Қуаңшылық қамсыздықты көтермейді
Қазір қос аудан шаруалары қиын күндерді бастан өткеруде. Ауылдағы ағайын сүтін сауып ішіп отырған қорадағы жалғыз малынан айырылды. Өйткені төрт түлікке нәубет келді. Жердің оты кетіп, күн көзіне күйді. Бұрқырап аққан бұлақтардың байырғы күйін көру мұң болды да, арналарда ақыры су қалмады. Мыңғырған малы бар қожалық иелерінің түгі кетпейді деген қаңқу сөз естіледі. Бірақ өңірдегі төрт түліктің басым бөлігі солардың қорасында болғандықтан, шығын қаттырақ байлардың шымбайына батып жатыр. «Батыр бір оқтық, бай бір жұттық» деген тәмсіл де осы сөзімізге дәлел бола алады. Енді қайтпек керек?
Бүгінге дейін ауылшаруашылық министрлігі мәселені біржақты ете алмағаны көзге көрініп тұр. Жұрт сұраған төтнже жағдай да жарияланбады. Өңірдегі басшылық қолдан келгенді жасап бақса да аздық етіп отыр. Содан келіп Сыр өңіріндегі әрбір аудан ағайын басына түскен қиындықты бөліспекке бекінді. Артық жем-шөпті қос ауданға арзан бағада, кей жағдайда тегін жеткізіп берді. Бірақ мұның өзі төрт түліктің қыстан шығуы былай тұрсын, оған дейін қоң жинауына жетпейтіні жиі айтылып жүр. Сон-соң сырбойылық ағайын асарлатуға көшті.
Асарлатып көмек беруді қазір еріктілер еңбегі десек жарасады. Өткен айдан бері өңір басшысы барлық елдімекен тұрғындарын қыстық шөп қорын жасақтауға осы бастан кірісу керек екенін ескерткені есімізде. Жақында елге келген Парламент Мәжілісінің депутаттарының да мәселенің шешімі ретінде айтып кеткен амалы осы – жаппай шөп ору науқанын ұйымдастыру. Бұл жайында аудан әкімі Мұхтар Оразбаев: «Қазіргі таңда жем-шөпті үйімізге әкеліп береді деп қарап отыруға болмайды. Қуаңшылық тек қана біздің өңірімізде орын алып отырған жоқ. Сондықтан әркім осы бастан әрекет жасауы керек. Біз шаруашылық басшыларымен егістік басындағы шөпті орып алуға, күріш орағынан кейін қалатын сабанды жинауға келісіп отырмыз. Енді әр ауылдан бригадалар дайындап, осы шөпті ору қажет. Өзіне қажеттісін алып, ауысқанын ауылдағы ағайындарға сатса да болады. Бұл бір жағынан уақытша кәсіп. Бірақ бағасы халыққа қолжетімді болуы қажет, – деген еді.
Бұдан бөлек біз қуаңшылыққа байланысты өз тарапымыздан қолдан келген жұмыстарды атқарып жатырмыз. Кеше ауданға келген Мәжіліс депутаттары мен ауыл шаруашылығы министрлігінен келген өкілдің назарына елдегі жағдайды көрсеттік. Олар енді біздің аудандағы жағдайды Үкіметке жеткізіп, шаруаларды қолдау шараларын қарастырады», – деген еді. Аудан басшысының алға қойған жоспарын іске асыруда жергілікті ауқымды жер иеленушілер мәрттігін айтпай кетуге болмайды. Қиын-қыстау кезеңде өз жеріндегі қаулай өскен пішенді орып алуға рұқсат берген. Тек оны орып, мұқтаждарға жеткізіп беруді қолға алатын жігіттер табу керек еді.
Бірер күн бұрын жақсылыққа жаны құмар аудан жастары осы істі аяқтауға бекінді. Түрлі салада еңбек етіп жүрген азаматтар мен ерікті жастар қуаңшылықтан қиналған Қарақұм беткейдегі ағайын үшін шөп ору науқанын бастады. Ала таңнан бастау алған ауқымды шарада Жалаңтөс батыр ауылының жастары белсенділік танытқанын айтпай кету сын. Берекелі бастамаға аудан басшысы да арнайы келіп, шөп оруға атсалысты.
Ерікті жастарды сауапты іске жұмылдырып, аурды жеңілдетуге күш салып жүрген жастар ресурстық орталығының аға кеңесшісі Нұрбек Ақпанбетов жақында жұмыссыз жастардан еңбек жасаған құратындарын айтты. Бұл алаңдағы тірліктің тұралап қалмауына септесетінін айтады.
Бүгінде қуаңшылықтан қиналып жатқан қос аймаққа елдің түкпір-түкпірінен көмек барып жатыр. Ал Арал мен Қазалы аудандарына көрші орналасқан жеті аудан шөп тиелген көлігін жетектеп келсе біраз шығынның алдын алуға болады. Бірлесе көтерген жүк жеңіл екенін үнемі ескеріп жүретін Сыр бойын паналаған жұрттың молшылыққа толы күндері әлі алда екені даусыз. Тек осы нәубетте бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара білсек болғаны.
Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ