Қызылордада карантин талаптарына байланысты жаңа қаулы бекітілді
Қызылорда облысында карантин талаптарына байланысты жаңа қаулы бекітілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Жаңа қаулыда облыста 2021-2022 оқу жылында білім беру ұйымдарында коронавирустық инфекцияның алдын алу жөніндегі санитариялық-эпидемияға қарсы және санитариялық-профилактикалық іс-шараларды жүргізу тәртібі қарастырылған. Облыстағы барлық меншік нысанындағы және ведомстволық бағыныстағы білім беру ұйымдарында штаттық форматта оқуға рұқсат етілді. Осыған орай ерекше талаптар қойылады. «Атап айтқанда, педагогтар толықтай вакцина алуы тиіс. Сондай-ақ, ұйымға кіру кезінде «Ashyq» қосымшасын енгізу, 18 және одан жоғары жастағы білім алатын келушілерді QR-код (check-in) бойынша тіркеу, маска режимін сақтау талабы ескерілген. Оған қоса санитайзерлердің, тері антисептиктерінің, дезинфекциялау және жуу құралдарының жеткілікті қамтамасыз етілуі, педагогтардың, персоналдың және білім алушылардың күнделікті «кіру» сүзгісі арқылы өткізілуі және олардың ішінде дене қызуы жоғарылар анықталған жағдайда шектеу қою талабы қарастырылған. Ал бұқаралық іс-шараларды өткізуге тыйым салынады. Мектепке дейінгі және орта білім беру ұйымдарында топтар мен сыныптарды біріктіре отырып іс-шаралар өткізуге болмайды», - деді облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Әлия Әбдіқайымова. Өңірде коронавирусқа қарсы вакцинация алған студенттер жатақханаға орналастырылады. Ал оқу орны бойынша аумақтық медициналық ұйымдардың егу пункттерінде COVID-19-ға қарсы вакцинациялаудың толық курсын (екінші компонентпен) аяқтамаған студенттерге екпені толық алуы талап етіледі.