Әлеуметтік желі әлегі
Бүгінде әлеуметтік желі адам өмірінің ажырамас бөлігіне айналды десек қателеспейміз. Желі негізінен көпшілік арасындағы белгілі бір арақашықтықты жақындатуға, виртуалды қарым-қатынас құруға, жаңа дос табуға және ақпарат алмасу мақсатында құрылған. Ал қазір түрлі сипатқа ие. Яғни әр қилы мазмұндағы, мақсаттағы интернет платформалардың көптігі оны қолданатын адамдар тобының күрт өсуіне әкеліп отыр.
Статистикалық мәліметтерде, бүгінгі таңда әлем бойынша әлеуметтік желілерді 4,14 миллиард адам пайдаланады екен. Бұл жер халқының жартысынан көбі. Көрсеткіш 2019 жылдың осы уақытқа сәйкес кезеңмен салыстырғанда 12,3%-ке өсті. Орташа есеппен адамдар желілерде 2 сағат 29 минутты өткізеді. Бір қолданушы 9 әлеуметтік желіде тіркелген. Пайдаланушылардың 40%-і жұмыс істеу үшін әлеуметтік медианы пайдаланады. Ең көп қолданылатын платформа қатарында Youtube, Instagram, Vkontakte, Twitter, Facebook, Whatsapp, Telegram, Tiktok және тағы да басқасы бар. Аталған желіні еңкейген қариядан, еңбектеген балаға дейін қолданады десек қателеспейміз. Бірақ «Осы біз әлеуметтік желіні дұрыс қолданып жүрміз бе?» деген сұрақ туады. Кейбір адамдар смартфон мен гаджеттерді және ондағы тіркемелерді ешқандай мақсатсыз, уақыт өткізу үшін қолдануда.
Әсіресе жастардың сол желілерді пайдалану аясы әлдеқайда жоғары. Жастар үшін өз-өзін дамытып, кейбір дүниелерге көзқарасын білдіруге мүмкіндік береді. Жаңа таныс тауып, тіпті жақын достасады. Бірақ желідегі байланыс қоғаммен тікелей қатынас жасауына ықпал ете алмайды. Сонымен қатар балалардың өмірлік жолын таңдаудағы тұлғалық болмысына виртуалды әлемде шектен тыс уақыт өткізуі кері әсер етеді.
Әйтеке би кентінің тұрғыны Айсәуле Шәйділдаева: «Әлеуметтік желі күн санап қоғамның айықпас дертіне айналуда. Себебі, адамдар арасындағы байланыс, бетпе-бет қарым-қатынас, сөйлесу ұмытылуда. Оның үстіне сананы тұрмыс билеген уақытта жұмыстан шаршап келген ата-ана балалардың у-шуынан арылу мақсатында қолына смартфон беріп, басқа бөлмеге кетуін қалайды. Осы арқылы бүлдіршінді өздері ұялы телефонға тәуелді еткенін байқамайды. Кейбірі өздерінің жалғыздығын осы виртуалды әлеммен алмастырады. Ешкімге кедергі келтірмеуді ойлағандықтан және ортақ мүдделері бар таныс табу мақсатында түрлі желіге тіркеледі. Сол арқылы әлеуметтік ортаны кеңейтіп, қызығушылығы ортақ адамдармен түрлі тақырыпта сұхбат құруға болады», – дейді.
Әйтсе де виртуалды достың бәрі біз ойлаған адам болмауы да мүмкін. Әлеуметтік желідегі достар өмірлік мәселелердің шешімін табуға кепіл бола алмайтынын түсіне бермейміз. Себебі, желі адамдарды теріс іс-әрекетке итермелеп, психологиялық шабуыл жасайды. Олардың сеніміне ие болу арқылы түрлі арандатушылыққа жол беріп жатқан оқиғалар да аз емес. Мысалы, осыдан бірнеше жыл бұрын «Вконтакте» желісі арқылы жасөспірімді түрлі тапсырманы орындауға шақырып, соңында өз-өзіне қол жұмсауға дейін жеткізген «Синий кит» ойынын ешкім әлі естен шығармады. Осы секілді түрлі ойындағы тапсырмалар арқылы жастардың санасын улап, тіпті үлкендерді арандатушылық әрекетке итермелегенін көз көріп, құлақ естіді. Қаншама отандасымыз әлеуметтік желілердің тікелей құрбаны, яғни лаңкестік топқа тіркеліп, туған жері мен отбасынан, жақындарынан алыстап, болашағына балта шабуда. Бұл да желінің жағымсыз тұсы.
Уақыт өте келе әлеуметтік желі қарым-қатынас құруға арналған жай платформа емес, күнделікті қоғамдағы түйткілді мәселелерге, оқиғаларға пікір білдіретін ортаға айналуда. Ойын жеткізіп, көзқарасыңды таныту, әрине, дұрыс. Бірақ ол жүйелі, мәдениетті пікір болса. Аты айтып тұрғандай әлеумет жиі жиылатын ортада айтылар сөз, әрбір жазба мәдениетті, сауатты жеткізілуі қажет. Себебі сіздің пікіріңіз жеке адамға, қала берді біртұтас қоғамға ықпал ететіндігін ұмытпаған жөн. Сонымен қатар жарияланған ақпаратқа жауапкершілік танытып, сақтықпен қараған дұрыс. Қазіргі қоғам әлеуметтік желіні ақпарат тарататын дереккөз емес, тәрбие құралы ретінде қарастыру қажет. Желіде жағымды жаңалық көп болса, адамдардың жаны соншалықты жақсы, ғибратты дүниелермен сусындар еді.
А.ЖҮСІП