Студенттер міндетті түрде Ashyq қосымшасын пайдалануы керек
Студенттер міндетті түрде Ashyq қосымшасын пайдалануы керек. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«ЖОО мен колледждердің дәстүрлі оқыту форматына көшуі кезінде тұрақты медициналық қарсы көрсетілімдері бар, сауыққаннан кейін үш ай ішінде ауырып жазылған адамдарды қоспағанда, педагогтер мен қызметкерлерді, жатақханалар мен асханалар персоналын, 18 жастан асқан студенттерді 100 пайыз вакциналауды қамтамасыз ету қажет. Коронавирус инфекциясы таралуының алдын алу мақсатында оқу орындарына, кітапханаларға және жатақханаларға кірген кезде міндетті түрде Ashyq қосымшасын пайдалану керек», - деді министр. Бұған қоса Алексей Цоц санитариялық-эпидемияға қарсы іс-шараларды сақтау және жатақханаларда тұру жағдайларына бақылауды күшейту, бұқаралық іс-шаралар өткізуге тыйым салу қажеттігін баса айтты. «Осыған байланысты облыстардың, Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларының әкімдіктері мониторингілік топтардың жұмысын, қажетті дезинфекциялау құралдары мен санитайзерлердің қорын уақытылы сатып алуды ұйымдастырып, қамтамасыз етуі, оқу корпустары мен жатақханалардың дайындығын және Ashyq қосымшасын пайдалануды қамтамасыз етуі қажет», - деді ол.