Қызылордада биыл 3194 науқас сары аурумен тіркелген
Kyzylorda-news.kz. Биыл сары аурумен 497 адам ем қабылдады. Стационарлы түрде ем алғандар саны 2020 жылы 3476 құраса, ал биыл 6 айда 3194 науқас аталған диагнозбен тіркелген. Ол үшін 2014 жылдан бері арнайы жұмыс жасап тұрған гепатоорталық бар. Бүгінде пациенттерге аталған мекемеден ем-дом жүргізіп, кеңес беріледі. Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында Қызылорда облысының денсаулық сақтау басқармасының бөлім басшысы Раушан Бақтыберлина хабарлады.
Бауыр орталығында бүгінде 4 дәрігер және 3 медбике жұмыс жасайды. Орталықтың басты мақсаты – гастроэнтерологиялық және гепатологиялық көмек көрсету жұмысын ұйымдастыру.
Жалпы, вирустық гепатит – әртүрлі вирустардан туындайтын жұқпалы аурулардың үлкен тобы. Гепатитте бауыр зақымданады. Барлық гепатиттердің ішінде А вирустық гепатиті жиі кездеседі. Онымен тек адамдар ғана ауырады және вирус тек адамнан адамға ғана жұғуы мүмкін.
«Вирус бөлшектері қолды жумай, тамақ жеп, су ішкенде адамның асқазан-ішек жолдарына ену арқылы жұғады. Науқастану үшін вирустың шағын бір бөлшегі де жеткілікті болып есептеледі. Сондықтан, жеке гигиена мен қоғамдық гигиенаны сақтау қажет. Әсіресе, қайнатылмаған теңіз өнімдері мен мұздатылған көкөністер мен жеміс-жидектер жеу кезінде абай болу керек. Вирустық гепатиттің негізгі симптомы терінің сарғаюы болғанымен, аурудың симптомсыз өтетін кезі де болады. Аурудың жақсысы жоқ. Сол себепті уақытында гепатитке қарсы екпе салдырған жөн», – деді Р.Бақтыберлина.