралық спорт түрін дамытуға мейлінше өз үлесін қосып жүрген кәсіпкердің ісіне біз де сәттілік тіледік.

Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ
04 қаңтар 2019 ж. 1 197 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930