Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы

Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы

Ұлт болашағы үшін ең нәзік, ең жауапты сала – білім мен ғылым. Ахметше айтсақ, «Осы замандағы жан таңырқарлық нәрсенің бәрі де ғылыммен табылған. Адам баласын көкте құстай ұшқызған, суда балықтай жүздірген – ғылым. Дүниенің бір шеті мен екінші шетіне шапшаң хабар алғызып тұрған – ғылым, от арба, от кемелерді жүргізген – ғылым». Қазақ даласы талантқа кенде емес. Туған жерден түлеп ұшқан білім жолын қуған азаматтар қаншама. Самал Дәрібайұлы – әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің доценті, филология ғылымдарының кандидаты. Жақында Қазалының дарынды перзентімен сұқббаттасудың сәті түскен еді.
– Балалық шағыңыз туралы айтып өтсеңіз... Өнерге баулыған кім?
– Осы қасиетті топырақта, нақтырақ айтар болсам, Жанқожа батыр атындағы ауылда дүниеге келдім. Бал дәурен балалық шағым да осында өтті. 1988 жылы ауылдағы №94 орта мектепті тәмамдадым. Кім-кімге де өзінің туған жері, өскен ортасы ерекше ыстық қой. Мен де сол күндерді сағынышпен еске аламын. Дүниеге әкеліп, тәрбиелеп өсірген ата-анамның да мәңгілік мекені осы топырақта.
Менің өмірімдегі ең аяулы жанның бірі – алғаш қолыма қалам ұстатып, әріп танытқан Күләнда ұстазым жақында дүниеден озды. Жалпы, адамның қалыптасуына, дүниетанымына өскен ортасы, білім алған мектебі үлкен ықпал етіп, бағыт-бағдар береді. Қай жерде жүрсем де Әзілхан, Жаңабай, Шүйіншәлі, Нұрбай және Ұлмекен, Гүлшат, Айзада есімді ұстаздардың, әдебиет әлемінің есігін ашып берген Несібелі, Жолдас сынды мұғалімдердің жарқын бейнелері жүрегімде. Өкініштісі, бұл ұстаздарымыз қазір жарық дүниеде жоқ. Өмірде кездейсоқ ешнәрсе болмайды, қазіргі азды-көпті жеткен жетістігіміз алдымен Алланың, ата-анамның және осы ұстаздарымның еңбегі екенін ешқашан естен шығарған емеспін. Ауыл тәрбиенің тал бесігі ғой. Халықтық педагогиканың небір ғажап үлгісін кешегі ауылдағы қазыналы қарттардың сөзінен, апа-әжелеріміздің өнегесінен де алдық. Бұл – ауылда күні бүгінге дейін жалғасын тауып келе жатқан дала академиясының асыл арнасы.
Мектеп бітіргеннен кейін қазіргі әл-Фараби (бұрынғы С.Киров) атындағы Қазақ ұлттық университетінің филология факультетіне оқуға түстім. Сөз өнеріне, әдебиет әлеміне деген қызығушылығымды оятқан ұстаздарымды жоғарыда атадым. 10-сынып оқып жүргенде қазақ тілі мен әдебиетінен ең алғаш рет өткізілген Республикалық олимпиадаға қатысып, жүлдегер болуым да болашақ осы мамандықтың қыр-сырына терең үңілсем деген арманға жетелеген болуы керек.
– «Ұлттық мектепті» қайта жаңғырту мүмкін бе? Ұлттық мектептің қазіргі білім ошақтарынан ерекшелігі неде?
– Бұл сұрағыңызға бір-екі ауыз пікірмен жауап беру қиын. Кезінде Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, М.Дулатов, Ж.Аймауытов, М.Жұмабаев сынды алаш арыстары қазақ баласы елін сүйетін, мемлекетшіл тұлға ретінде қалыптасуы үшін оқу-ағарту жүйесі үдерісінің дұрыс жолға қойылуына ерекше мән берді. Себебі кез-келген елдің болашағы тек оқыған, білімді ұрпақпен ғана баянды. Қазақ зиялылары осы ретте өзінің ұлттық құндылықтарын, тілін, дәстүрін сақтап, білім мен техниканы дамытып отырған елдердің іс-тәжірибесін зерттегені, үлгі қылып алар тұстарын ой елегінен өткізгені белгілі. Яғни ұлттық мектеп деген ұғым тек тілдік фактормен ғана өлшенбейді. Болашақ мектеп бітіруші түлектің кәсіби маман ғана емес, жақсы адам болып қалыптасуы аса маңызды. Білім мен біліктің парқы бар. Ұлы ұстаз әл-Фараби «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» деп бекер айтпаса керек. Қазіргі қоғамда болып жатқан кейбір келеңсіз жайттар адамдардың білімсіздігінен болып жатқан жоқ. Сондықтан, ұлттық мектепте ғасырлардан жалғасып келе ата-бабаларымыздың аманатына, өмірлік ұстанымдарына ерекше мән беріледі. Мысалы, 1993 жылы көрнекті ұстаз-ғалым Алма Қыраубаевның «Сенім» бағдарламасы негізінде ашылған мектептегі іс-тәжірибелер осы сөзімізге толық дәлел болады. Бұл мектепте мемлекеттік стандарт бойынша бекітілген пәндерден бөлек «Ислам мәдениеті», «Ежелгі дәуір әдебиеті», «Қыз әдебі» сияқты сабақтар өтетін. Оқушылар үзіліске күйдің немесе әннің сазымен шығатын. Әннің (күйдің) тарихы, авторы туралы деректер қабырғаларға ілініп, оқушылардың танысуына мүмкіндік жасалынатын. Яғни, үзілістің өзі ұлттық құндылықтарды білуге бағытталды. Бұдан басқа «Лездеме тақта», «Хат» т.б. көптеген тәжірибелер болды. Бұл мектеп өкінішке қарай қазір жоқ, бірақ іс-тәжірибесін дамытып отырған білім ошақтары бар.
– Тәуелсіздік жылдары елде қиындық көп болды. Мемлекет боп қалыптасу барысында түрлі салада дағдарыстар жүріп жатты. Ағартушылық, педагогика саласында қандай қиыншылықтар болды?
– Иә, тәуелсіздікті алған алғашқы жылдары еліміздегі қай салаға да оңай болған жоқ. Қиындықтар болды. Бұл оқу-ағарту саласын да айналып өтпегені белгілі. Сол қиын-қыстау шақта отбасын асырау үшін адамдардың көпшілігі мамандықтарын тастап кетуге де мәжбүр болды. Бірақ, өз ісіне жан-дүниесімен берілгендер қиындыққа шыдап, тіпті айлап, жылдап жалақы алмай да қызметтерін адал атқарды. Бұл ұстаздар қауымына да қатысты. Әрине, айтуға ғана оңай. Тақтаға жазатын бордың өзін оңайлықпен таба алмай қиналған мұғалім, мектепке баратын баласына кітап-дәптер таппай қиналған ата-ана – осыдан жиырма бес-отыз жыл бұрын көз алдымыздан өткен көріністер. Сондықтан, дәл осындай күрделі, сыналар шақта жасымай еліміздің нығайып, тәуелсіздігіміздің тұғырлы болуына аянбай еңбек еткен жандарды бүгінгі күннің қаһармандары дер едім.
– Тәуелсіздікке отыз жыл. Ұлт ретінде неден ұттық, неден ұтылдық?
– Биыл тәуелсіз ел болып, туымызды желбіреткенімізге – отыз жыл. Жеткен жетістігіміз де, игере алмай жатқан тұстарымыз да жетерлік. Ұтқанымыз бен ұтылғанымыз бар. Мұның бәрі көз алдымызда өтіп жатыр.
Мемлекеттің мықты болуына әр адам мүдделі. Қазіргі жастар – тәуелсіздік алған жылдары дүниеге келген азаматтар. Олардың білімге деген ынтасы қуантады. Соңғы жылдары жастардың техникалық ғылымдарға деген қызығушылығы артып келеді. Бұл – құптарлық дүние. Бізге болашақ жаңа заман технологияларын меңгерген мамандар керек. Яғни, өзіміз бір дүниені ойлап тауып, өндіріске кіргізсек және оны тұтынсақ қана толыққанды дамуға жол ашылады. Мен гуманитарлық саланың маманы болсам да, осы мәселеге назар аударамын. Себебі, біздің бай тарихымызды, әдебиетіміз бен мәдениетемізді әлем танып, санасу үшін экономикамыз қуатты, технократтық бағытымыз айқын болуы керек. Әлемдік нарықта жетекші орынға ие болып отырған корей, жапон техникасын қазір бәріміз күнделікті тұтынатынымыз жасырын емес. Олар өздерінің ұлттық руханиятына сызат түсірген жоқ, қайта жандандырып, жаңа сапаға көтеріп отыр. Бұл мысал, бірақ ол бізге арман болып қалмауы керек.
– Қазір отбасы институтының қадірі кетіп, құндылық ауысуда. Ажырасу, балалардағы суицид, отбасыда жасалатын қылмыс та көп. Сарапшылар болашақта адамдар балалы болудан бас тартып, тек өздері үшін өмір сүретін болады дейді. Отбасы құндылығын қалай сақтаймыз?
– Рас, саяси-қоғамдық, отбасылық институттардың қазақ тарихында қандай маңызды рөлге ие болғандығын білеміз. Билер, батырлар, жыраулар институтын айтпағанда, әжелер, жеңгелер институтының өзі тәрбиенің өзегі, құт берекені сақтаған қасиеттің бұлағы еді. Қазір олар түрлі факторлардың әсерімен өз қызметін тоқтатты немесе әлсіреді. Осы бірнеше іргелі институттың берген тәрбиесін, дәстүрін, өнегесін беру, оның функцияларды жүзеге асыру өкінішке қарай бүгінде ата-ананың, тіпті көп жағдайда тек мұғалімнің ғана жауапкершілігінде қалып қойды.
Қойып отырған сұрағыңыздағы жағдайлар қайталанбас үшін тұтас қоғамның жауапкершілігі керек. Өз-өзіне қол жұмсау, ажырасу – бүгінгі қоғамдағы жанды ауыртып, өзекті өртейтін дүние. Бұрын анда-санда ел ішінде бұндай жағдайларды естігенімізбен, қазақ қоғамы бұған дейін мұндай мәселелермен бетпе-бет келмеген. Әсіресе, соңғы жылдары шаңырақ құрған жастардың ажырасуы жиілеп кетті. Тәрбиенің темірқазығы болып отырған ауылдарда да байқала бастады. Бұл жағдайлар неге белең алып бара жатыр? Тек қана материалдық қиындықтардан, жетіспеушіліктен бе, әлде басқа да себептері бар ма? «Отан отбасынан басталады» дегендей, егер отбасының шаңырағы шайқалса, бұл тек тәрбие институтының ғана емес, тұтас мемлекеттік деңгейдегі күрделі мәселенің біріне айналмақ. Ол үшін осы бағыттағы құзырлы мекемелердің сараптамалық зерттеулері, ұсыныстары керек-ақ...
– Әдемі әңгімеңіз үшін рақмет!

Сұқбаттасқан Дина БӨКЕБАЙ
03 тамыз 2021 ж. 3 782 0

Қазақстанда күн жылынады

25 желтоқсан 2024 ж. 74

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031