Қызылорда облысында төтенше жағдайдың енгізілуіне не әсер етуі мүмкін?

Осы жылдың мамыр айында Арал ауданында жаппай мал қырылуы орын алған болатын. Шаруалар жалпы 500-ге жуық ірі қараларынан айырылғандарын айтып, дабыл қаққан еді. Мамандар зерттеу жұмыстарын жүргізіп, нәтижесінде төрт-түліктің қырылуына шөптің аздығы мен судық сапасыздығы себеп болуы мүмкін деген тұжырымға келді. Қазір өлекселерден алынған сынамалар әлі де зерделеніп жатыр.
"Биыл қыс пен көктемде Арал ауданында жауын-шашын мөлшері жылдағыдан аз болды. Соның кесірінен жайылымдық жерлерде шөп шықпай, малдың қырылуына әкеліп соқтырды. Бүгінгі күні ауданда облыстық ветеринария басқармасының мамандары жұмыс жасап жатыр. Уақытында қолға алынған шаралардың нәтижесінде, мал өлімі тоқтады. Ветеринарлар арнайы сараптамалар жасауда. Судан да сынама тест алынды. Қазіргі күні нәтижесін күтудеміз", - деп мәлімдеді Қызылорда облыстық ветеринария басқармасы басшысының орынбасары Әнуарбек Дәрмағамбетов.

"Қазір Арал ауданы үш категорияға бөлініп тұр: қызыл, сары және жасыл. "Қызыл" аймаққа 13 ауыл кіруде. Мұнда жайылымдық жерлердің 90 пайызы күнге күйіп, жарамсыз болып қалған. Биылғы жаздың аптап ыстығынан мал иелерінен бөлек, бақташылар да жапа шегіп отыр. Егілген егіс күйіп кетіп жатыр. Оның үстіне, Сырдария өзеніндегі судың көлемі де төмендеп кетті", - деді Арал ауданы әкімінің орынбасары Еркін Әбішев.

Қазіргі күні аралдық шаруаларды аудандағы мал азығының жетіспеушілігі де алаңдатып отыр. Жоңышқа мен жем көрші аудандар мен Аөтөбе облысынан тасымалдануда. Күні бүгінге дейін 1000 тонна жоңышқа мен 40 тонна жем жеткізілген. Өзекті мәселені шешу үшін ұдайы ауыл шаруашылығы жәрмеңкелері ұйымдастырылып тұрады.
"Қазір үш аумақтың да топырақ сынамалары зерттеліп жатыр. Егер де топырақтың құрамы зертханалық түрде дәлелденсе, облыстық Төтенше жағдайлар департаменті құжаттарды жолдайтын боламыз. Аудан көлемінде төтенше жағдай жарияланып, тиісті шаралар жүзеге асатын болады. Ең бірінші кезекте 17 каналды тазартып, жайылымдық жерлерге скважин құбырларын жүргізу қолға алынатын болады", - деп атап өтті Еркін Әбішев.